Тәжірибелік кездесулер – сапалы маманның кепілі

image.png

Шымкент қаласында көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарына арналған бірқатар тәжірибелік-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралар 2025 - «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізілді. Негізгі мақсаты – көлік саласы қызметкерлерінің еңбегін насихаттау, кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасуға мүмкіндікті  жасау және үздік мамандарды ынталандыру болып табылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мамандарының хабарлауынша іс-шаралар шеңберінде «NOMAD MOTORS SHYM» ЖШС (KIA ресми дилерлік орталығы) базасында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға «Жол-көлік колледжі» МКҚК-ның әкімшілік өкілдері, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері, колледж білім алушылары және талапкерлер қатысты. Қатысушыларға өндірістік үдерістер, заманауи құрал-жабдықтар, сондай-ақ автокөліктерге қызмет көрсету мен жөндеудің жаңа технологиялары таныстырылды.

Қалалық білім басқармасының бас маманы Айгүл Рүстемова жұмысшы мамандықтарын дамыту бағытындағы жобалар, мақсатты білім беру тапсырыстары және әлеуметтік серіктестік шеңберіндегі бастамалар туралы мәлімет берді.

Бағдарлама аясында «Автокөлікті бояу процесінде қолданылатын жаңа технологияларға шолу» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілмек. Шеберлік сағатын BASF концернінің ұлттық сарапшысы, «COLORFACTORY GROUP» компаниясының техникалық директоры М.И. Романов өткізеді. Іс-шара барысында қатысушылар автокөлік сырлау саласындағы заманауи химиялық және технологиялық шешімдермен танысады.

Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ, студенттердің болашақ кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға ықпал етеді.

Айта кетейік, атаулы дата ресми түрде 1998 жылдан бері тамыз айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Бүгіндері бұл салада 770 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Алысты жақын етіп, аманатқа сызат түсірмей еңбек етіп жүрген сала мамандарына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Биылғы алты айда Қазақстанда көліктің барлық түрімен 928 млн жолаушы тасымалданып, жүкті жеткізу көлемі 11%-ке артты. Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай қызметте жүрген азаматтардың - ел экономикасын еселеуге қосар үлесі зор.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Наубайхана несібесі
  • Тегін кәсіптік білімді қалай алуға болады?
  • Көлік жөндеп, көпке танылған
  • Құрылысшылар күніне орай колледжде шығармашылық көрме өтті
  • Шымкентте «Абай әлемі» республикалық байқауының финалы өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер