Қазақ қоғамында «еңбек адамы» ұғымы әрқашан ерекше құрметке ие болған. Елдің еңсесін тіктейтін де, шаңырақты шаттыққа бөлейтін де – адал еңбек. Алайда бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар мен цифрлық индустрия дамыған дәуірде қарапайым еңбек иелерінің бейнесі екінші қатарға ысырылып қалғандай. Кеңседе отырып жұмыс істеу, ноутбук пен телефон арқылы табыс табу көпшілікке тартымды көрінуі мүмкін. Бірақ бұл заманда да күн сайын таңмен таласа тұрып, жер жыртып, темір балқытқан, шаң жұтып құрылыс салған, техникамызды жөндеп, жарық пен жылуды қамтамасыз етіп жүрген жандар – нағыз еңбек адамдары. Осы олқылықтың орнын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «жұмысшы мамандар» жылы деп жариялауы толтырып отыр.
Жұмысшы мамандардың қай-қайсысы болмасын қоғамға аса қажетті, еңбегі адал жандар. Айталық, слесарь түрлі өндірістің тоқтаусыз жұмыс істеуіне себеп болатын маман.
Слесарь - бұл тек техникалық дағдыларды меңгерген маман ғана емес, сонымен бірге қоғамның дамуына және техника мен өндіріс саласының тиімді жұмыс істеуіне өз үлесін қосатын маңызды маман. Слесарь - механикалық құрылғылар мен машиналарды құрастыру, жөндеу, сақтау және монтаждау жұмыстарын атқаратын адам. Оның жұмысы өнеркәсіптік өндірістен бастап тұрмыстық қызмет көрсету саласына дейінгі әртүрлі бағытта маңызды рөл атқарады. Бұл мамандық әмбебаптықты қажет етеді: бірде сантехник, бірде механик, бірде шебер болуы керек. Автослесарьлар бүгінде тапты әрі ең қажетті мамандардың бірі. Шымкенттік тұрғын Арман Лесхан бұл мамандықты игергеніне өкінген емес, керісінше мақтан тұтады. Бүгінде ол «Түркістан транспортық компаниясы» ЖШС-де автоселсарь болып еңбек етуде.
Арман – өз ісіне адал, білікті слесарь. Ол күнделікті қажырлы еңбегімен техникалардың ақауын түзеп, өндірістің тоқтаусыз жұмыс істеуіне үлес қосып келеді. Ұқыптылығы мен шеберлігі арқылы әріптестері арасында зор құрметке ие.
Арманның қолынан шыққан әр жұмыс – шынайы еңбектің, маңдай тердің, кәсібіне деген сүйіспеншіліктің белгісі. Осындай еңбек адамдары – ел тірегі, өндірістің жүрегі.
Біздің қоғамымызда Арман секілді мұраты биік, ісі ізгі, ниеті адал азаматтардың арамызда жүргенін кейде байқай бермейміз. Бүгіні берекелі еліміздің ертеңін жарқын қылатын да осындай жандардың жасап жатқан игілігі екенін біз жақсы білеміз.