Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Яғни қоғамда адал еңбек, адал азамат құндылықтарын сіңіру жолындағы жүйелі істер атқарыла бастады. Қазақстан президенті халыққа жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе екенін айтып, бұл экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам деп атады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру қажет. Жұмысшы мамандықтары жылы біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге ықпал ететін болады»,- деді Қ.К.Тоқаев.
Еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру биылғы алға қойылған жоспарлардың бірі.
Еліміздің барлық, яғни 20 өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Сондай-ақ, негізгі мемлекеттік органдар, яғни 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген "Жұмысшы мамандықтары жылын" өткізу жөніндегі салалық жоспарларын әзірледі.
Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп ел мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады деп жоспардануда.
Айтулы жыл аясында аймақтардағы кадрға қажеттілік ескеріле отырып, барлық өңірлерде "Жаңа кәсіптер атласы" әзірленуде. Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
"Жұмысшы мамандықтары жылын" өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады. Соның бір тармағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға арналған. Яғни: оқу бағдарламаларын жаңарту, бизнес пен колледждер арасындағы өзара байланысты күшейту, дуалды оқытуды енгізу және ірі кәсіпорындар базасында индустриялық-білім беру кластерлерін құру болып табылады.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беретін колледжердің жұмысы одан әрмен жандана түсіп, көптеген жаңашыл бастамалар қолға алынуда. Мұндай бастамалардың басты мақсаты сапалы жұмысшы мамандарын даярлау, еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету болып табылады.
95 орындық жатахана салынуда
Үшінші мегаполистегі жұмысшы мамандықтарды сапалы даярлап келе жатқан оқу орнының бірі – Сайрам елді мекенінде орналасқан Шымкент аграрлы-техникалық колледжде биыл оң өзгерістер көп. Мекеме «жұмысшы мамандықтар жылында» айтулы жетістіктерді бағындырып, бітіруші мамандарын жұмыспен қамтуда белсенділік танытып келеді. Аймақта кәсіптік-техникалық жұмысшы маман иелерін оқытатын арнаулы оқу орнының 67 жылдық тарихы бар. Бүгінгі таңда қажетті деген 10 мамандық 13 біліктілік бойынша 1700-ге тарта студент білім алуда. Атап айтқанда: дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, тіігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, электр жабдықтары (Түрлері және салалары бойынша), автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану, электрмен қамтамасыз ету (салалар бойынша), ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, ауыл шаруашылығын механикаландыру және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бар. 2024-2025 оқу жылында колледжтен 9 сынып негізінде – 263 түлек, 11 сынып негізінде - 563 түлек түлеп ұшты. Оның ішінде 20 түлек үздік диплом иегері атанған.
Шәкірттердің сапалы білім алуы үшін мекеменің материалдық-техникалық базасының жаңа, толық болғаны абзал. Себебі тек теориялық білім алған студенттің ертеңгі күні білікті маман болуы екіталай. Сол себепті колледж басшылығы оқу базасын заман талабына сай жабдықтауды қолға алыпты. Колледжде 5 оқу ғимараты, 2 оқу шеберханасы және 1 автогараж кешені бар. «Біз қала әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен көптеген жұмыстар атқардық. Біздің басты мақсатымыз - кәсіби білікті сұранысқа ие қабілетті кадрларды даярлау. Кадрлар даярлау ол колледждің техникалық базасын тікелей байланысты. Осыдан үш жыл бұрын ұжыммен ақылдаса отырып, 2026 жылға дейін колледжімізді қаладағы одан қала берді республикамыздағы ең беделді оқу орындарының қатарына енгіземіз деген айқын мақсат қойған болатынбыз. Осы мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Нәтиже де жаман емес. Екі жарым жылдың ішінде колледждің оқу әдістемелік бағытында үлкен іргерілеу жұмыстары көзге көріне бастады. Атап айтқанда, материалдық-техникалық базаны жабдықтау бойынша жаңғырту жұмыстарын жасадық»,- дейді Шымкент аграрлы-техникалық колледжінің директоры Марс Елекеев.
1958 жылы іргесі қаланып, саманмен салынған колледжің басты ғимараты апатты деп танылған екен. 2020 жылы аталған корпусты жаңарту құрылысы басталып, сол жылы пайдалануға берілген. Ал былтырғы жылы қала әкімдігінің қолдауымен 1 миллард 300 миллион теңгеге 72 жылдан бері ауқымды жөндеу жұмыстарын көрмеген 4-ші оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тек ғимараты ғана жаңарып қоймай, ішіндегі оқу жиһаздары да түгел жаңаланыпты. Мекеме директорының айтуынша ғимараттарда инфрақүрылым мәселесі жағынан қиындықтар болған көрінеді. Бұл мәселенің де шешімі табылып, колледждің су құбырлары түгел ауыстырылыпты. Сондай-ақ, кеңес заманында орнатылған ескі ағаш бағаналы электр желілері де талапқа сай ауыстырылған. Қауіпсіздік мақсатында электр желілері жер астымен жүргізілген. Сондай-ақ, қазіргі таңда колледж территориясын абаттандыру жұмыстары қолға алыныпты. Абаттандыру жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Ұйымшыл ұжымның білім саласында жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері мол. Айталық колледж студенті өткен жылы республикалық «Топ 100 студент» жобасының өңірлік сайысында жүлделі 1 орынды иеленіп, республикалық додаға жолдама алған. Аталған сайыста да үлкен марапатпен қайтыпты. Одан кейін республикалық «WorldSkills Kazakhstan 2024» атты кәсіби шеберлік сайысында сантехника құзіреттілігі бойынша аграрлы-техникалық колледжінің студенті 1 орынды жеңіп алған. Колледж атын асқақтатып, білімін дәлелдеген студент енді Дания мемлекетінде 9-10 қыркүйек күні өтетін EuroSkills атты еурочемпионатына қатысуға жолдама алған. Қазіргі таңда шәкірт Астана қаласында республика бойынша бас сарапшымен бірлесе отырып дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Колледж ұжымы білімді студентке үлкен үміт артып отыр. Бұл халықаралық деңгейде талантын көрсетуге үлкен мүмкіндік болып табылады.
Айта кетейік, «WorldSkills Kazakhstan 2024» ұлттық чемпионаты еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген талантты жастарды, сарапшылар мен тәлімгерлерді бір алаңда тоғыстырды. Жас мамандар арасында кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған бұл дода Қазақстанның білім беру саласындағы жаңа жетістіктерді көрсетті. Көптеген күндер бойы қатысушылар 30-дан астам құзыреттілік бойынша өз білімдерін, дағдыларын және шеберліктерін көрсете отырып, жоғары дайындық деңгейін, кәсібилікті және жеңіске деген ұмтылысты дәлелдеді. Бұл чемпионат тек қана кәсіби мамандардың арасындағы бәсекелестік емес, сонымен қатар жастардың болашақта ел экономикасына қосар үлесін арттырудың маңызды кезеңі болды. WorldSkills Kazakhstan 2024 чемпионаты – бұл тек қана кәсіби шеберлік байқауы емес, жастардың өз болашағын қалыптастырудағы маңызды кезең. Қазақстанның болашақ мамандары мен кәсіпкерлері осы секілді шаралар арқылы өз білімдері мен дағдыларын жетілдіріп, халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады.
«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында еліміздегі колледжердің оқу материалдық базасымен қатар жатақхана мәселесін де шешуге жол ашып отыр. Аталған колледждің басты жаңалығы - жаңа оқу жылында студенттер жатақханамен қамтамасыз етілмек. Оқу ғимараты жанынан қазіргі таңда 95 орынға арналған жатақхана салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталып та қалыпты. Тек қажетті жиһаздарды орнату жұмыстары ғана қалған. Мұнда жайлы жатын бөлмелері, жуын бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ, колледждің спорт залы да түгел жаңартылып, қажетті құралдармен қамтамасыз етіліпті.
Мемлекеттік колледждердің студенттеріне оқуын тоқтатпай-ақ ақша табуға мүмкіндік берілген. Яғни жаңа заңнамалық түзетулер колледж студенттеріне оқу-өндірістік цехтар мен оқу шаруашылықтарында өздері өндірген өнімдерді сатуға мүмкіндік береді. Мұндай шара студенттердің оқуға деген қызығушылығын арттырып, ынталандыра түсетіні анық. Мысалы, олар колледж қабырғасында дайындалған тәттілерді, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді сатады. Сондай-ақ «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер өндірістік тәжірибе кезінде темірден конструкциялар жасап, еңбек нарығына шығарады. Яғни тек өндірістік оқу мен тәжірибе кезінде өндірілген өнімдерді сатып, колледж бюджетін толықтыруға мүмкіндік берілген. Бұл қаражатты өндірістік оқытуға арналған электродтарды немесе металды сатып алуға пайдалануға болады. Осы мүміндікті пайдалану мақсатында аталған колледжде кіші кәсіпкерлік орнын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда колледж басшылығы осы мәселеге қатысты құжаттарды әзірлеп жатқан көрінеді. Еген мұндай мүмкіндік берілсе колледжде студенттерге тек қана білім беріп қана қоймай, қосымша кәсіпкерлік дағдыларды үйрету арқылы қосымша табыс табуға жол ашылмақ. Яғни студенттер өзі жасаған бұйымдарын сату арқылы шәкіртақысын, ал өндірістік оқу шеберлері жалақыларын өсіре алады. Сондай-ақ, бұл қосымша қаражат колледждің материладық базасын нығайтуға да үлесін қосатын болады.
Шымкент қаласындағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарыштаған Сайрам тұрғын алабындағы еңбек ұжымдарына сапалы мамандарды даярлап жатқан колледж түлектеріне еңбек нарығында сұраныс жоғары. Бұл бағытта колледж әлеуметтік әріптестермен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Осылайша бәсекеге қабілетті мамандар дарлау ісіне басымдық беріп отырған колледж студенттері шәкіртақымен және ыстық тамақпен қамтылған.
«Техникалық және кәсіптік білім беру саладында үздіксіз қызмет етіп келе жатқаныма 23 жыл болды. Бір сөзбен атқанда бұл сала мені тәрбиелеп өсірді деп айтсам да болады. Жалпы кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің нәтижелі жұмысын көрсететін бірнеше факторлар бар. Біріншісі - сапалы білім. Екіншісі – мықты материалдық-техникалық база мен жүйелі инфрақұрылым. Үшіншісі - оқытушылардың, өндірістік оқу шеберлерінің білікті болуы. Төртіншісі – түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі. Біздің колледж жұмысшы мамандықтарды даярлағандықтан түлектерімізге сұраныс қашанға жоғары. Осы Сайрам елді мекенінің өзінде 70 мыңға жуық халық тұрады. Кіші бизнес, кәсіпкерлік саласы мен орта бизнестің дамыған ордасы деп айтсақ та болады. Сол кәсіпорындар жылдан жылға дамып келеді. Осындағы әлеуметтік серіктестерімізбен тығыз байланысымыз бар. Оқуды бітірген түлектер жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 85 пен 92 пайыз аралығын құрап отыр. Студенттеріміз практика кезінде кәсіпорындарда тәжірибе жинақтаумен қатар қосымша табыс тауып жүрген жайы бар. Қаладағы индустриалды аймақтардың бірінде кеңсе және білім ошақтарына арналған жиһаз өндіретін кәсіпорын ашылды. Олар бізге дәнекерлеуші мамандардың қажет екенін айтып, сұрау салды. Біз өз кезегімізде тиісті мамандарымызды жіберіп, тіпті транспорт жағын да қамтамасыз еттік. Сөйтіп, ірі кәсіпорынның сұранысын қанағаттандырдық. Қазіргі таңда өндірістік оқу тәжірибеден өту үшін студенттер кәсіпорынды таңдайтын дәрежеге жетті. Яғни бұрынғыдай мекеме студенттерді демес, студенттер жұмыс берушіні таңдауда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы техникалық және кәсіптік білім беру саласына тың серпін бергені анық. Әлемдік практика көрсетіп отырғандай экономикасы өте дамыған елдер осы салаға үлкен көңіл бөледі. Яғни осы салаға қаншалықты көп көңіл бөлсеңіз, елдің экономикасына жұмыс жасап жатқан жұмысшы кадрлардың біліктілігі, сапасы соғұрлым жоғары бола береді. Көптен бері айтылып жүрген мәселенің Мемлекет басшысы нақты нүктесін қойып берді. Биылғы жылы біздің саламыз бұрын соңды көрмеген, бұрын соңды сезінбеген назарға ие болды. Оның куәсі ретінде біз осы жылдың ақпан айында бас қалада өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» деген фестивальге барған кезде көрдік. Жалпы еліміздегі үлкен мемлекеттік, жеке меншік компаниялар барлығы сол фестивальге қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін, бізбен байланыс деңгейлерін көрсеткен кезде республикалық масштабтағы қамқорлықты көрдік. Сол іспеттес қаламызда да колледждерге жасалып жатқан үлкен өзгерістер - қала әкімдігінің, басқармалардың атқарып отырған нәтижелі жұмыстарының арқасы деп білемін. Жалпы бұл сала көп көңілді қажет ететін сала»,- дейді Марс Атымтайұлы.
Колледжде студенттердің қауіпсіздігі де басты назарда. Осыған байланысты оқу орнының кіре берісінде арнайы бақылау бекеті орнатылса, жалпы аумағы 6 гектардан асатын оқу орнының ғимараттары толықтай бейнебақылау жүйесіне қосылған.
Колледжде әсіресе, сантехник мамандығына арналған барлық қажеттіліктер осы бір сұранысқа ие мамандықты толық меңгертуге мүмкіндік беріп отыр. Одан өзге мамандықтарға қатысты колледж кітапханасында жаңа оқулықтар және әдеби кітаптармен толықтырылған. Ал әрбір оқу ғимаратырның кіре берісіне ағартушы, жазушы және тарихи тұлғалардың суреттері кескінделіп, даналық сөздері жазылған. Бұл өз кезегінде оқу ғимараттарына сән беріп тұр.
Гастрономиясы дамыған шаһарға қажетті мамандарды даярлайды
90 жылға жуық тарихы бар Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты "Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны да Президенттің тапсырмасын басшылыққа ала отырып, жүйелі жұмыс жасауда. Қазіргі таңда нан, макарон және кондитер өндірісі, тамақтандыруды ұйымдстыру, маркетинг, тамақтандыру саласында қызмет көрсету, ұйымдастыру сынды маңызды мамандықтар бойынша кадрлар даярлап жатқан оқу ордасының жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері мол.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «жұмысшы мамандықтар жылы» деп ресми жариялаған болатын. Жолдауда техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау айтылды. Осы бастамалар негізінде оқу орнында көптеген жобалар іске асырылуда. Соның бірі «Жас маман» жобасы. Оның ерекшелігі 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғарғы оқу орындарын жаңғырту және білікті маман кадрларды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізді. Қазіргі таңда біздің мамандықтар сұранысқа ие. Кадрларды даярлауда сенімді ірі әлеуметтік кәсіпкерлік әріптестеріміз бар. Атап айтатын болсақ: «Ладушки», «Мадлен», «Рахат», «Сандық», «Тандыр», «Тары», «Кәусар», «Кәмшат» ЖШС сынды кәсіпорындарымен жұмыс жасаймыз»,- дейді "Тамақтандыру индустриясы және сервис" колледжінің директоры Маржанкүл Жақсықұлова.
Колледждің тарихы сонау 1936 жылдан бастау алады. Тарихы тереңде жатқан мекеме 2021 жылы «Жас маман» жобасына енген оқу орындарының бірі. Осының нәтижесінде оқу ордасы бірқатар қажетті лабораториялық жабдықтармен толыққан. Бастысы осында кәсіптік мамандықтарды игеріп жатқан студенттер үшін үлкен теориялық дәрістер мен практикалық сабақтарды өтуге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Сондықтан мұнда аспаздық және кондитерлік іске қатысты тетіктерден бастап тамақтану саласында қызмет көрсету яғни, мейрамханалар сұранысына сай келетін маңызды мамандықтарды студенттер жан-жақты меңгеріп шыға алады.
«Осы колледже оқып жүріп көптеген жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтадым. «WorldSkills Kazakhstan 2024» чемпионатына қатысып, 4 орынды иелендім. Біздегі білікті мамандар мейрамхана саласына қатысты барлық қажетті білімді беріп келеді. Мысалы мен сервировка жасауды, кофе дайындауды, қонақтарға дұрыс қызмет көрсетуді үйрендім. Сондай-ақ, майлықтарды ораудың түр-түрін меңгердім. Бұл жәй ғана нәрсе болғанымен қонақ күтудің маңызды алғышарттарының бірі болып табылады. Мәселен мейрамханаға бөлек, кафелерге бөлек орау тәсілі бар. Менің ата-анамның қонақ үйі бар. Сол қонақ үйдің ішінде мейрамханасы жұмыс істейді. Оқуымды бітірген соң сол қонақ үйдің жұмысын әрі қарай жандандырғым келеді. Осы мамандықты, осы колледжді таңдауымның себебі де осы»,- дейді студент Дастан Байназар.
Тамақтандыруды ұйымдастыру саласындағы негізгі мамандықтар бойынша жұмыс жасап келе жатқан өнегелі колледж 2024 жылдың қыркүйек айында «Жас маман» жобасы аясында Франция мемлекетінің Париж академиясынан тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша аккредиттеуден өтті. Сондай-ақ, Францияның іргелі колледжімен екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Міне, осындай ауқымды жұмыстар жүзеге асқан колледж студенттерінің өз мамандықтары бойынша жеткен жетістіктері де аз емес.
«Біздің мамандарға сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, елімізде, соның ішінде шырайлы Шымкент қаласында туризм саласы өте қарқынды дамып жатыр. Шаһарда көптеген жаңа, заманауи, туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсете алатын мейрамханалар ашылып жатыр. Соған орай сұраныс өте көп. Әсіресе, мейрахмана сервисі саласында. Біз халықаралық деңгейде, сонымен қатар респубикалық деңгейде түрлі чемпионаттарға қатысып, үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеміз. Бізде жаттығу өндірістік кабинеті бар. Бұл жерде студенттер сабақтан тыс уақытта WorldSkills чемпионатына дайындалады. Бұл кабинет кофемашинамен жабдықталған. Бұл аппаратпен студенттер кофенің түр түрін дайындайды. Чемпионатта классикалық кофеден бөлек міндетті түрде өзінің қиялынан жеке рецебімен дайындалған кофені жасайды. Осыған орай мұнда олар түрлі эксперименттер жасайды. Сонымен қатар, біз кәсіпорындардан бармен, баристаларды оқу орнымызға жиі шақырамыз. Бірге жұмыс жасап осы жерде студентттер өзінің қиялынан технологиялық карталарды жасай отырып, кофелердің түр түрін дайындаймыз. Сондай-ақ шәкірттеріміз кофеден бөлек міндетті түрде барға қатысты классикалық коктейлдер дайындайды. Ол үшін қажетті ыдыс, құрал саймандардың барлығы бар. Мұндағы әрбір ыдыстар, бокалдар әр түрлі сусындарға арналған. Студенттер мұны да ажыратып үйренеді. Мысалы бокалдың аяғы ұзын болса ол салқындатылған сусындарға арналған. Егер бокалдың ұстайтыны болса ол ыстық сусынға арналған. Яғни барға қатысты барлық ыдыстарды сипаттаймыз және өзінің мақсатында пайдалануды үйретеміз»,- дейді арнайы пән оқытушысы Айнұр Қансейітова.
Гастрономиясы жылдан-жылға дамып, дәмі тіл үйретін дәмді тағамдарымен туристерді баурап алатын Шымкент қаласы аталған колледж даярлаған мамандарға зәру екені анық.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Ұлттық кәсіби классификаторда (ҰКК) 1274 мамандықтар тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері бар. Ең көп жұмысшы мамандықтары 5-9 негізгі топтарда шоғырланған, олардың саны шамамен 6677 атауды құрайды. 5-топ "Қызмет көрсету және сауда саласының қызметкерлері" 279 мамандықты, 6-топ "Шаруа қожалықтарының және ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы мен балық аулау жұмысшылары" 174 мамандықты, 7-топ "Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да салалардағы жұмысшылар" 2327 мамандықты, 8-топ "Өндірістік жабдық операторлары, жинақтаушылар және жүргізушілер" 3385 мамандықты қамтиды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке қабылетті адам саны шамамен 9,6 миллион адамды құраған. Соның ішінде 2 миллионға 300 мың бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен.
Материалдық-техникалық базасы мықты колледж
Түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаратын Шымкент Политехникалық колледжі болашақ мамандарды сапалы білім және тәжірибелік дағдылармен қаруландыратын инновациялық оқу орны. Тарихы терең колледж еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласы және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды даярлайтын сапалы білім мен жетістікке бастайтын сенімді жол. Бүгінгі таңда 11 мамандық 13 біліктілік бойынша жұмыс жасап жатқан колледжде 1800-ден астам студент білім алуда.
«Президенттің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай 7 бағыт 70 іс шарадан тұратын жоспар бекітілген болатын.Сол жоспар аясында қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген өңірлік жоспар түзілді. Міне, сол жоспардың негізінде біз колледждің арнайы жұмыс жоспары н жасадық. Жыл басында Астанада өткен «Жұмысшы мамандықтар фестиваліне» қатысып, студенттердің іс тәжірибеден өтуі, ұстаздарымыздың тағылымдамадан өтуі бойынша келісімшартқа қол жеткізген болатынбыз. Жұмысшы мамандықтардың қыр сырын таныстыру, оның танымалдылығын артыру бойынша ақпараттық жұмыстары жүргіздік. Колледждің әлеуметтік желідегі парақшаларында, сайтымызда өндіріс орындарында жұмыс істеп жатқан түлектеріміз жайында қысқаша роликтерді апта сайын шығарып жатырмыз»-, дейді колледж директорының орынбасары Мұхаммед –Әли Арынбаев.
Қаладағы іргелі оқу орнының 50 жылдан астам тарихы бар. Колледждің іргетасы 1971 жылы қаланып, «Энергетикалық техникум» ретінде ашылған. 1993 жылы «Энергетика және бизнес колледжі болып өзгереді. Ал 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі болып аталған. Шымкент қаласы өзінің үшінші қала ретінде статусын алғаннан кейін 2018 жылы Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Политехникалық колледжі» болып қайта аталады.
Ширек ғасырдан бері жұмысшы мамандарды даярлап келе жатқан колледжде ІТ саласы бойынша 4 мамандық қосымша 5 біліктілігімен қоса оқытылады. Сонымен қатар энергетика саласы бойынша техник энергетик, электромеханик, техник бағдарламашы, байланыс технигі сияқты мамандықтар бар. Бұл мамандықтар студенттерді тек теориялық біліммен ғана емес сондай-ақ, практикалық дағдылармен де қамтамасыз етеді. Бастысы колледжге 2021 жылы «Жас маман» жобасы аясында алынған озық үлгідегі жабдықтар бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мол мүмкіндік беріп отр.
«Радиоэлектроника және байланыс кафедрасына» Франция елінде өндірілген интернеттің жылдамдығын өлшейтін құрал алынды. Осы құрал арқылы мамандар станцияда отырып, қанша децибел көрсетіп жатқанын, ұзындығы қанша екенін өлшеу арқылы барлығын бақылап отырады. Абоненттерден интернеттің жылдамдығы түсіп кетті деген шағым түскен кезде механиктер желіні өлшеуге шығады. Сол кезде осы аппаратты қолданады. Бұл құрал соңғы үлгіде жасалған. Одан кейін дәнекерлеу аппараты келді. Бұл қазір қол таптырмайтын құрал. Бұл ең жаңа аппараттардың бірі жапон елінікі. Бізде 9 данасы бар. Бұл аппарат студенттердің өндірістік тәжірибе жинақтауына және түрлі сайыстарға қатысуға жол ашты. WorldSkills сайысында шәкірттеріміз осы құралдармен қатысып, 2021 жылы 2 орын, 2022 жылы бас жүлде, 2023 жылы 1 орын, былтыр бас жүлдені алдық»,- дейді бөлім меңгерушісі Жарас Матиев.
Колледж еңбек нарығының сұранысына сәйкес үздіксіз білім беру жағдайында техникалық және кәсіптік мамандарды дайындау бағытында зор үлес қосуда. Оқу ордасының негізгі мақсаты - теориялық білім мен іс тәжрибелік білімді ұштастырып болашақ кәсіби құзіретті маман даярлау болып табылады. Колледж түлектері бүгінде еліміздің түкпір түкпірінде өз мамандықтары бойынша абыройлы қызмет етуде.
«2024-2025 жылғы оқу жылында 11 мамандық бойынша 495 студентті қабылдадық. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда соңғы жылдары колледжге жастарды келуі көбейді. Колледжде оқудың тегін болуы, шәкіртақының тағайындалуы, ыстық тамақпен қамтылуы – кәсіптік білімнің бойына қан жүгіртті. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші соңғы жылы 79,5 пайызды құрап отыр. Оқытып жатқан мамандықтарымыздың барлығын сұранысқа ие. Түлектеріміздің жұмысқа тұруға өзімізде ықпал жасаймыз. Өзіміздің серіктестігіміз бар. Бітіруші түлектердің бітіру кезеңдерінде өңірдегі барлық жұмыс берушілерге қанша бала бітіріп жатқандығы туралы хат жіберңп, құлағдар етеміз. Одан бөлек бітірушілеріміз жәрмеңкелерге де қатысып, жұмысқа орналасуда»,- дейді Мұхаммед –Әли Арынбаев.
Колледжде оқу бағдарламасын игеру үшін барлық мүмкіндік жасалған. «Жас маман» жобасына 2021 жылы қосылған оқу орны энергетика, телекоммуникация саласы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, «Жас Маман» жобасының мақсаты – ең көп талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 университетті жаңарту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. «Жас Маман» жобасын іске асыру нәтижесінде білім беру ұйымдары ұлттық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандарды даярлауға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылады, өз аймағының мәлімделген мамандық бойынша құзыреттілік орталықтарына айналады, сонымен қатар қатысушыларды WorldSkills чемпионаттарына дайындайды.
«Жұмысшы мамандықтар жылында» еліміздегі оқу кәсіптік білім беретін оқу орындарында Ұлттық құзыреттер орталығы құрылуда. Бұл орталық – кәсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кәсіби дағдыларды әзірлеп өндіріске енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Ұлттық құзыреттер орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізілетін болады. Ал колледж базасында екі құзіреттілік орталық жұмыс істейді.
Қазіргі таңда инновациялық даму үшін техникалық кадр орта кәсіптік маман даярлау стретегиясы маңызды. Осы орайда колледж кәсіби мамандар даярлауда аянбай еңбек етіп келеді. Біліктілігі жоғары жұмысшы маман даярлау – тұрақты экономикалық дамудың басты міндеті деген тұжырымды ұстанған ұжым түрлі кәсіби байқауларға белсенді қатысып жүлделі орындар иеленіп жүр. Ең бастысы сапалы білім мен саналы тәрбие беруде заманауи ақпараттық технологиялар қолданылып оқытуды ұйымдастыру формалары да жетілдіріліп келеді.
Арнайы кабинеттерде тәжірибен өту үшін өндірістік оқу шеберлері студенттерге алдымен техникалық қауіпсіздік ережелерін үйретеді. Содан кейін ғана тәжірибелік жұмыс жасауға кіріседі. Себебі студенттердің қауіпсіздігі - басты орында.
«Оқу базасында интернет желісін тартуға қажетті соңғы үлгідегі құрылғы бар. Қаланың сырт жағында немесе ауылды жерлерде интернет желісін тарту мүмкіндігі жоқ. Сол себептосы радиокөпір аппаратын қолданамыз. Ол 50 шақырымға арналған. Қытайда жасалған аппараттың жылдамдығы 300 мегабитке дейін жетеді. Мысалы бірін Шымкенттің биік жеріне қойып екіншісін ауданға қондырғыны бір біріне қаратып қойсақ ол маңайдың барлығы интернетпен қамтылатын болады. Осыны студенттерге екі қабырғаға қойып ноутбукпен баптауларын жасап көрсетеміз, үйретеміз»,- дейді бөлім меңгерушісі Жарас Матиев.
Жұмысы жүйелі колледж Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағында ғана емес рееспублика көлемінде энергетика, технолгиялық процестерді автоматтандыру, радиоэлектроника және байланыс ақпараттық технологиялар, мұнай мен газды өңдеу салаларында көшбасшы оқу орындарынынң бірі болып саналады. Оқу орны өңірдің алпауыт мекеме кәсіпорындарымен әлеуметтік әріптестік орнатқан. Ал мұндағы білім беру процесін 140-тан асқан оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері жүзеге асырады.
Колледжде күн сәулесінен баламалы энергия алу жұмыстары да жолға қойылған. Яғни электр қуаты сөнген жағдайда колледжің лабароториялық корпусын төрт панель арқылы алынған баламалы электр қуатымен қамтуға мүміндік бар. Оқу орнының басшылығы алдағы уақытта бүкіл колледжі баламалы энергиямен қамтуды жоспарлап отыр.
Колледже теориялық білімнің және өндірістік тәжірибенің үйлесімді болуы студенттерді еңбек нарығына дайындаудың басты негізі болып табылады. Студенттер оқу кезеңінде өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларды шыңдайды. Мекемеде арнайы зертханалар, техникалық кабинеттер мен компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Олар студенттердің білім алуын тиімді әрі сапалы етеді.
Шәкірттердің сапалы оқуына кітапхананың да қосар үлесі зор. Оқу базасындағы кітапханада бүгінде 81 579 кітап бар. Оның ішінде 50 мыңнан астамы орыс тілінде 28 мыңнан астамы қазақ тіліндегі оқулықтар. Оқу орны 2021 жылдан бастап «Оқуға құштар колледж» жобасымен жұмыс жасап келеді. Оқу ағарту министрлігі бекіткен "Оқуға құштар колледж" жобасы аясында еліміз бойынша оқу орындарында әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Жобаның мақсаты - оқу мәдениетінің деңгейін және студенттердің оқу белсенділігін арттыру, жас ұрпақтың бойында адамгершілік, рухани құндылықтарды сіңіру. Бұл орайда жоба жаңа бастамаларға ашық, кітап оқу мәдениеті дамыған, көзі ашық, көкірегі ояу жастар санының артуына ықпал етуде.
Атап өту керек, еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету, кадрлар даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қамтылған Жұмысшы мамандықтарының жылына арналған жоспарлар әзірленді. Атаулы жылға байланысты үшінші мегаполисте де жоспарлы шаралар жүзеге асырылуда.
Шымкент - жастар қаласы. Осы жастарымызды еңбекке баулып, өндірістің жүрегі, тірегі саналатын, ел экономикасын алға сүйрейтін жұмысшы мамандарды сапалы даярлап отырған колледжердің жұмысы одан әрмен жандана бермек.