Заман талабына сай қазіргі таңда әлем бойынша ІТ саласына сұраныс үлкен. Қазақстан да ақпараттық технология ағымынан қалыспай, технопарктер құру, мамандар даярлауға ерекше ден қойып жатыр. Күн санап дамып келе жатқан жасанды интеллект адамның жүгін жеңілдетіп, қолын ұзартып жатқаны ақиқат. Мамандар зерттеу нәтижесіне сүйеніп, жасанды сана алдағы 5 жылда еңбек нарығына түбегейлі тың өзгерістер әкеледі деп болжауда.
Осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан маманның бірі – Нұрбек Омар. Ол Шымкент қаласындағы іргелі Орталық Азия Инновациялық Университетінің робототехника үйірмесінің жетекшісі болып қызмет атқарады.
Қарапайым еңбек иесі бола жүріп, жас ұрпаққа сапалы білім беріп, болашақ инженерлерді дайындап жүрген Нұрбек – өз ісінің нағыз маманы. Ол жетекшілік ететін үйірмеде студенттер заманауи технологияларды меңгеріп, роботтар құрастырып, республикалық және халықаралық байқауларда бақ сынауда.
«Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 8 жылдай уақыт болды. Робототехника бұл - тек техникалық білім ғана емес, сонымен қатар баланың логикалық ойлауын, шығармашылық дағдысын, ой-өрісін дамытатын үлкен ғылым. Бұл сала арқылы адамзаттың өмірін жеңілдетуге болады»,- деген маман қазіргі таңда жаңа инновациялық құралдар ойлап табуда. «Сал ауруымен ауыратын балаларға арналған «смарт ходунок» жасап шығардық. Оның моторы болады. Сол моторы арқылы құрылғы алға қарай жүре алады. Әзірге біз бұл құрылғыны әлі де дамытып жатырмыз. Ішіндегі электроникасын қайта жетілдіріп жатырмыз. Осы жобамызға қаладағы, басқа өңірдегі оңалту орталықтары ұсыныс білдіріп жатыр. Сал ауруымен ауыратын балалардың өмірін жеңілдету мақсатында осы құрылғыны жасап шықтық», -деген кейіпкеріміз қандай мамандық иесі болса да қоғамға, елге пайдасын тигізу керек деп есептейді.
«Тек қана робототехника, ІТ саласы емес барлық салада өз істеріңіздің маманы болуға тырысыңыздар. Адам өмірін жеңілдету мақсатында пайдаларыңызды тигізу мақсатында жұмыс істеңіздер»,- дейді Нұрбек Махамедкәрімұлы.
Елде ІТ қызметкерлері, атап айтқанда жасанды интеллект өнімдерін жасайтын тәжірибелі кадрлар тапшы. Нағыз өзі ісінің білгірі Нұрбек Омар секілді жас мамандардың еңбегі мен жасап жатқан дүниесін көрген балалар да осы салаға қызығатыны анық. Себебі еңбекқор, адал, талапшыл әрі қайратты жандар қашанда елге үлгі.