“Ұстаз“ сөзі біз үшін қашан да қадірлі, қасиетті саналады. Осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес.
Елімізде Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған үш педагог болса, соның бірі – Алина Соловьева. Ол қазір Шымкент қаласы Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында биология пәнінен сабақ береді. Отыз төрт жылдық еңбек тәжірибесінде ұстаз 20 республикалық, 5 халықаралық пән олимпиадасының жүлдегерлерін дайындады. Ең жоғары награданы алған оған талай қызмет ұсыныпты. Бірақ кәсібіне адал жан оның барлығынан бас тартып, қарапайым мұғалім болып қала бергенді жөн санаған. Өйткені, ұлағатты ұстазға шәкірт тәрбиелеу, олардың әрбір жетістігіне қуану, оқулық жазып, артынан үлкен мұра қалдырудан артық бақыт жоқ.
«Мен био¬логия пәнін оқытудың финдік, ағыл¬шындық, америкалық, Балтық теңізі жағалауы елдерінің әдістемелерін жақсы білемін. Бірақ онымен салыстырғанда еліміздің сабақ беру үлгісі әлде¬қайда жақсырақ. Қазақстанда пәнді оқытудың мемлекеттік ортақ жүйесі бар. Бала сол арқылы биология саласы бойынша біраз нәрсе біліп шығады. Осы жағынан келгенде біздің ұтарымыз көп»,- деген ұстаз әр бала табиғатынан әртүрлі болып келетінін айтады. - « Бір бала алғыр талапты болады. Сондай білімді баланы тауып талантын аша білсең, сол ертең сенің үмітіңді ақтап, республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстарда бәйгеден оза шауып келеді. Ал сабақ беру тәсіліне келсем, менде кереметтей бір әдістеме жоқ. Бірақ балаларды оқытуда Марал Жанпейісова, Темір Ғалиев сынды мықты педагогтердің тәжірибесіне, әдіснамасына сүйенемін. Олар – мен үшін педагогика саласында тура жолдан тайдырмас темірқазықтарым. Дегенмен мұғалім де – бір өнердің иесі. Балаларға сабақ беру үшін де адамға кішкене талант керек секілді. Әрі қарай мықты педа¬гог болып кету өзінің ынта-жігері мен еңбегіне байланысты. Менің бар құ¬пиям осы болса керек. Бастысы – баланы оқытуға бар жаныңды салып, өз ісіңді жүрекпен, адал атқару. Пәнге қызықтыру үшін мұғалім кейде образға кіріп актер болып та ойнап көру керек. Біреуден мақтау есту үшін бала оқытпай-ақ қойған жақсы. Педагогтің жүрегінде «менің шәкіртім» деген сөз тұрса ондай ұстаздың орны әрқашан да биік болады. Абырой да, марапат та адал мұғалімді өзі іздеп табады»,- дейді кейіпкеріміз.