Медицина қызметкерінің ең басты мақсаты - адам өмірін сақтау, аурудың алдын алу және денсаулығын қалпына келтіру, ауруға шалдыққанның азабын жеңілдету болып табылады. Сан тараудан тұратын медицина саласының ішінде ең ауыры – жедел-жәрдем қызметі болып табылады. Себебі жедел-жәрдем қызметкерлері қиын жағдайда тұрған, халі ауыр, өлім мен өмір арасында жатқан жандарға алғашқы көмек көрсетіп жүрген нағыз батырлар.
Бүгінде Шымкентте жедел медициналық жәрдем жүйесі үздіксіз жұмыс істейді. Қала тұрғындарына дер кезінде, сапалы көмек көрсету үшін жүздеген медицина қызметкері мен 100-ге жуық арнайы көлік тәулік бойы қызметке дайын. Олар күн сайын 1200 ден аса шақыртуға шығып, шұғыл шешім қабылдайды. Әр бригада кәсіби мамандармен жасақталып, заманауи құралдармен жабдықталған.
Самат Қонысбай жедел жәрдем станциясының фельдшер дәрігері. Ол бұл салада үш жылдан бері қызмет етіп келеді. Өз ісін жан-тәнімен сүйетін, кез келген жағдайға салқынқанды қарайтын сабырлы маман. «Бұл мамандыққа өз қызығушылығым арқылы түстім. Қызыл дипломға бітіріп, осы мамандықтың енді жемісін көрермін деген ниеттемін. Қызықшылығымен қиындығы қатар жүретін мамандық сонысымен ерекше. Халыққа тез арада көмек созуға асығамын. Біздің мамандық жоғары жауапкершілікті, төтенше жағдайларда тез және дұрыс шешім қабылдауды талап етеді, бұл маманға қосымша күйзеліс тудыруы мүмкін. Біз жиі күтпеген және әртүрлі жағдайда жұмыс істейміз. Мысалы, ашық кеңістікте, қолайсыз ауа райында, жарық аз түсетін жерде немесе ешқандай жағдай жоқ жерде жұмыс істеуге тура келеді. Кейде науқастармен және олардың туыстарымен қарым-қатынас жасау үшін мамандығымыз психологиялық тұрақтылықты талап етеді. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, біз өз жұмысымызды жақсы көреміз»,- деген кейіпкеріміз ұжым арасында сыйлы, мінезге бай, құрметке лайықты нағыз еңбек адамы. Үлкенге құрмет кішіге ізет көрсете білетін жан.
Олар әр секундты бағалайтын, жанұшыра көмектесетін жандар. Самат Қонысбай сынды мамандардың ерен еңбегі үнсіз батырлық. Олар туралы көп айтылмаса да, оларсыз қоғамның бір күні де елестетілмейді. Олар кез келген жағдайда тез шешім қабылдай алатын маман.
Әріптестері оны ең білікті де шебер маман ретінде бағалайды. Еңбек тәжірибесінде түрлі күрделі шақыртуларға барып, талай адамның өмірін ажалдан арашалаған.