Жаста болса тынбай еңбек етіп, елге пайдасын тигізіп жүрген жандар ортамызда көп-ақ. Еңбек адамдары дегенде алдымен көз алдымызға осындай жігерлі, батыл да, мейірімді, адал мамандар елестейді. Сондай жанның бірі - Шымкент қаласындағы «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Нарзілдай Бибарыс. Ол аталмыш компанияда эксковатр жүргізушісі қызметін атқарады. Оның есімі көпшілікке танылып қалғаны рас. Былтыр еліміздің он өңірінде су апаты орын алып, төтенше жағдай жарияланғаны барлығының есінде болар. Су тасқыны орын алған мезетте-ақ кейіпкеріміз жұмыс істейтін мекеме техникасын пойызға тиеп, Орал қаласына көмекке барған. Су тасқыны орын алған аймақтарда бірнеше ай бойы қона жатып, ауыр техникалармен қызмет көрсеткен тұлғалардың қатарында Бибарыс та бар.
«1998 жылы 7 шілдеде Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. 2005-2013 жылдар аралығында Шымкент қаласы, Қазығұрт мөлтек ауданындағы №66 орта мектебінде білім алдым. 2014 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласы білім басқармасының «Политехникалық колледжі» МКҚК-ға оқуға түсіп, 2018 жылы аталған колледждің «Бағдарламашы» мамандығын тәмамдадым. 2019 жылы Алматы қаласындағы 78460 әскери бөлімінде әсери борышымды атқардым. 2020 жылы әскери міндетімді өткеріп, туған жерге оралдым. Бірнеше жылдан бері Шымкент қаласындағы «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс компаниясында экскаватор-жүк көтергіш техникасының жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрмін. Былтырғы су тасқыны орын алған кезеңде Орал қаласына компанияның атынан көмекке бардым. Бірнеше ай бойы төтенше жағдай орын алған өңірде жұмыс істеп, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсете алдым деп ойлаймын. Отандастарға қол ұшын созу – Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың парызы. Елге пайдаңды тигізу үшін міндетті түрде лауазымды қызмет атқарудың керегі жоқ. Қарапайым еңбек адамдары да мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік ахуалын арттыруға сүбелі үлес қоса алады, - дейді эксковатор жүргізушісі Бибарыс Ерболатұлы.
Еңбексүйгіш, ұлтжанды азаматқа нағыз еңбек адамы ретінде Мемлекет басшысының марапаты – «Шапағат» ордені табысталғанын айта кетейік. «Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еңбек адамдарына айрықша көңіл бөлініп жатқандығы көңілге қуаныш сыйлайды»,- дейді ол.