Құрылысшы мамандығы – ең ежелгі мамандықтардың бірі. Өйткені адам баласы жаратылғаннан бері басына баспана тұрғызып, тірлік жасаудың харекетін қылғаны айтпаса да түсінікті. Бар игілігімізге қажетті ғимараттар осы құрышбілек құрылысшылардың қолымен тұрғызылды. Сондықтан да олардың еселі еңбектері қашан да ескерілуге лайық.
Шымкент қаласында күн-түн демей тыным таппай еңбек етіп жатқан құрылысшылар – бүгінгі күннің нағыз батырлары.Солардың бірі - Әділбай Сарымбетов. Тәжірибесі мол құрылысшы қазіргі таңда үшінші мегаполистегі ірі жобалардың жүзеге асуына өз үлесін тигізіп жүр.
«Құрылыс саласына студент кезімнен бастап келдім. Оқып жүріп стройотрядта еңбек еттік. Кейіннен оқуды бітірген соң 90-шы жылдары қала құрылысына араласып кеттік. Өмірімді осы құрылыс саласына арнап келемін. Құрылыс саласында 15 жыл өкілеттілігім бар. Бұрынғы кезде тұрғын үй, жол, көпір құрылысы болсын оны жүргізу қиын болатын. Қазіргі кездегідей жоғары техникалық құралдар болмады. Қазіргі заманғы құрылысты бұрынғымен салыстыруға келмейді әрине. Мысалы көпір құрылыстары бұрын бірнеше жылдар бойы жүргізілетін. Жаңа технология қазір құрылысты жеделдеткені анық. Құрылыстың ішінде көпір салу қиын жобалардың бірі. Ең алдымен оның тұғырын салу керек. Көпірді ұстап тұратын сол тұғыры болғандықтан, мықтап жасау керек»,- дейді кейіпкеріміз.
Құрылыс саласында 30 жылдық тәжірибесі бар маман ешқашан толдым, болдым деген емес. «Құрылысшы болу үшін өмір бойы оқып, ізденіп өту керек. Себебі жыл санап технология өзгеруде. Ешқашан жұмысты бес саусақтай білдім, толдым деуге болмайды. Менің 40, 60 градус аязда жұмыс істеген кездерім болды. Қазіргі таңда құрылыста жүрген жастардың көптігі қуантады. Оларға білгенімізді үйретіп жүреміз. Әріптестер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеу маңызды. 30 жылдық тәжірибием болса да әріптестерімнен сұрайтын кез болады, кейбір жобаларды бірге ақылдасамыз. Себебі жобалар түрлі болады. Осылайша бір бірімізден сұрап тұрамыз. Құрылыста сатылап өсу маңызды. Мысалы кеше ғана келген жас маманды бірден ауыр жұмысқа қоя алмайсыз. Құрылыстың қазанына жәйлап саламыз. Осылай жылдап тәжірибе жинайды», - дейді құрылысшы.
Әділбай Сарымбетов бүгінде 1 қыз екі ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке, 6 немереге дана ата. Кіші ұлы бүгінде әке жолын қуыпты.