Шымкенттің майталман металлургтері

10r2020-metallurg-008.jpg 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. "Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», -дей келе  нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде елімізде шынайы еңбек адамдарының бейнесін қалыптастыру, қоғамға еңбегі сіңген жандарды елге көбірек таныстыру, олардың өмір жолдарын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсету және қарапайым жұмысшы мамандарды насихаттау жұмыстары қарқын алды. 

      «Еңбек адамы» идеологиясы – қоғамдағы еңбектің маңызын, адамның материалдық және рухани құндылықтарын дәріптейтін маңызды бастама. Қазақстандағы еңбек нарығының өзгерістері мен қоғамдағы құндылықтардың ауысуы бұл идеологияның өзектілігін арттырып отыр. Осы бағыттағы мемлекеттік және қоғамдық іс-шаралар еңбек адамының рөлін нығайтуға, жастар арасында еңбекқорлық пен кәсібилікке деген құрметті арттыруға бағытталуы тиіс.

     Қоғамның еңбекке деген көзқарасын өзгерту, еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін идеологияны жандандыру қажет. Түптеп келгенде, бұл идеологияның жандануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы нығайып, еңбекке деген құрмет пен жауапкершілік арта түседі. «Еңбек адамы» идеологиясы – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі болуға тиіс.  

    Ия, еңбек адамы десе, бұрынырақта көз алдымызға  жайлауда мал бағып жүрген шопан, қолына кетпенін ұстаған егістік басындағы диқан елестейтін. Қазіргі таңда еңбек адамы ұғымының ауқымы кең. Ол – дәрігер, мұғалім, құрылысшы, заңгер, аспаз, әртіс те болуы мүмкін. Ең бастысы олар – еліміздің өсіп-өркендеуіне, өзі қызмет ететін саласының дамуына үлес қосып, адалынан жұмыс істейтін адамдар. Олардың қатарына металлургтерді де қосуға болады. 

    Қазақ даласы – ежелгі металлургияның отаны. Металды балқытып, одан бұйым жасауды ата-бабаларымыз осыдан сан мың ғасыр бұрын меңгерген. Оны археологтар ғылыми тұрғыда дәлелдеп келеді, қаншама құнды жәдігер табылды. Бұл біздің жеріміздегі дала өркениетінің технологиялық тұрғыда қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді. Қазақстандағы металлургия өнеркәсібінің тарихы XX ғасырдың басынан бастау алады. Әрине, бұл саланың дамуы өз кезегінде металлург мамандарының пайда болуына жол ашты.  

       Қазақстанда Металлург күні 2003 жылы Президент Жарлығымен бекітілген. Ел тарихи дәстүрді сақтай отырып, кәсіби мерекені шілденің үшінші жексенбісінде атап өтуді жалғастырды. Алғаш рет 1957 жылы 28 қыркүйекте Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бекітілген бұл мереке металды кеннен алумен, оның химиялық құрамын, құрылымы мен қасиетін өзгертумен, түрлі қорытпалар алумен айналысатын барлық сала мамандарына арналған болатын. Осы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі ел экономикасын қалпына келтіруге үлес қосқан металлургтердің еңбегін мойындады. Бұл дәстүр Тәуелсіз Қазақстанда да жалғасын тапты. Жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде елімізде металл өндірумен және оны өңдеумен айналысатын адамдар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді.

       Металлургтер күні - болат балқытушылар, құюшылар, домна пештерінің мамандары, ұсталар, қалыптаушылар, прокатшылар сияқты металл өндірісіне қатысы бар маман иелері ұлықталады. Сондай-ақ, металлургия саласындағы ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлері, кен өндіруші кеншілер мен металлургия кәсіпорындарында еңбек ететін барлық азаматтар да осы мерекені тойлайды. Мереке қарсаңында Шымкент қаласының металлургия саласының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан, қаланың экономикасы мен әлеуеметтік дамуына қажырлы еңбектері мен құрыш қолдарымен ат салысқан металлургтер жайлы баяндамақпыз. 

images.jpeg       Шымқалада металлург мамандарының даярлануына,  білекті металлургтердің алғаш еңбек жолын бастауына себепші болған  ол – бүкіл Кеңес еліне аты мәлім болған  Шымкент  қорғасын зауыты.  1934 жылдың 20 қаңтарында зауыт бірінші қорғасынын шығарды. Шымкенттегі қорғасын зауыты 30-шы жылдардың өзінде КСРО-да өндірілген қорғасынның 70 пайызын қам¬тыған. Жаңадан жұмыс істей бастаған қаладағы қорғасын зауыты бүкіл Кеңес Одағындағы қорғасын зауыттарынан 2 есе көп өнім беретін. Зауыт  1937 жылы КСРО-ның қорғасын өндірісінің 75,3 пайызын өндірді. 1939 жылдың 26 сәуірінде Калинин атындағы Шымкент қорғасын зауыты КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығына сәйкес Ленин орденімен марапатталды. Бұл әрине сол зауыттағы металлургтердің, қарапайым жұмысшылардың женкешті еңбегінің арқасы болатын. Деректерге сүйенсек 1939 жылы зауыт  Қазақстанның 73,2%,  КСРО-ның 62,1% қорғасын өнімін шығарған.

   Зауыттың атағы әсіресе, Ұлы Отан Соғысы жылдары дүркіреді.  Соғысқа дейінгі бесжылдықтарда соғылған зауыт  Ұлы Отан Соғысында жеңіске жетуде маңызды рөл атқарған. Шымкент қорғасын зауытының даңқы шартарапқа жайылып, өндірілген өнім көлемі бойынша Одақта көш бастап тұрды. Соғыс өрті бұрқ етіп тұтанғанда зауытқа ұлан-байтақ КСРО-ның түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық маман жіберілді. Мұнда үш мыңға жуық адам жұмыс істеді. Олардың көбі 18 бен 40 жас аралығындағы әйелдер еді. Жұмысшылар қатарында тіпті 13 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер де болды. Зауыт соғыс жылдары Калашников автоматы мен «Русская винтовка» қаруына оқ дайындады. Сонымен қатар, зеңбірек оқтары мен танктің қосалқы бөлшектері шығарылды. Қажетті қорытпалар Бәйдібек ауданындағы Байжансай, Кентаудағы Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінен жеткізілді. Соғыс жылдары зауыт директоры В.А.Переводкин еді. Ол жұмысшыларды өнімді еңбекке жұмылдыра білді.

«Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауыты негізгі өнімнен бөлек зеңбірек оқтарын шығаруды ұйымдастырып, тау-кен өндірісіне арналған машиналардың қосалқы бөлшектері мен жабдықтарын жасады» деп жазды КСРО Түсті металлургия министрі Петр Ломако «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы түсті металлургия» атты кітабында.

     Ал, 1943 жылы И.В.Сталин Шымкент қорғасын зауыты ұжымына жеделхат жолдады. Онда: «Қазақстан металлургы» танк колоннасының құрылысына 700 мың рубль жинап берген Шымкент қорғасын зауытының жұмысшыларына, инженерлер мен техникалық қызметкерлеріне әскер атынан алғысымды білдіремін» делінген. Осы өндіріс ошағынан 400 жұмысшы майданға аттанды. Солардың ішінде Хасан Мамытов Кеңес Одағының Батыры атанып оралды. Бұл тарихи деректер шымкенттік металлургтердің Ұлы Жеңісті жақындатуда үлкен рөл атқарғанын аңғартады. 

    images (1).jpeg  Соғыс жылдарында қорғасын зауытында еңбек күші көп бола қоймаса да олар күні-түні тер төкті. Солардың ішінде әсіресе, Социалистік Еңбек Ері Дулатбек Рахымбергенұлының есімін ерекше атауға болады. Ол 1910 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақпай ауылында дүниеге келген.  1925 жылға дейін ауыл баласы жалауда қой бағып, шопан болған. 1925 – 1933 жылдары түсті металдар өнеркәсібі өндірісінде және темір жол көлігінде жұмыс істеді. Білімді металлург 1933 жылдан бастап Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеді. Алғашында қатардағы жұмысшы болса, кейін балқыту цехының бригадирі болған. Оның бригадасы жыл сайын өнімділікті арттырып отырған. Маман жұмыс барысында әрбір құрылғының, балқытқыш пештердің  және жалпы жұмыс орнының тазалығына қатты мән берген деседі. Күн сайын аусымды қабылдап алар кезде қондырғыларда ақаудың бар-жоғын міндетті түрде тексеріп барып, жұмысқа кіріскен. Өз ісіне тиянақты, жауапты әрі тазалықты, адалдықты сүйген маман болған. Зауыттағы қондырғы, технологияны бес саусағындай білетін оның қызмет еткен жылдары бірде бір техника бұзылмаған деседі. Себебі ол әрбір жұмыс күннен кейін пештерді  қалдықтардан тазалап отырған. 

     1961 жылы түсті металлургияны дамытудағы ерекше қызметі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Социалистік Еңбек Ерінің айырым белгісі ретінде “Орақ пен балға” алтын медальі тағайындалған. Бұл оның жылдар бойғы төккен терінің ажал бағасы еді.  Дулатбек Рахымбергенұлы 1963 жылға дейін зауытта қажырлы еңбек етіп, зейнет демалысына шығады. Отыз жылын металлургия саласына арнаған ол өмірінің соңына дейін осы қалада тұрып, өзінен кейінгі жастарға өшпес үлгі-өнеге көрсетіп кетті. Майталман металлург  Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Көз білген жандар Шымкент қаласында жерленген батырдың бейітінің басына барып құран оқып, тағзым жасап тұрады. 

      e34462cc-1aa9-4d87-8df3-18a180621c9d.jpgДулатбек Рахымбергенұлының есімімен қатар тағы бір білікті металлургтың есімі ойға оралады. Ол - Аманәлі Әбдіраманов.  Шымкент қорғасын зауытында Дулатбек Рахымбергеновпен қатар қызмет атқарып, көзін көріп, тәлімін алған. Украинаның Днперодзержинск қаласындағы №8 техникалық училищесінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге білім алған ел ағасы қажыр қайраты мен отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында талай жыл жемісті еңбек атқарып, Қорғасын зауытында қызмет істеді. Қазақстандағы ауыр өнеркәсіптің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтың әрбір ісі өскелең ұрпаққа өнеге. Шымкент қаласының Құрметтісі атанған ардақты жан қандай марапатқа болсын лайықты. Өйткені, ол қатарластарынан оза шауып, металлург мамандығында өмір бойы қызмет еткен бірден бір жан. Қоғамдық тірліктерге де етене араласып, азаматтық парызын орындады. 1982 жылы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, одақтың құрметті металлургі атағы осы уақытта беріледі. Кезінде елі үшін еңбек еткен жанның әрбір марапаты  бүгінде елеулі ескерткішіне айналған. КСРО-ның Құрметті металлургі, Қазақстанның Еңбек Ері, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», қайраткер  Аманәлі Әбдіраманов еңбек адамы бейнесінің жарқын үлгісін көрсеткен тұлға. 

    Шымкент қорғасын зауыты Қазақстанда ғана емес Кеңес елдері ішіндегі ең беделді, қуатты кәсіпорын еді. Бүгінде елімізге белгілі талай тұлғалар осы зауытта еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, қаланың металлургия саласына үлестерін қосты. Солардың бірі белгілі ғалым  Төрежан  Жүнісов те бір кездері осы зауытта қызмет атқарған. Төрежан Айдарұлы - 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Келес ауданындағы Алтынтөбе елді мекенінде дүниеге келген. 1960 жылы Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтын бітіріп, химия өнеркәсібі бойынша инженер-технолог мамандығын иеленген.1960-1968 жылдары Шымкент қорғасын, фосфор зауыттарында зертханашы, шебер, ауысым бастығы қызметін атқарған. 1963 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы химия-металлургия институтының аспирантурасына түсіп, оны 1974 жылы ойдағыдай тәмамдаған. Химия ғылымының кандидаты атағын иеленген. 1974-1992 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметін атқарды. Еңбек жолын қорғасын зауытында  қалыптастырған академиктің Шымкент қаласының өнеркәсібі мен ғылымына қосқан үлесі зор. 

      Қаланың металлургия саласында тағы бір азаматтың есімі ерекше аталады. Ол  Отырар ауданында дүниеге келіп, күнгейдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан Савит Рүстемов. Қазіргі таңда зейнеткер болып табылатын еңбек ардагері түсті металлургия саласында ересен еңбек еткен. Шымкенттегі қорғасын зауыты ұжымының қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін КСРО және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, 2 рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталған. БЛКЖО (Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы) Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болып, Кеңестер Одағы мен Қазақстан Компартиясының және комсомолының бірнеше съездерінің делегаты болып сайланған. Қазақстан Республикасының құрметті металлургіне 2011 жылы «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы берілген. 

   Шымқаладағы қорғасын зауытында белгілі лауазымды тұлға -   Бақтияр Аталықовтың да ізі бар екенін айта кетейік. Бақтияр  Исатайұлы 1954 жылы дүниеге келген.  1975 жылы Қазақ политехникалық институтын, 1990 жылы Ташкент жоғары партия мектебін, 2007 жылы Әулие ата университетін бітірген. Мамандығы — инженер-металлург, саясаттанушы, оқытушы, экономист.  Еңбек жолын 1975 жылы Шымкент қорғасын зауытының балқытушысы болып бастаған. 1992 жылға дейін Шымкент қалалысындағы Абай аудандық комсомол комитетінің, одан кейін Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитетінің түрлі басқарушылық қызметтерінде болды.

   Талай танымал тұлғалардың еңбек жолын қарапайым жұмысшы маманнан бастағанын білеміз. Еліміздің тұңғыш президенті де металлург болғаны баршаңызға аян. Біздің келесі кейіпкеріміз бір кездері Шымкент қаласын басқарған әкім болған. Ол - Мемлекет және қоғам қайраткері Қылышбек Ізбасқанов.  Оның нағыз білікті металллург болғанын және Шымкент қорғасын зауытының дамуына үлкен үлес қосқанын білесіз бе? 

  image (1).jpeg Қылышбек Ізбасқанов - ерен еңбегінің арқасында еліне сыйы, халқына қадірі артып,  өмірін өскелең ұрпаққа өнеге ете білген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, өндіріс саласының тәжірибелі ұйымдастырушысы,  Шымкент қорғасын зауытында қатардағы жұмысшыдан бас директорлыққа дейін көтеріліп, 33 жасында алып зауытты басқаруы оның инженерлік ой-санасының тек өндірісте ғана емес, қоғамдық деңгейде де танылғанын аңғартса керек. Бұл жол-техникалық білімнің қоғамдағы орны қандай деген сұраққа нақты дәлел болса керек.

   Ленгір ауданының (қазіргі Төле би ауданының) Қызыл-үй ауылының тумасы.  Алматыдағы политехникалық институтын «инженер-металлург» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.  Қылышбек Сатылғанұлы оқу бітірген соң жолдамамен Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына жіберіледі. Ал, бұл  комбинат ол кезде Кеңестер Одағы бойынша түрлі түсті металлургия саласының нағыз көшбасшысы болатын. Жас маман осы жерде  керемет мол тәжірибе жинақтап, өндірістік практикадан өтеді.  1976 жылы  ол  Шымкент қорғасын зауытына ауысып, осында қарапайым балкытушыдан цех бастығы дәрежесіне дейін көтеріледі.

    Ал 1985 жылдың шілдесінде КСРО Түрлі түсті металлургия министрінің бұйрығымен Шымкент қорғасын зауытының бас директоры болып тағайындалады. Бұл лауазымға бекітілу үшін СОКП Орталық Комитетімен КСРО Министрлер Кеңесінің және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің келісімі қажет болатын. Тағайындау кезінде Д.А.Қонаев пен СОКП Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі И.П.Ястребовтың қатысуымен өткен саяси бюро отырысында Қылышбектің кандидатурасы бірауыздан қолдау тапқан. Өйткені Шымкент қорғасын зауыты Одақ үшін зор стратегиялық бағыттағы нысан болатын. Қылышбек Сатылғанұлы осы зауытты 1991 жылға дейін басқарды. Ол басқарған жылдары кәсіпорын қарқынды дамып,  қаржы-шаруашылық жағдайы тұрақталып, зауыт өндіретін қорғасынның өнім сапасы Лондонның түрлі түсті металдар биржасында әлемдік эталонға ие болды.

    Кейін ол еліміздің бірқатар  тау-кен кешендерін біріктіруге бағытталған тұңғыш мемлекеттік «Ақсұңқар» холдингіне жетекшілік етті. 1996-2002 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, кейін Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарды.

   Өндірісте өскен маман  ел экономикасын дамытудағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен қатар «КСРО-ның құрметті металлургі», Қазақстанның «Құрметті машина жасаушы» атақтарын алған. 

    Республикалық «ШАБЫТ»  салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламбек ОМАРОВ  Қылышбек Сатылғанұлының металлургияняң майталманы ғана емес қаланың дамуына зор үлес қосқан патриот азамат екенін айтады. «Сол бір сексенінші жылдардың орта шенінде Шымкентті көркейткен, қала халқы үшін демалыс аймағын салдырып, балалар теміржолын жүргіздірген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың басына қара бұлт төнді. «Мемлекет қаржысын талан-таражға салды» деген жаламен кеңестік-бюрократия Асекеңді айыптап түрмеге тықты. Жоғары жақтың ұйымдастыруымен өткен кезекті бір пленумда жандайшаптар Асекеңнің адресіне ауыр-ауыр сөздер де айтты. Алайда сол кезде қорғасын зауытының бас директоры Қылышбек ініміздің орнынан атып тұрып «Мұның бәрі жала, қасақана қолдан ұйымдастырылған тірлік» деп Асанбай Асқаровты қорғап, әділеттік үшін сөйлегені ел есінде. Мұны сол пленумға қатысқандардың көбісі біледі»,- дейді ол өз мақаласында. 

      Теріскейді түлеткен азамат  - Салыхан Полатов та металлург.  1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі – инженер-металлург, экономист. 1983-2005 жылдары Шымкент қорғасын зауытының балқытушысы, аға мастері, «Шымкент қорғасын зауыты» АҚ басқарма бастығының орынбасары, атқарушы директорының коммерция бойынша орынбасары болып еңбек еткен. Кейінгі жылдары Шымқалада, облыс көлемінде түрлі лауазымды қызметтерді атқарған оның металлургия саласына қолтаңбасы қалғанын атап өтпеске болмайды. 

     Бұл тізімге Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловты да қосуға болады. 1986 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-металлург мамандығы бойынша аяқтаған ол 1985 жылдан бастап – Завенягин атындағы Норильск тау-кен металлургия комбинатының Жез балқыту зауытында балқытушы болса,  1986 жылдан бастап 1991 жылға дейін  Шымкент қорғасын зауытының балқытушысы, шебер, рафирленген цехтың аға шебері,  бас инженері, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Бес жылда сатылап өскен өндірістің маманы өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеді. Бүгінгі жас металлургтерге осындай азаматтарымыздың еңбек жолдары үлкен мотивация беретіні анық.

     shevko-2024__3000x4000.jpg  Металлургтер өндіріс қуатын арттырып, индустриялық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті мамандар. Металлург – құрметті мамандық.  Жылдар бойғы еңбегі, жоғары біліктілігі және өз ісіне деген үлкен сүйіспеншілігінің арқасында көпке үлгі болып жүрген жанның бірі – Виктор Шевко. Қазақ химия-технологиялық институтын (1969 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) және аспирантурасын (1973 жылы) бітірген.

      Металлургияның майталманы атанған Шевконың есімі бүкіл қазақ еліне жақсы таныс. Осы салада талай жыл ізденіп, еңбектер жазған профессор. Оның білімі мен біліктілігі, еңбек жолы талай жас өреннің осы мамандықты таңдауына себеп болды. Бар ғұмырын осы салаға арнаған кейіпкеріміз 1964 жылдан бері Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде шәкірттерге дәріс беріп келеді. Оның  «мектебінен» талай металлургтер түлеп ұшты.  Бүгінде жасы 80-ге таяса да ғылымды, ұстаздықты тастаған емес.  

    «Бұрындары «кім ақпаратты билейді, сол әлемге үкімін жүргізеді» дейтін нақыл сөз болатын. Қазір металлургтер мен аналитиктер арасында басқа түсінік қалыптасқан. Ендігіде қай мемлекеттің шикізаты мол және оны өңдейтін технологиясы бар, сол ел алға озады. Бұл ретте Қазақстанның болашағы жарқын деуге болады. Өйткені, бізде шикізат қоры өте көп. Технологиямыз да жеткілікті»,- дейді металлург.

    Ғалым ғылыми мектеп шеңберінде 6 ғылым докторын, 17 ғылым кандидатын, 10 ғылым магистрін дайындады. Оның авторлық бірлестікте жазған 1000-нан астам ғылыми еңбектері бар, оның ішінде 23 монографиясы, 102 өнертабысы жарық көрді.

     Ол «Кремний оксидінің көміртегімен және темірмен әрекеттескендегі темір силицидтерінің түзілуін жеделдету құбылысы» тақырыбында жасалған ғылыми ашылымның жетекші авторларының бірі болып табылады. Ғылыми жаңалық қара металлургияға, атап айтқанда құрамында Fe-Si-Ca-Al бар шикізаттан ферроқорытпаларды алу тәсіліне бағытталған.

     В.М. Шевконың жетекшілігімен әлемдік тәжірибеде алғаш рет қоспалы мыс және ферросилиций алу арқылы мыс оксидті кендерін кешенді өңдеу технологиясы; кальций карбидін, ферроқорытпа және мырыш айдамаларын алу арқылы қиын байытылатын мырыш кендерін кешенді өңдеу технологиясы; кокстелмейтін көмір мен көмір қалдықтарын пайдалану арқылы ферроқорытпаларды алу технологиясы жасалды. Ғалымның гранттық және нысаналы-бағдарламалық, бастамашыл жобаларды орындауда көп жылдық тәжірибесі бар. В.М. Шевконың жетекшілігімен Жәйрем ТКК цехтарын, Магнитогорск металлургия комбинатын қайта құру бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілді. Леңгір қаласында жылына 20000 тонна түрлі түсті металл рудасын қайта өңдеу бойынша тәжірибелік қондырғы орнатылды, Тараз қаласында кальций карбидін өндіру мақсатында шағын цех салынды. Ащысай кентіндегі металлургия зауытына мырыш кендерін өңдеу кезінде лигнинді пайдалану технологиясы енгізілді. Сондай-ақ жоғары кларкты элементтері бар дәстүрлі емес табиғи шикізат пен техногендік түзілімдерден ферроқорытпа мен кальций карбидін алудың бірлескен технологиясын әзірледі. Қазіргі уақытта AP14869066 «Фосфориттерді электротермиялық өңдеудің ресурсты үнемдейтін қалдықсыз технологиясын әзірлеу» гранттық жобасының жетекшісі болып табылады.

В.М. Шевко көптеген жылдар бойы Ұлттық минералды шикізатты кешенді өңдеу орталығымен бірлесе жұмыс істейді.

     Техника ғылымдарының докторы әлі де ғылымнан қол үзген емес. Металлургия саласының қыр-сырын ашып, болашақ мамандарға азық болатын дүниелерді зерттеуден жалыққан емес.  Ол 5 жыл бұрын ферроқорытпа бағытында жаңалық ашып, салада дүмпу жасаған. Жоба ғалам ғалымдарын таңдандырып, Виктор Шевко Петр Капица атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.

     «Фероқорытпа – темір мен басқа металдардың жоғары температурада бірігіп жасалатын қатты қорытпасы. Жүк көтеретін төзімді болат жасау үшін қажет. Егер фероқорытпа болат технологиясына негізделмесе болат сапасыз болып шығады және оны ешкім алмайды. Біз фероқорытпаға өзгеріс енгіздік. Тың технолгияны қолдана отырып бір мезетте бір апараттан корбит калций мен ферроселиций алдық. Бұндай технологияны бізге дейін жаһанда ешкім қолданған жоқ. Мұнымен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Қазір де тың жоба даярлау үстіндеміз»,- дейді ғалым. Металлургия ғылымына қосұан үлесі үшін ғалым 2018 жылы  "Еңбек ардагері" медалімен марапатталған. 

Виктор Шевко  үшін металлургия — жай ғана мамандық емес. Бұл – өмірлік таңдау. Ал мұндай мамандардың арқасында еліміздің өндірістік әлеуеті артып, сапалы өнім шетел нарығында да өз орнын тауып, білікті кадрлар даярлануда. 

      Айта кетейік, қазір Шымкент колледждерінде 39 студент металург мамандығына машығады. Ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті жыл сайын 20-ға жуық студент қабылдайды. Болашақ металлугтер мұнда бакалавр, магистратура, доктарантура дәрежелері бойынша білім алады.

     Өндірістің ошағына айналған Шымкентте бүгінде қаншама металлург мамандар қажырлы еңбек етіп, аянбай тер төгіп келеді. Олардың еңбектері ескерусіз қалып жатыр деп айта алмаймыз. «Металлургтер күні» қарсаңында сала үздіктері еленіп, лайықты марапаттарын алуда. Солардың бірі  - қаламыздың металлургия саласында 30 жылға жуық белсенді жұмыс жасаған Әлібек Еліманов  «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

     Әлібек Қадырұлы 1986 жылдан 2010 жылға дейін Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеген, кейін ол "Южполиметалл" ЖАҚ, әр түрлі лауазымдарда жұмыс атқарды. Осы корпорациядағы соңғы лауазымы: ӨТД бастығы және зауыттың аға диспетчері.

      2010-2012 жылдары Шымкент қорғасын зауыты "А-MEGA TRADING" ЖШС агломерациялық цех бастығы болып жұмыс істеді. Осы кезеңде адал еңбегі, Қазақстан Республикасының дамуы мен қалыптасуына белсенді қатысқаны және лайықты үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. 2016-2019 жылдары "KARLS KRONA LS AB" ЖШС-де өндірістік цех шебері болып жұмыс істеді.

     Әлібек Қадырұлы сауатты және жоғары білікті маман ретінде сипатталады. Жұмыс барысында өзін жауапты, адал, еңбекқор қызметкер, өз ісінің маманы ретінде көрсете білді дейді әріптестері.

      Ә.ҚЕліманов металлургия саласында мол тәжірибесі мен білімі, ұйымдастырушылық қабілеті бар, қабылданған шешімдер үшін жауапты болудан қорықпайтын адамдардың қатарына жатады, тағылымдамадан өтушілердің, студенттердің және жаңадан қабылданған қызметкерлердің көп санын оқытқан. Жоғары жұмысқа қабілеттілікке ие, сабақтан тыс уақытта, сондай-ақ форсмажорлық жағдайларда жұмыс істеді. Ол өзінің алдына қойылған кез-келген күрделі мәселелерді шешіп, әріптестер арасында бедел мен құрметке ие болды.

  Жалпы шымкенттіктердің металлургтерге деген құрметі ерекше. Ал сіз қалада «Металлургтер саябағы» бар. Металлургтер саябағы сәулет өнерінің бірегей ескерткіштерін сақтап қалған қаладағы қызықты тарихи орындардың бірі болып саналады. Саябақ 30-шы жылдары Қорғасын зауытының қызметкерлері үшін салынған Қорғасын қалашығының ауданында орналасқан. Сондай-ақ саябақта кеңес дәуіріндегі сәулеттік өнердің жарқын бейнесі - бұрынғы Мәдениет сарайы да орын тепкен.

     Бүгінде Қазақстан металлургиясы ел экономикасының негізгі әрі перспективалы салаларының бірі болып табылады. Республика қуатты шикізат базасына ие, дамыған кен байыту және металлургия кәсіпорындарының желісімен бірге Қазақстанды әлемдегі тау-кен өндірісі бойынша көшбасшы 15 елдің қатарына қосуға мүмкіндік берді.  Бүгінде металлургия Қазақстан экономикасының көшбасшы саласы саналады. Қазақстан металл ресурстары бойынша әлемде жетекші орындарға ие: Хром қоры бойынша әлемде 1-орынға ие (әлемдік қордың 41 пайызы), Темір қоры бойынша әлемдік қордың шамамен 1,5 пайызына иелік етеді, Мырыш қорының 5,6%-ын, Қорғасынның 2,4 пайызын, Марганецтің 0,7 пайызын иеленеді. 

 Өткен жылы Қазақстанның металлургия саласы өнімінің көлемі 14 триллион теңгеден асқан. Елімізде  металлургиялық кендерді өндіру 7,8 пайызға, ал металдар өндірісі 6,9 пайызға өскен. Негізгі металдардың әрі қарай өңделуіне, қосалқы салалардың дамуына және жоғары өңделген өнімдердің өндірісіне айрықша назар аударылуда. 2025 жылы мыс өңдеуді екі есеге, алюминийді 50 пайызға, қорғасынды екі еседен астам ұлғайту, сондай-ақ мырыш өндірісін 11 пайызға арттыру жоспарлануда дейді мамандар.Соңғы мәліметтер бойынша  салада 224 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Саладағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда $102 мыңды құрап, 9,4  пайызға өсті.

   Металлургтер күнінде пайдалы қазбаларды байыту саласындағы еңбеккерлердің зор еңбегі мен қажырлы қызметін ерекше атап өту маңызды. Олар елдің экономикалық әлеуетін нығайтып, металлургия өнеркәсібінің жоғары деңгейде дамуына қомақты үлес қосып келеді. Сондықтан да, бұл саладағы әрбір жетістік – металлургия мамандарының қажырлы еңбегі мен шеберлігінің жемісі. Бұл күрделі мамандық жоғары технологиялық білімді, жауапкершілік пен зейінділікті, талдай білуді, сондай-ақ жаңа әдістер мен технологияларды үйренуге дайын болуды талап етеді. Ал металлургтердің өздері болаттай берік мықты жандар. Металлург - кеннен алынған металды қорытып, өңдеп, өндіріс пен құрылысқа қажетті жоғары сапалы материалға айналдыратын білікті маман. Жоғары температура мен дәлдікті талап ететін бұл кәсіп ел экономикасының тірегі саналады. Металлургтер темір, болат, мыс, алюминий және басқа да металдардың сапасын арттырып, олардың беріктігін, төзімділігін қамтамасыз етеді

Металлург — ғасырлар бойы келе жатқан мамандық. Қай кезеңде болмасын металлургия саласы мемлекеттің қуатын арттыруда маңызды орын алып келген болса, бүгінде де еліміздің индустрия саласында қозғаушы күш болып табылады. Бұл сала қызметі ауыр әрі құрметті, ал осы маман иелері батылдық және жоғары кәсіби біліктілікті меңгерген қасиет иесі ретінде бейнеленеді.

    Металлург мамандығы – жоғары жауапкершілік пен терең кәсіби білімді талап ететін еңбек. Темір мен болатты балқытып, берік әрі сапалы өнімге айналдыру – тек білікті маманның қолынан келетін іс. Бұл – төзімділіктің, табандылықтың, және уақытпен сыналған шеберліктің белгісі.

Металлургтер – күн сайын ауыр, бірақ аса маңызды еңбек атқарып, мемлекеттің индустриялық қуатын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Олардың еңбегі – құрметке лайық.

    2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында металлург мамандығының қоғамдағы орны мен маңызын айрықша атап өткен жөн. Бұл салада еңбек ету – жай ғана жұмыс емес, бұл – ел игілігі жолындағы абыройлы миссия.

  Шымкент қаласының еңбегі ерен металлург мамандарына қарап жас мамандардың қалыптасатыны анық. Сондықтан қалада құрыш қолды еңбек адамдарын насихаттау жұмыстары жалғасатын болады. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Таңмен таласа оянатын мамандар
  • Құрылысшы – өмір бойы ізденіп өтетін мамандық
  • Құрылыстың маңызды маманы - инженер
  • Көмекке ұмтылған эксковатор жүргізушісі
  • Жанашыр маман Нұрболат
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер