Шымкент әлемдегі миллионды қалалардың топ 500-не 432-ші мегаполис болып енді. Бұл шаһардың әлемдік деңгейдегі қалалардың қатарында екендігін білдіреді. Әрине, мегаполис болудың қуанышымен қатар міндеті де бар. Жаңа қызметке кіріскеніне айға жуықтаған әкім Шымкентті одан әрі гүлдендіруге білек сыбана кірісіп кетті. Жақын ғана қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Қала әкімінің қатысуымен өткен XXXII сессияда қаланың 2017 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есебі, қалалық білім, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімінің есебі, сондай-ақ, төрт аудан әкімдігінің жұмысы тыңдалды. Жиында баяндама оқыған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бюджеттің орындалуы туралы сөз етті. Маманның мәлімдеуінше, жыл қорытындысымен өзіндік кірістер жоспары 104,7 пайызға немесе 2 555, 2 миллион теңгеге артығымен орындалған. Шығыстар бөлігінің нақтыланған жоспары 131 232, 6 миллион теңге болса, жыл қорытындысымен 131 075, 3 миллион теңге игерілді немесе жоспар 99,9 пайызға орындалған. Сондай-ақ, сессияда білім саласының есебі, ауызсу, электр, табиғи газбен қамтамасыз ету, кәріз жүйелері, жылу жүйелеріндегі негізгі жұмыстар да тыңдалды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров тарихи сәттерде мәслихат сессиясының төрағасы болған Хусанхан Ахматханұлына өз алғысын жеткізді. Шымкент қаласының әкімі Ғабидола Рахматоллаұлы барша әріптестерін бірлесе жұмыс істеуге шақырып, алдағы бірқатар жоспарларымен таныстырды. «Келесі аптадан бастап жаңа басқармалар құрылып, қала әкімінің орынбасарлары тағайындалады. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Біз де Астана, Алматы қаласымен барлық жағынан сәйкес болуымыз керек. Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Біздің қызметкерлер елордалық әріптестерімен бірге тәжірибе алмасып қайтады. Негізінен, сәулет, жол салу, аулаларды абаттандыру мәселелері бойынша. Бізде ресурс бар. Тек қана жұмыс істеу қажет. Елбасының тапсырмасын орындауға барлық күш-жігерімізді саламыз, – деді қала әкімі. Жиынның соңында кезекті сессияның төрағалығына Ерлан Омаров ұсынылып, мәслихат депуттары тарапынан қолдау тапты.