Елбасы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деген 10-шы тарауында заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешу, әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түсуі туралы ойларымен бөлісіп, «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», – деген болатын. Қазір әлемдегі дамыған мемлекеттер «Ақылды қала» жүйесіне енген. Шымкент те технологиялық тұрғыдан осы бағытқа қадам басып жатыр. Бүгінде қалада 11 салаға «Ақылды қала» тәртібі енгізілген. Бұл жоба қала сәулетінің көркейіп, тұрғын үйлердің мен жол қозғалысының электронды жүйеге өтуін көздейді. Сондай-ақ, шаһардағы туризмнің дамуына септігін тигізеді. Жоба аясында қалаға қатысты барлық мәліметтер электронды сайтқа жинақталуда. Тұрғындар оған өз пікірлерін, қалада орын алған кез келген оқиғаны орналастыра алады. Яғни, қала халықтың бақылауында болады, сыбайластыққа жол берілмейді. Сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім, көлік – көлік тұрағы және қоғамдық көлік, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы – көшені жарықтандыру, бірыңғай төлем құжатын ендіру және аталған салада дұрыс шешім қабылдауды үйрену, қауіпсіздік – қала бойынша бейнебақылау орнату, Шымкент қалалық әкімдігінің қызмет көрсету сапасын арттыратын зияткерлік байланыс орталығы сияқты бағдарлар бар. Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, бұл «ақылды қалаларда» энергоресурстар біраз үнемделеді, яғни көшелерді электрэнергиямен жарықтандыру – 60%, жылуды тұтыну – 30%, коммуналдық қалалық желілерге қызмет көрсету шығыны – 30%, электроэнергияны пайдалануға арналған есепшоттар – 26% дейін төмендетілген. Сонымен қатар қаланың қоғамдық қауіпсіздік деңгейі де артады. Дүниежүзі бойынша «ақылды қалалар» рейтингінде Канада елінің Торонта қаласы біріші орында тұр, ал Астана Интеллектуалдық қауымдастық форумының (АҚШ) рейтингі бойынша 2016 жылы «ТОП – 21» ақылды қалалар тізіміне енген болатын. Болашақта үшінші шаһар Шымкентті де осы тізімнен кездестіріп қалуымыз ғажап емес.