Шымкент қаласында бала санының артуына байланысты мектеп салуға деген мұқтаждық та артып келеді. Аталған проблеманы әкімдік кезек күттірмей шешімін табуда. Биылдың өзінде шаһар аумағында 12 мектеп пен 1 балабақша бой көтеруде. Оның бесеуін тұрғындар биыл игілігін көрмек. Атап айтсақ, Таскен тұрғын алабында №103 орта мектеп жанынан 600 орындық, ал Сайрамдағы №112 мен Қарабастаудағы №99 орта мектептердің жанынан 300 орындық қосымша жаңа ғимарат салынуда. Бозарық шағынауданында 900 орындық жаңа мектеп қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, №76 орта мектептің іргесінен бой көтеретін жаңа оқу блогы мен асхана, шеберхана, спортзал құрылысы да биыл аяқталады. Жалпы, 13 нысанның 1-іне ұлттық қордан, 4-іне республиалық, 7-іне облыстық, тағы 1-іне қалалық бюджет есебінен қаржы қаралыпты. Айтқандай-ақ бұған дейінгі білім ұялары 3 қабаттан тұрса, қабырғасы қаланып жатқан мектептердің қабаты 4-ке дейін бармақ. Мұның басты себебі жерді тиімді пайдаланып, балаларды тиісінше көбірек мектеппен қамтамасыз ету. Шымкентте 7 жыл ішінде 55 жаңа білім ұясы бой көтермек. Ал 2019 жылға мына құрылыс нысандары жоспарға енгізілген: 3 жаңа мектеп (Сайрам — 300, Тұран — 1200, Асар-2 — 1200) пен 3 қайта құру құрылысының (№23,109 және 120 мектептер) жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. 4 қайта құру құрылысы жоспарланған (№17,47,46 және 84 мектептер). Сондай-ақ, Төлеметов көшесі, Ақниет тұрғын алаптарында салынатын 4 жаңа мектеп құрылысына және №65 пен 79 мектептерге қосымша ғимарат құрылыстарына қажетті жер телімінің мәселесі шешілуде. Еске сала кетсек, өткен жылы Шымкентте 76 тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың 27-сі бюджет есебінен салынса, 39 үй - ұлттық компаниялар, 10 үй жеке инвестициялар есебінен салынған.