Жыл сайын қазақстандықтар 30 тамызда Конституция күнін атап өтеді. Биыл еліміздің Ата заңына 29 жыл толғалы тұр. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады. Айтулы мерекеде Шымкент қаласының әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетілмек.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек нақты кімдерге қандай көмек көрсетілетінін түсіндіріп берді.
ҚР Конституциясы күніне орай Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға бір реттік әлеуметтік көмек төленуде. Бұл бастама Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешімімен бекітілген «Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына» сәйкес жүзеге асырылуда.
Аталған шешімге сай, мүгедектігі бар балаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге), ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Бұл мақсатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы ұсынған 8 323 мүгедектігі бар балаға және Білім басқармасы жолдаған 673 жетім балаға төлем жүргізілуде.
Айта кету керек, төлемді алу үшін ата-аналарға немесе қамқоршыларға арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Барлық төлемдер автоматты түрде, мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы аударылады. Мүгедектігі бар балаларға арналған қаражат олардың аналарының әлеуметтік есепшоттарына түссе, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі қаражат заңды қамқоршысының атына аударылады.
Сонымен қатар, тіркеу мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Егер азаматтың мемлекеттік база бойынша тіркеуі Шымкент қаласында болмаса, онда жергілікті бюджеттен берілетін осындай төлемнен қағылуы мүмкін. Сондықтан қалаға қоныс аударған немесе уақытша тіркеуін басқа өңірге ауыстырған ата-аналарға, әсіресе 18 жасқа дейінгі ерекше бала тәрбиелеп отырған азаматтарға мемлекеттік зейнетақы төлемдері базасындағы мекенжай деректерін дер кезінде түзетіп алу ұсынылады.
Еске сала кетейік, биыл Наурыз мекересінде де осындай төлемдер берілген болатын.