2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік-техникалық бағыттағы мамандарды даярлау ісіне айтарлықтай көңіл бөлініп отыр. Қазақстанда еңбек нарығына талдау жүргізіліп, техникалық және кәсіптік салада тапшы мамандықтар тізімі жасалған. Бүгінде Шымкент қаласының кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 40 колледж жұмыс істейді. Онда 50 мыңға жуық студент білім алуда. Келесі оқу жылына жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша мемлекеттік тапсырыстың көлемі соңғы екі жылда 10 пайызға өскен. Қалада мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін техникалық кәсіптік біліммен қамтылған 9-шы сынып оқушыларының саны да жыл санап артып келеді.
Бүгінде Шымкенттегі 11 мемлекеттік колледждің 8 техникалық және технологиялық бағытта кадрлар даярлаумен айналысады. Колледждерде кадрлар даярлау өңір экономикасының маңызды салалары бойынша 75 мамандық және 166 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Қазір кәсіпорындардың сұранысы негізінде нысаналы тапсырыспен 1380 маман білім алуда.
Шымқалада академиялық дербестік аясында 24 колледжде дуальды оқыту форматы жүзеге асырылады. Түлектерді жұмыспен қамту үшін 18 колледж 28 кәсіпорынның қамқорлығына алынған. Сонымен қатар, 150 кәсіпорынмен келісім жасалған. Осы келісімшарттың шеңберінде түлектер одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағылымдамадан өтеді.
Колледждердің білім беру бағдарламаларын жақсарту мақсатында, 16 колледжде құзыреттілік орталықтары құрылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл орталықтар студенттерді әлемдік стандарттарға сай оқытуға мүмкіндік беруде.
Айта кетейік, 2025–2026 жаңа оқу жылына Шымкенттегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау 25 маусымнан басталды! Биылғы жылы қала бюджетінен 8000 оқу гранты бөлініп, 26 колледжге үлестірілді. Гранттар келесі салаларға бөлінді: білім – 855 орын, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 454, әлеуметтік ғылымдар және ақпарат – 90, бизнес, басқару және құқық – 25, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1365, инженерлік, өңдеу және құрылыс – 3490, ауыл, орман, балық шаруашылығы, ветеринария – 25, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау – 450, қызмет көрсету саласы – 1246.