Ана мейірімінен бастау алған мамандық

image.png       

Әрбір адамның өмір жолында күтпеген сынақтар кездеседі. Бірі сол қиындыққа мойып, өз тағдырына налыса, енді бірі оны қайсарлыққа айналдырып, жаңа белеске көтеріледі. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны, бүгінде мыңдаған сәби мен ананың алғысына бөленген балалар массажисі Садырханова Ақбота Әмірханқызы. Оның өмірлік кәсібінің бастауында аналық жүрек пен мейірім жатыр.

      Ақбота ханымның тағдыры кез келген әйелге таныс көріністен басталған: үйде үш баласын бағып, отбасына ғана арнаған жылдар. Бірақ кенже баласының мойны қисық болып туылуы  оның өмірінде үлкен сын болды. Ана үшін баласының денсаулығынан қымбат дүние жоқ қой. Ол бар үмітін арқалап, әр маманға барды, түрлі массажистердің көмегіне жүгінді. Бірақ күткен нәтижесі болмады. Осы кезде оның жүрегінде үлкен ой туды: «Егер ешкім көмектесе алмаса, неге өзім үйренбеске?»

       Сол шешім оны алыс жолға жетеледі. Ақбота арнайы Шымкентке барып, кәсіби массаждың қыр-сырын үйренді. Бұл оның тағдырындағы шешуші сәт еді. Өйткені алғашқы клиенті  өз сәбиі болды. Баласына алғаш рет өзі жасаған массаждың нәтижесін көргенде, жүрегі шаттыққа толды. Осыдан кейін көршілері, туыстары, таныстары сенім арта бастады. «Алғашқыда қорқыныш болған жоқ. Себебі өз балама жасай отырып, тәжірибе жинадым. Ана үшін ең үлкен қорқыныш – баласының тағдыры ғой. Көп массажистер өз балаларымен тәжірибе жасай бермейді, ал мен батыл қадамға бардым», – дейді Ақбота өткенді еске алып.

       Бірақ кәсібінің алғашқы қадамдары оңай болмады. Ақтау қаласында тұрған жылдары ол шаһардың әр түкпіріне автобуспен қатынап, үйлерге барып қызмет көрсетті. «Ақтау халқының мінезі қаталдау еді, менталитет өзгеше болатын. Бастапқыда қиындау тиді. Бірақ қазір сол күндерді еске алсам, күліп қоямын», – дейді ол күлімдеп. Уақыт өте келе Ақбота туған шаһары Шымкентке қайта оралып, кәсібін жалғастырды. Содан бері жеті жылдан астам уақыт бойы талай сәбидің денсаулығына сеп болып келеді.

       Ақботаның айтуынша, массаж тек сырқаттың емі ғана емес, аурудың алдын алудың да бір жолы. «Қазір балалар арасында гипоксия, дисплазия секілді дерттер жиілеп кетті. Осылардың алдын алу үшін сәби екі-үш айлығынан бастап массаж алуы керек», – дейді ол. Бүгінде ол тек сәбилерге ғана емес, әйелдерге және ерекше күтімді қажет ететін балаларға да қызмет көрсетеді. Әсіресе гипоксия мен дисплазия диагнозы қойылған жеті-сегіз айлық нәрестелерді жиі қабылдайды.

       Жақсы массажист болу үшін тек қол шеберлігі жеткіліксіз. Ақботаның пайымынша, ең бастысы  ата-анамен тіл табысу. «Клиентпен кез келген уақытта сөйлесуден қашпау керек. Сенім  жұмыстың жартысы», – дейді ол. Кейде ата-аналар баласын соншалық сеніммен қалдырып кететін кездер де болған. Ол бір қызықты оқиғаны күліп еске алады: «Бір ана маған хабарласып, „3-4 сағатқа баламды қарай тұрасыз ба?“ – деді. Келістім. Бірақ арада біраз уақыт өтіп, кеш батады. Анасы хабарласып: „Біз тауға шығып кеттік, түнгі бірде алып кетеміз, қарай тұрыңызшы“, – деді. Сөйтіп, біз күйеуім екеуміз баланы тамақтандырып, серуенге алып шықтық. Ақырында анасы келесі күні бір-ақ келді. Осы оқиғаны ойласам, еріксіз күлемін».

      Бүгінде Ақботаның орталығы жоқ. Өйткені ол үшін үйге барып қызмет көрсету тиімдірек. «Бұл тәсіл мен үшін де, аналар үшін де ыңғайлы. Қыста балаларды суыққа шығармаймын, жазда ыстыққа қинамаймын. Бұрын орталығым болған, бірақ шақыртулар көп болған соң, үйге барып қызмет көрсетуге көшкенмін», – дейді ол. Тағы бір қызығы – оның клиенттері әлеуметтік желі арқылы емес, тек бір-бірінің кеңесімен келеді. Бір сәби оңалса, екіншісі сол арқылы жол табады.

       Ақбота Әмірханқызы тек тәжірибелі массажист қана емес, тәлімгер де. Қазір ол бірнеше жас маманға білгенін үйретіп, шәкірт тәрбиелеуде.

       Оның кәсібі жай ғана табыс көзі емес, аналық мейірімнен бастау алған маман иесі. Әрбір баланың саулығы үшін жанын салу ең асыл міндет. Ақботаның қолы  шипа, жүрегі  мейірім.

      Массажистің еңбегі сырт көзге жеңіл көрінгенімен, артында үлкен ізденіс, жауапкершілік пен аналық махаббат жатыр. Адамның бойындағы мейірімнен басталған істің берекесі де, шипасы да мол болады. Ақботаның еңбегі соған дәлел.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «KazFerroGroup» кәсіпорнының еңбеккерлерімен жүздесті
  • Таңмен таласа оянған еңбек адамы
  • Медали и благодарственные письма вручили шымкентцам на торжестве в честь 30-летия Конституции
  • Шымкентте Ата Заң айбыны асқақтады
  • Гинеколог - қиындықтардан қорықпайтын, мықты мінезді мамандар
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер