Әдебиетке ғашық еткен Жібек апай

image.png      

 «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт», «Мектеп – білімнің тірегі, ұстаз – оның жүрегі», «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Осындай ғибратты сөздерді тізе берсек, қазақтың дана ойынан туған тәмсілдер талай парақты толтырар еді. Себебі халқымыздың әрбір сөзі  ғасырлар бойғы тәжірибеден, өмірдің өзінен сүзілген шындық. Әсіресе, ұстаз жайлы айтылған нақылдардың тереңдігі таңғалдырады. Өйткені ұстаз адам тағдырын айқындайтын, жүрекке нұр құятын, өмірге жол көрсететін қасиетті тұлға.

       Қазақ «Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – адамның досы» деп бекер айтпаған. Ұстаз  сол адамның баласын ұлттың перзентіне айналдыратын жан. Қазақ халқы үшін ұстазды құрметтеу ежелден қалыптасқан дәстүр. Бабаларымыз білім үйреткен жанды төрден орын беріп, ең асыл қонақ деп ардақтаған. Қарапайым ауыл мұғалімінің өзі ел алдында беделді, сөзі өтімді болған. Себебі ұстаз  халықтың көзі, құлағы һәм рухани шамшырағы.

         Иә, әрқайсымыздың мектеп шағымызда «ұрысқақ апайдан» қашқымыз келген кездер болған шығар. Кейде сабағына барғымыз келмей, «Ой, бүгін тағы да ұрсады ғой» деп, бала көңілмен ренжіп те қалдық. Бірақ жылдар өткен соң сол сәттердің бәрі тәтті естелікке айналады. Еске түссе, еріксіз жымиып: «Бала дәурен-ай, қымбат шақ-ай!» – деп ойлайсыз. Қайта сол қаталдықтың өзінен өмірлік сабақты, шыдам мен жауапкершілікті үйренгенімізді түсінеміз.

         Мектептің есігін айқара ашқан әрбір шәкірттің жүрегінде із қалдыратын тұлға болады. Біреу үшін ол алғашқы әріпті үйреткен мұғалім болса, біреу үшін өмірге бағыт сілтеген тәлімгер. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Қалтаева Жібек Айдарқызы – сондай ұстаздардың бірі.

        Жібек Айдарқызы 1986 жылы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ол бала күнінен-ақ кітаптың қадірін біліп, білімге ынтық болып өсті. Туған-туыстары мен ауылдастары да оның әрқашан қолынан кітап түспейтінін сүйсіне еске алады. №93 Ғани Мұратбаев атындағы мектепті үздік бітірген Жібек жасөспірім шағында-ақ алғырлығымен ерекшеленіп, түрлі пәндік олимпиадаларда топ жарған.

       2003 жылы ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, филология факультетін тәмамдады. Студенттік жылдары ғылыми конференциялар мен пікірталастарға белсене қатысып, әдебиет жайлы өз ойын еркін жеткізе білетін, пікірін дәлелдей алатын зерек жастардың бірі ретінде көзге түсті.

       «Ұстаздық – менің тағдыр таңдауыма айналды. Қай салаға барсам да болар еді, бірақ жүрегім балаларға тартып тұрды. Әр сабағымда шәкіртіме кітапқа ғашық болуды үйреткім келеді», – деп қолындағы кітабін құштарлана ашты.

      Жібек Айдарқызы оқушыларын әдебиетке ғана баулып қоймайды, оларды үлкен өмірге дайындайды. Оның шәкірттерінің бірі – Нұрмахан Бауыржанұлы: «Жібек апайдың арқасында мен өлеңге ғашық болдым.           Мектеп кезінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттап, республикалық байқауда бас жүлде алғаным ұстазымның еңбегінің нәтижесі. Ол кісі бізді өлеңді жаттап қана қоймай, оның рухын сезінуге үйретті», – дейді көзіндегі ұшқыны жанып тұрған, жас талант.

        Шәкіртінің жетістігі  ұстаз үшін ең үлкен марапат. Дегенмен Жібек Айдарқызының еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланып келеді. Ол ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» орталығы, «Nur Otan» партиясы және өзге де ұйымдардан алғыс хаттар алған.

      Ұстаздың мақсаты марапат жинау емес. Ол үшін бастысы  шәкіртінің көзіндегі ұшқын. «Мен үшін әр бала  жеке әлем. Сол әлемді жарық қылу менің міндетім», – дейді ол сабырлы үнмен.

      Иә, мұндай ұстаздар барда әдебиетті сүйетін, туған тілді құрметтейтін жас буын ешқашан үзілмейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «KazFerroGroup» кәсіпорнының еңбеккерлерімен жүздесті
  • Таңмен таласа оянған еңбек адамы
  • Медали и благодарственные письма вручили шымкентцам на торжестве в честь 30-летия Конституции
  • Шымкентте Ата Заң айбыны асқақтады
  • Гинеколог - қиындықтардан қорықпайтын, мықты мінезді мамандар
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер