Еңбек адамы – өз еңбегімен ел экономикасының дамуына, қоғамның алға жылжуына үлес қосатын, адал еңбектің қадірін түсінетін, маңдай терімен табыс табатын қарапайым азамат. Олар – құрылысшы, мұғалім, аспаз, шахтер, жүргізуші, тазалықшы, инженер секілді қоғамның барлық саласында еңбек етіп жүрген жандар. Бүгінде нәзік жандылар еліміздің түрлі саласында ерлдермен иық тіресіп табысты еңбек етіп келеді. Сондай жанның бірі – Дина Тәжібай – Шымкент қаласындағы “Alageum Electric” тобына кіретін “Asia Trafo” трансформатор зауытының инженер-конструкторы. 2018 жылдан бері «Alageum Electric» Компаниялар тобында еңбек етіп келеді. Бүгінде ол Қазақстанда алғаш рет өндірісі жолға қойылған 220 және 500 кВ кернеулі трансформаторларды жобалаумен айналысады. Бұл машиналардың сенімділігі еліміздің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Дина күн сайын еліміздің энергия жүйесінің сенімділігіне тікелей әсер ететін трансформаторларды жобалаумен айналысады. Оның еңбегі мен табандылығы мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланды.
Дина Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен тағайындалған тәуелсіз жастар сыйлығы «JAS KEÑES SYILYĞY»-ның «Жарық» номинациясының иегері атанған болатын. Бұл марапат - қоғамның маңызды салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосқан жас мамандарға беріледі. Дина Жастар саясаты жөніндегі кеңестің атынан 2 миллион теңге алды. Мұндай жеңістер жас инженерлерге шабыт беріп, ел дамуы жолындағы еңбектің маңыздылығын дәлелдейді.
«Бір сәтке тоқтап, терең тыныс алып, осы жолға ризашылықпен қараймын. Мамандығым арқылы өз елімнің электромашина жасау саласына, жалпы экономикасына үлес қосып жатқанымды сезіну - мен үшін үлкен қуаныш пен мотивация. Бұл жол жеңіл болмаса да, әрбір жобам, әрбір еңбегім туған елімнің дамуына қызмет етіп жатқанына шексіз ризамын»,- дейді ағынан жарылған маман.
Кәсіби жетістіктері мен мемлекеттік марапатқа ие болғаны үшін «Alageum Electric» Компаниялар тобының негізін қалаушысы Сайдулла Қожабаев Динаны 1 миллион теңге көлемінде сыйақымен марапаттады.
Біздің қаламызда тек талантты ер азаматтар ғана емес, ғылым, техника және технология дамуына өз кәсібилігімен және табандылығымен зор үлес қосып жүрген әйел мамандардың да бар екенін мақтан тұтамыз.