Өз мамандығын, кәсібін, жұмысын сүйіп істейтін адамның көңілі тоқ, жаны жадыраңқы болады. Себебі сүйікті ісіңді адал еңбепен ұұтастырғанда адам түбі бір жетістікке жететіні анық. Еңбек адамының басты қасиеті де осы – қажымай, талмай ел үшін тер төгу, өз ісін мінсіз атқару. Өз ісіне берілген мамандар арамызда көп-ақ. Әсіресе, Шымкенттегі Орта Азиядағы теңдесі жоқ «Asia Trafo» зауыты – нағыз еңбекқор, кәсіби жұмысшы мамандардың ордасы. Олардың қатарында құрастырушы-инженер Әлихан Мақатаев та бар. Қоғамда да, жұмыста да өте белсенді маманның аталған кәсіпорында еңбек етіп келе жатқанына 3 жылдан асқан.
Қашанда жайдары жүретін жігіт қаламыздағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Универсиетінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша диплом алып шыққан. Үйінің тұңғышы. Өзінен кейін қарындасы бар. Әкесі еңбек қауіпсіздігі және техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысы, ал анасы бастауыш сынып мұғалімі. Жас маманның арманы өз саласының үздігі атанып, инженерия бағытына одан әрі тереңірек сүңгіп, мамандығының өзіне әлі де беймәлім қырларын зерттеу.
Инженер – қолда бар мүмкіндіктің ең тиімді жаңа әдісін ойлап табу. Мысалы, жоба шешімін оңтайландыру, технология оптимизациясы, менеджмент пен жоспарлау, өнім мен зерттеме бақылау жұмыстары. Әрбір инженер өзінің кәсіби деңгейіне қарамастан техника жұмысымен, техникалық нысанмен және технологиялық үдерістермен жұмыс істей алу керек. Сол себептен техникаға деген сүйіспеншіліктің болуы шарт. Бұл жұмыстың жауапкершілік деңгейі өте жоғары, себебі жұмыс нысаны адам өмірімен тікелей байланысты.
«Біз электроэнергетика саласы бойынша Қазақстанда теңдесі жоқ өнімдерді шығарумен ацналысамыз. Өзіме, әсіресе, елімізде бұған дейін өндірілмеген трансформаторлардың жобасын жасау, құрастыру жұмыстары қатты ұнайды. Өзім басы қасында жүріп, бастан аяғына дейін жеткізбен жобалар қашанда ыстық көрінеді. Құрастырушы-инженер маманы болу үшін сізден жауапкершілік, өзіндік дисциплина, тиянаұтылық, тұрақтылық талап етіледі. Жалпы айтқанда мен өз мамандығымды жақсы көремін. Инженериясыз мен өз өмірімді елестете алмаймын. Жастарға жүрек қалауың бұрған мамандықты таңдар деп айтар едім. Сонда ғана сен өз салаңның білгірі, үздігі бола аласың»,- дейді кейіпкеріміз.
Әлихандай жас мамандар – ел тірегі екені даусыз.