Тарихтың сын сағатында еңбектің ащы дәмін, заманның тауқыметін тартса да, еш мойымай, саналы ғұмырында бар күш-жігерін елі үшін жұмсап, өзгелердің сый-құрметіне бөленген азаматтар еліміздің әр қиырында баршылық. Әсіресе, ел еңсесін тіктеп, егемендігіміздің іргесін бекітуге үлес қосқан ардақты аналарымыз аз емес. Бүгінгі кейіпкеріміз тыл ардагері Қазына Бектемісова солардың бірі де бірегейі. Қайсарлығымен, төзімділігімен, ұрпағына сіңірген еңбегімен ел құрметіне бөленген кейуанаға арнайы сый-құрмет көрсетілді. Атқамінерлер ардагердің шаңырағына барып, азық-түлік себеті табысталды.
Қазына Бектемісова – Алтын алқа мен Күміс алқа иегері, 9 баланың анасы. Бүгінде ол 30-дан аса немере, 20-дан астам шөбере, тіпті бір шөпшектің асыл әжесі. Үлкен әулеттің ұйытқысы атанған ардақты ана – елдік пен бірліктің, береке мен еңбектің айқын үлгісі.
Соғыс жылдарында әйел¬дер мен балалар таңнан кешке дейін еңбекке жегілді. Көп нәрседен таршылық көрдік, бірақ Отан үшін, елдің амандығы үшін барымызды салдық. Бидай ектік. Жұмыстан қашқан емесін. Күн-түн демей еңбек еттік, кейде үй бетін көрмей кететінбіз. Бүгінгі бей¬біт өмірге қарап, сол күндер еске түседі. Шүкір деймін. Қазір ел тыныш, жастар білім алып, еңбек етіп жүр. Менің арманым – осы бейбіт күннің қадірін біліп, соғыс деген сөзді тек тарихтан оқитын ұрпақ өссе деймін. Елге, жерге деген сүйіспеншіліктеріңізді жоғалт¬па¬ңыздар. Бірлікті бағала¬ңыз¬дар. Тек алға ұмтылып, ел игілігі үшін еңбек етіңіздер»,- деген еңбек ардагері: құдайым ондасын, жаманшылық болмасын шырақтарым. Өсіп өнсін , жастарың ұлғая берсін, менің жасымнан аса беріңдер . Көргендерің той болсын , жегендерің қой болсын,- деп құрмет көрсетіп келген жандарға ақ батасын жаудырды.
Қазына апамыздың шаңырағында болған белсенділер «Сіздердің еңбектеріңіз – біз үшін тәрбие мектебі. Бүгінгі бей¬біт өмір сүріп, білім алып, азат жүргеніміз – ардагерлердің арқасы. Мұның бәрі – сіздер сияқты еңбек ардагерлерінің жанқияр еңбегінің жемісі. Жас ұрпақ сол тәлімді жалғастырып, еліміздің болашағы үшін адал еңбек етуге тиіс. Сіздерге деген құрмет әрқашан ортаймайды»,- деп, тілектерін жеткізді.
Мұндай жандар әулетінің ғана емес, тұтас халықтың мақтанышы. Егеменді еліміздің баянды болашағы үшін жасаған еңбегі – ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.