Елімізді ішкі, сыртқы жаудан қорғап, тыныштығымызды күзететін ол - әскери саланың мамандары. Сондықтан маңызы басым мамандарды даярлау бүгінгі күннің басты талабы. Шымкентте мұндай шенді, қайсарлы мамандарды Генерал Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледж әзірлейді. Биыл 400-ден астам үміткер арасынан 168 талапкер аталған оқу орнының студенті атанды. Бұл конкурсқа қатысқандардың әрбір үшіншісі оқу орнына қабылданғанын көрсетеді. Колледж басшылығы ата-аналармен арнайы кездесіп, оқу процесімен таныстырды. Ішкі тәртіп пен болашақ әскери мамандарға қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпараттандырды.
Іс-шара барысында ата-аналар колледждің оқу процесін, материалдық-техникалық базасын және инфрақұрылымын көздерімен көріп шықты. Атап айтқанда оқу корпустары, казармалар, спорт залдары және заманауи оқу жабдықтарымен қамтылған сынып бөлмелері таныстырылды. Сонымен қатар оқу орнының күн тәртібі, білім беру мүмкіндіктері, әскери дайындық және дене шынықтыру сабақтарының өткізілу тәртібі айтылды.
“Бүгін ата-аналарды арнайы шақырып, оқу барысы, әскери атақ беру тәртібі, әрі болашақта түлектеріміздің қызмет ету мүмкіндіктері туралы толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл – ата-аналардың көкейіндегі сұрақтарға нақты жауап беру және сенімді арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара”,- дейді әскери колледж бастығы Мақсат Ахшалов.
Колледжге жаңадан қабылданған 168 курсантқа әскери киім үлгілері, жабдықтар және күнделікті пайдалануға қажетті заттар таныстырылып, тәртіп пен жауапкершілікке үйретудің алғашқы кезеңдері басталды. Осы кездесуге арнайы Қызылорда облысынан келген ата-ана Ғалымжан Утегенов ұлының беделді оқу орнына қабылданғанына дән риза. Айтуынша 9-шы сыныптан кейін осы колледжге түсу ұлының қалауы болған. Оқу ордасын көзбен көріп, материалдық-техникалық базасымен танысқан ол колледждің студенттерге сапалы білім беруге мүмкіндігі мол екенін жеткізді.
Кездесу соңында ата-аналар колледж аумағын аралап, оқу-тәрбие процесінің қалай ұйымдастырылғанына көз жеткізді. Колледжде сапалы білім алуға, спортпен айналысуға, әскери тәртіп пен патриоттық рухты бойға сіңіруге барлық жағдай жасалған. Ұландардың жан-жақты дамуына бағытталған білім беру бағдарламасы мен тәрбие жүйесі ата-аналардың көңілінен шықты.