Елімізде 2025 жыл "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Жұмысшы мамандықтар қоғамның экономикалық дамуына, өндірістің өркендеуіне және халықтың әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан 2025 жылы жұмысшы мамандықтарға қатысты кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары да жалғасады. Техникалық және кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық күшейтіледі. Бұдан бөлек әр өңірде жұмысшы мамандарға деген сұранысты қанағаттандыру мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүйесі де іске асырылуда. Айталық Шымкент қаласындағы кәсіпорын, зауыт-фабрика, қызмет көрсету орталықтарын қажетті жұмысшы мамандармен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тұрғындар жаңа кәсіптік мамандықтарды игеруде.
Мамандардың айтуынша курсты сәтті аяқтаған азаматтарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар оқыту тегін жүргізіледі және тыңдаушыларға шәкіртақы төленеді. Бағдарлама аясында жұмыссыз жүрген тұрғындар жаңа мамандық алып, тұрақты табыс табуға жағдай жасалады.
«Оқытудың екі түрі бар. Біріншісі - жұмыс берушінің базасында оқыту, егерде жұмыс берушінің тігін цехында оқу орталығы бар болса қатысушыларды сол жерде оқытып, әрмен қарай өздеріне жұмысқа алып қалады. Екіншісі қысқа мерзімді кәсіптік оқыту деген ол оқыту орталығында оқытып, басқа жұмыс берушіге жұмысқа орналастырады. Бүгінгі таңда біз 500 азаматты оқуға жолдадық. Олар қазір оқып жатыр. Ай сайын шәкіртақыларын алып жатыр. Оқуларын бітірген соң меңгерген мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Бұл жобаның басты мақсаты жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту және қаламызды сұранысқа ие жұмысшы мамандықтармен қамтамасыз ету. Себебі жұмысшы маман жетіспеушілігі байқалады»,- дейді Шымкент қаласы әкімдігі Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Арқабаев.
Айта кетейік, 2025 жылы қысқа мерзімді оқыту курсы бойынша 710 азаматтың білім алуы жоспарланған. Бүгінде 500-ден астам қалалық тұрғын білімін шыңдап жатыр. Алдағы уақытта олар аспазшы, шаштараз, сантехник, дәнекерлеуші сынды мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады.