Есеп пен еңбектің елшісі

image.png     

 "Ақша - адамның құлы болса игі, қожайыны болса қауіпті". Қазақтың бір тәмсілі осылай дейді. Есепсіз дүние болмайды. Әр істің, әр еңбектің артында есеп пен тәртіп тұрады. Ақшаны табу бір бөлек те, оны жүйелі түрде есептеп жұмсау бір бөлек. Алайда, қаржы өздігінен жүйеленбейді. Оны есептеп, реттеп, дұрыс арнаға бағыттайтын кәсіби мамандар бар. Олар бухгалтерлер.                

       Шымкенттің перзенті Мөлдір Әбдібекқызының қаржы саласына келуі де кездейсоқ емес. Ол бала күнінен-ақ өзгелерден оқшау еді. Қатарластары қуыршақ ойнап, арманға беріліп жүргенде, Мөлдір қолына түскен тиын-тебенді қайта-қайта санап, есеп жүргізуден жалықпайтын. «Сол шақта-ақ әр тиынның қадірін біліп. Есеп-қисап менің жұмысым екенін түсінетінмін, қызығатынмын» деп еске алады бүгінде.

        Балалық шақтағы осы ұқыптылық оны үлкен арманға жетеледі. Алматыдағы Экономика және статистика академиясына оқуға түсіп, «Есеп және аудит» мамандығын таңдады. Бұл жол оның өмірлік миссиясына айналды. Студенттік шақта-ақ сандардың сырын түсініп, бюджетті басқарудың қыр-сырын меңгерді.

      Бүгінде ол Шымкент қаласындағы №9 көркем гимнастикадан ОРМБЖСМ КММ-нің бас есепшісі. Бұл жауапты қызметке 2010 жылы қабылданған Мөлдір Әбдібекқызы содан бері мекеменің бүкіл қаржылық тіршілігін дөңгелетіп отыр.

        Көпшіліктің түсінігінде бухгалтерлік жұмыс жеңілдеу көрінуі мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес. Бұл  сырт көзге жеңіл көрінгенімен, айрықша дәлдік пен жауапкершілікті талап ететін сала. Кейіпкеріміздің өзі де мұны растап отыр: «Көп адам бухгалтердің жұмысын жеңіл деп ойлайды. «Отырған жерінде калькулятормен сандарды тере береді» деп топшылайды. Шын мәнінде, бұл мамандықтың қиындығы аз емес. Ең алдымен, жауапкершілік өте жоғары. Бір қате жіберсең, бүкіл мекемеге айыппұл салынуы мүмкін. Құжат деген толып жатыр, әрқайсысы мұқияттылықты қажет етеді. Салық пен заңдар жиі өзгеріп тұрады, соның бәрін қадағалап үлгеру оңай емес. Айдың, тоқсанның немесе жылдың соңында есеп тапсыратын кез  ең ауыр шақ. Сол кезде таңнан кешке дейін қағазға үңіліп, қателеспей есеп беру керек. Тексеріс келгенде де жүрегің аузыңа тығылып отырасың. Бірақ, соған қарамастан, әр есепті дұрыс тапсырып шыққанда ерекше жеңілдеп, «еңбегім зая кеткен жоқ» деген оймен қуанып қаласың», – дейді кейіпкеріміз. 

       Қателеспейтін, табандылық пен төзімділікке сүйенген мамандық иесі  бухгалтерлердің маңдай тері талай жанның несібесін жеткізіп, талай мекеменің тұрақтылығын сақтап тұр десек артық кеткендік, дәлелсіз мақтанға ұрынғандық болмас.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте ерікті жастарға арналған эко-экскурсия өтті
  • Жарыстағы жанкештілік
  • Отбасылық дәрігер – денсаулықтың ертеңі
  • Шымкент қаласының дамуы Smart City тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылады
  • Развитие города Шымкента будет осуществляться в рамках концепции Smart City
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер