Адам өмірінде денсаулықтан қымбат ештеңе жоқ. Оны сақтау мен қорғау әрбір азаматтың басты міндеті болса, мемлекет те өз тарапынан халықтың қамы үшін түрлі бағдарламаларды іске асырып келеді. Солардың ішінде соңғы жылдары ерекше маңызға ие болған жоба міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Бұл жүйенің арқасында кез келген тұрғын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекке ие бола алады.
Алайда, жүйе бәріне бірдей қолжетімді болуы үшін әр азаматтың сақтандыру мәртебесі болуы шарт. Өкінішке қарай, Шымкент қаласында әлі де сақтандыру жүйесіне қосылмаған адамдар бар. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, бүгінде мегаполисте 1 274 296 адам тұрады. Соның ішінде 1 051 776 тұрғын, яғни халықтың 82,5 пайызы сақтандырылған мәртебеге ие. Ал 222 520 адам әлі де бұл жүйеден тыс қалып отыр.
Дегенмен, соңғы бір ай ішінде сақтандырылмаған тұрғындар саны айтарлықтай азайды. Егер 23 шілде күні олардың қатары 237 490 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 14 970 адамға қысқарған. Бұл қалада жүргізіліп жатқан түсіндіру шараларының нақты жемісі.
Бүгінде сақтандырылмаған азаматтардың қатары әлі де аз емес. Олар бірнеше санатқа бөлініп қарастырылады. Мысалы, 11 мыңнан астам адам А санатына кіреді. 90 мыңнан аса тұрғын В санатында, ал шамамен 77 мың азамат С санатында екен. Бұдан бөлек, 45 мыңнан астам адам D санатына, ал 11 мыңнан аса тұрғын Е санатына жатқызылған. Бұл сандар сақтандыру жүйесіне толық кірмегендердің әлі де көп екенін көрсетеді.
Осы топтардың ішінде ең әлсіз әлеуметтік санатқа жататын D және Е тобының азаматтары. Олардың сақтандыру жүйесіне қатысуы үшін ай сайын 4 250 теңге жарна төлеуі тиіс.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары көп. Сақтандырылған азаматтар дәрігер белгілеген дәрілерді тегін ала алады, қажет болған жағдайда жоспарлы емге жатқызылып, қымбат диагностикалық тексерулерден өтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, күрделі хирургиялық операциялар да қосымша төлемсіз жасалады. Бұл жүйе тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.
Ал сақтандырылмағандар тек шұғыл жағдайда ғана медициналық көмек ала алады. Яғни жоспарлы ем мен маңызды қызметтерге қол жеткізе алмайды. Егер кез келген уақытта денсаулық мәселесі туындаса, үлкен шығынға ұшырап, қалтаға салмақ салынуы мүмкін.
Осы мақсатта Шымкентте жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Қала әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен жеті рет арнайы штаб отырысы ұйымдастырылып, онда нақты тапсырмалар берілген. Әрбір емхана деңгейінде де бұл бағыттағы жұмыс бақылауда. Халқымыздың «Сақтықта қорлық жоқ» деген ұлағатты сөзін осы орайда қаперге алғанымыз дұрыс шығар.