Білім ел дамуының ең басты тетігі, ұлттың болашағын айқындайтын құндылық. Жастардың сапалы білім алуы, заманауи талаптарға сай тәрбиеленуі мемлекетіміздің стратегиялық мақсаты. Осы бағытта соңғы жылдары елімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде «Жайлы мектеп» және «Келешек мектептері» ұлттық бағдарламалары ерекше мәнге ие. Бұл бастамалар балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жаңа заманға бейімделген мектеп инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Қыркүйек айының алғашқы брифингінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл қалада 12 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Білім ошақтары қаланың бірқатар шағынаудандарында, атап айтсақ Нұршуақ, Тұран, Нұртас, Жаңатұрлан, Ұлағат, Ақжар, Бозарық елдімекендерде бой көтерді. Жаңа мектептердің барлығы толықтай жергілікті атқарушы органның қарамағына өткізіліп, пайдалануға берілді. Ал Таскен шағынауданындағы бір мектептің құжаттары қазіргі таңда рәсімделу үстінде.
Жаңа нысандар салумен қатар, қолданыстағы мектептерді қайта жаңарту ісі де жүйелі жүргізілуде. Республика көлемінде 1300-ге жуық мектепке реконструкция мен күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған болса, бұл бастамадан Шымкент қаласы да шет қалған жоқ. Биыл қалада 9 мектеп пен 1 балабақша қайта жаңғыртылып, жаңа оқу жылының басында оқушыларды қабылдауға дайын болады. Мәселен, Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейіне 1,7 млрд теңге бөлінсе, Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназиясын жаңарту жұмыстарына 1,2 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, №99 мектеп-гимназиясы мен дарынды балаларға арналған IT лицей-интернаты да толықтай жөндеуден өтпек.
Білім сапасын арттыру тек ғимараттармен шектелмейді. Мектептің ішкі мазмұны мен тәрбие жұмысы да назардан тыс қалмауда. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірыңғай дизайн-код енгізу қолға алынған. Биыл Шымкенттегі 12 білім ұйымы осы жаңа жүйемен жұмыс істей бастайды. Бұл жоба оқушыларға мәдениетті орта қалыптастырып, мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмысының мазмұнын байытады. Әрбір сынып бөлмесі мен дәліздердің эстетикалық тұрғыдан әдемі безендірілуі, біркелкі үлгіде жасақталуы балалардың бойына ұқыптылық пен тәртіпті сіңіруге бағытталып отыр.
Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар ел болашағына жасалған нақты қадамдар. Жаңа мектептер салу, ескі ғимараттарды жөндеу, бірыңғай стандарт енгізу барлығы да жас ұрпақтың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына арналған. Бұл бастамалар бүгінгі күннің ғана емес, келешек буынның да игілігіне қызмет ететіні анық.