Шымкентте биылдан бастап аяқ киім өнеркәсібіне мамандар даярлайды. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аяқ киім өнеркәсібі мен киім дизайны бойынша жаңа факультет ашуды жоспарлап отыр. Осы салаға бет бұрған жастарға білім гранты да бөлінеді. Ал бітіруші түлектер жергілікті кәсіпорындарға оңай жұмысқа орналаса алады Қазір мегаполисте 4 аяқ киім фабрикасы жұмыс істейді. Бірақ білікті маман тапшы. Қазірдің өзінде мыңға тарта кадр қажет. Сондай-ақ «жұмысшы мамандықтар жылы» аясында биыл «киім дизайны» мамандығын ашу жоспарланып отыр. Осыған байланысты «Жас маман» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 275 млн теңгеге Италия мен Жапониядан керекті құрал-жабдықтар сатып алынған.
Үшінші мегаполистегі жеңіл өнеркәсіп саласына қажетті мамандарды сапалы даярлап келе жатқан Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі жаңа мамандық ашу үшін алдымен білікті кадрларды даярлап алған. Жыл басында жұмысшы мамандықтары жылы аясында және беделін жоғарылату мақсатында халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында «World Skills KAZAKHSTAN Академиясы» мекемесінің 2025 жылдың 6 қаңтарындағы № 0601 кіріс хатына сәйкес, Түркия мемлекетінің Стамбул, Измир және Бурса қалаларында колледж мамандары, атап айтқанда: М.Алимбетов, А.Турлыбекова, Ф.Каракулова және А.Мырзабек тағылымдамадан өтіп келген. Осы тағылымдама барысында Стамбул қаласындағы Кючюкчекмедже Тасев аяқ киім және былғары өнері технологиясы кәсіптік және техникалық Анадолы лицейімен танысты.
Жібек Жолдасбек модельер пішуші мамандығы бойынша аталған колледжде білім алуда. Бала күнінен тігінге қызығып өскен ол болашақта дизайнер болғысы келеді. Қазірдің өзінде сәнді көйлектер мен ұлттық нақыштағы шапан тігуді үйреніп алған. Ұлттық ою-өрнекпен жаңа дизайн туындыға ерекше сән береді дейді шәкірт.
«Биыл Қазақстанда тұңғыш рет арнайы грант бөлінген. Ол кәсіпорыннан арнайы ұсыныс жасалынып, жолдамамен оқытылады. Біздің бітіруші түлектердің 275-і биыл осы грант бойынша оқуды бітіріп, 13 фабрикаға арнайы барып жайғасады»,- дейді колледж директоры Гүлмира Тағаева.
Колледждің 55 пайыз студенті дуальды жүйе бойынша білім алады. Ол деген соз 60 пайыз практика, 40 пайызы теория.Колледж сондай-ақ қаладағы бірнеше өндіріс орнымен байланыс орнатқан.