Өлмейтұғын артында із қалдырған...

 image.png

 Адам өмірі әрқашан өнегелі ісімен ардақталады емес пе?  Қай салада еңбек етсе де адалдықты ту етіп, халқына, жұртына пайдасы тиген адамның өзі өмірден өтсе де оның еңбегі, жақсылығы ұмытылмайды. Сол секілді шымкенттіктер  қаламыздың спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан спорт саңлағы -  Леонид Иванович Приказчиковты әлі ұмыта қойған жоқ. Оған дәлел  жақында қаламызда белгілі спортшыны еске алуға  арналған жастар арасында футбол  турнирінің  өтуі.  Бұл күні сонымен қатар  Манап Өтебаев атындағы колледжде ардақты азаматтың есімін ұлықтайтын тақтайша ашылып, білім ошағындағы «Жігер» спорт кешеніне оның аты берілді.

Бұл тағылымды іс-шараны «Ауыл» партиясы атынан сайланған Шымкент қалалық мәслихат депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Қанатбек   Досалиевтің бастамасымен және ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шара барысында Қанатбек Балтабайұлы ұлағатты ұстаз, ұлт спортының жанашыры болған Леонид Ивановичтің елге сіңірген еңбегі мен спорттағы жетістіктері туралы естеліктерімен бөлісті.

Леонид Иванович – өз дәуірінің дара спортшысы, халқымыздың мақтанышы сонымен қатар, «Сайрам» шыңына жеке көтерілулер саны бойынша рекорд орнатқан  ержүрек азамат. КСРО-ның дзюдо, самбо, қазақша күрес бойынша  еңбек сіңірген спорт шебері. КСРО чемпионатының самбо бойынша Әскерилер арасындағы чемпионы. Самбодан 12 дүркін Әлем чемпионы (шеберлер арасында). Сондай-ақ, дзюдодан Әлем чемпионы және  Жастар фестивалінде самбодан КСРО чемпионы атанған. Әйтеке би ауданының «Батыр» құрмет белгісінің иегері және Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Бұл тағылымды шара – жастарға спортты серік етіп, биік шыңдарды бағындыруға және елге адал қызмет етуге үлкен үлгі. Оның табандылығы  мен еңбекқорлығы тек шымкенттік емес еліміздің барша  жастары үшін үлгі болды.  Қашанда айналасына шуағын шашып жүретін ол еңбек жолында, қиындығы көп спорт жолында талай жастарды өзіне тартып, шәкірт етті.  Ол жастарды спортқа баулып, төзім мен шыдамдылықтың, сабырлық пен жеңіске ұмтылудың нағыз жарқын үлгісін көрсете білді. Сондықтан, оның ерен еңбегін бүгінгі ұрпақ ұмытпайды және  ұлықтай бермек. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс
  • Президент парламенттік реформа жасау туралы бастама көтерді
  • Тоқаев: Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық ел болуы керек
  • Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма берді
  • Шымкентте ерікті жастарға арналған эко-экскурсия өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер