"Ас – адамның арқауы" дейміз. Күнделікті өмірдегі маңызды істердің бірі – құнарлы әрі пайдалы тамақтану. Ендеше адамға арқау болған асты пісіретін маман жұмысының маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Дәмді тағам – кез келген адамның көңіл күйі мен күш-қуатының сарқылмауына себеп болады. Өмірлік ісі ретінде аспаздық кәсіпті меңгерген жандар бойларына үлкен шеберлікті, асты тек ағзаға ғана емес, жан дүниеге жеткізе білу өнерін де меңгереді. Бүгінгі кейіпкеріміз – бойынан аталған өнер табылатын, бармағынан бал тамған аспаз.
Анварбек Кулдашев — күн сайын ас үйде тынымсыз еңбек етіп, әр тағамға жанын салады. Ол өз ісіне берілген, адал еңбегімен ел алғысына бөленген азамат. «Мен 1993 жылы Тамақтану индустриясы және сервис колледжіне түсіп, 1996 жылы аяқтап шықтым. Міне, сол уақыттан бері аспаз болып еңбек етіп келемін. Соңғы бес жылда өзімнің жеке кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Жартылай ет өнімдерін әзірлейтін және сататын екі дүкенім бар. Мен экологиялық жолмен құрамы таза шұжық, стейктер жасаймын. Қазір бұл өнімдерге сұраныс өте жоғары. Әсіресе, мейрамхана, асхана секілді қоғамдық орындар көптеп алады. Мұндай өнімдерді жасаудың басты құпиясы - етті және дәміне үйлесетін қоспаларды дұрыс таңдай білу»,- деген кейіпкеріміз мамандығын мақтаныш санайды. «Ең бастысы өз ісіңді, мамандығыңды жақсы көре білу қажет. Сонда ғана жұмысың оңды болады. Аспаз – бұл тек ас әзірлейтін маман емес, сонымен қатар адамдардың денсаулығын ойлайтын адам. Аспаздың басты қаруы тек ас үйдің құрал-жабдығы емес, сонымен қатар - тазалық. Кез-келген асты әзірлеу тазалықтан басталады. Сондықтан мен жұмыс барысында тазалыққа аса мән беремін. Себебі сенің әзірлеген тағамыңды көпшілік тұтынатындықтан, олар сенің асыңнан ләззат алуы керек. Аспаз адам ағзасына зиянсыз, дәмді тағам дайындауды білуі керек. Мұны істеу үшін ол тамақтануды, тіпті, медицинаны түсінуі маңызды. Осының бәрі аспаздың қажетті мамандық қана емес, сонымен қатар өте мәртебелі мамандық екенін дәлелдейді. Мен әлі күнге дейін үздіксіз ізденіс пен оқу үстіндемін, өйткені рецептер күнде өзгереді. Ертеден кешке дейін аяғыңнан тік тұрып, ыстық-суыққа төзу үшін ісіңе деген сүйіспеншілік керек. Аспаз – сырт көзге оңай көрінгенімен, жауапты әрі қиындығы мол мамандық. Аспаздың екі қолы оның құрал-жабдығы іспеттес болады. Шынайы сүйіспеншілікпен жасалған ас көптің көңілінен шығады»,- дейді шеф-аспаз.
Анварбек Жолдасұлының тұрғындарды сапалы әрі пайдалы аспен қуантып келе жатқанына бүгінде отыз жылға жуықтапты. Өз ісіне ұқыпты, тиянақты маманның еңбегі де жоғары бағаланып келеді. «Халықтың жылы сөзі, алғысы мені алға жетелеп келеді» дейді аспаз.