Құтқарушы дәрігер - құрметті мамандық

image.png

Құтқарушы – әлемдегі ең қауіпті,  ең жауапты және күрделі салалардың бірі.  Жасыратыны жоқ, кейде олар өмірлерін күн сайын қауіп-қатерге душар етіп, адамдарды құтқару үшін өз өмірін қиюға әзір болады.  Өзгенің өмірі үшін тәуекелге бел буып, шешуші сәтте жанкештілік таныту кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік. Төтенше жағдайда зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету оңай жұмыс емес.  Ол үшін батылдық, күшті рух және сүйікті ісіңізге адал болуыңыз керек.

ТЖМ қызметкерлері бұлар – өрт сөндірушілер, құтқарушылар, ұшқыштар, дәрігерлер, психологтар, кинологтар. Кез келген ауа-райында, кез келген жағдайда ерлік көрсетіп, абыроймен қызмет етеді. Басқалар үшін кино секілді керемет оқиға, таңғажайып ерлік саналатын жағдайлардың барлығы құтқарушылар үшін күнделікті қарапайым жұмыс.

Қай мамандық иесі болсын, нағыз маман атанып, халықтың алғысына бөлену кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Бүгін біз мақаламызға арқау еткен кейіпкер өмір мен өлім арасындағы тағдыршешті сәтте көзсіз батырлыққа барып жүрген жанның бірі – Шымкент қаласы бойынша Апаттар медицинасы орталығының дәрігері  Ғалымжан Жапбар. 

Өз ісіне адал ақ халатты жан еңбек жолында зардап шеккен көптеген адамдарды құтқарды. 2015 жылдың қаңтарында оның басшылығымен бригада нәрестені шұңқырдан шығарып, құтқарып қалғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Ал  2017 жылы Ғалымжан Қамбарұлы Шымкент қаласы бойынша филиалына дәрігер лауазымына ауыстырылды. Осы жылдар ішінде көптеген төтенше жағдайлардың медициналық зардаптарын жоюға қатысып келеді.

«Менің мамандығым қызығынан гөрі қиындығы мол дер едім. Себебі  адамның өміріне жауап беру – үлкен жауапкершілік. Біздер арнайы мекеме немесе палата, ота үстелінде емес апат болған кез-келген орында, кез-келген жағдайда жаны қиналып тұрған адамдарға алғашқы көмек беріп, сол жерде ем-шарамызды көрсетеміз. Ең бастысы жүрегің мықты болу керек. Кез келген жағдайды эмоцияға берілмей, салқын қабылдауды үйренуге тиіссің. Әйтпесе түрлі жарақат алғандарды көріп, жаның түршіксе, қолың дірдек қағады. Сол себепті біздің жұмыс жұмсақтықты қажет етпейді»,- дейді Ғалымжан Қамбарұлы. 

Рас-ау, апат кезінде түрлі ауыр жарақат алған адам алдыңа келгенде абдырап қалмай, алғашқы көмек көрсету үшін жүректің түкті болмағы керек.  Кейіпкеріміз  өзіне тиісті қызметті әбден меңгеріп алған маман ретінде абыройлы.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Құтқарушы дәрігер - құрметті мамандық
  • Жолдаудан кейінгі ой: Шымкенттік педагог ЖИ-дің білім саласына қосар үлесіне сенімді
  • Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс
  • Президент парламенттік реформа жасау туралы бастама көтерді
  • Тоқаев: Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық ел болуы керек
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер