Зейнетке шығу – әр адамның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Жастық шағын еңбекпен өткізген әр адамның құрметпен зейнетке шығуы абырой, кейінгіге үлгі боларлық дәреже. Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ұжымы азаматтық қорғау органында 20 жылдан астам қызмет еткен аға өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау старшинасы Досым Сейдуалиев те бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер өрт сөндіруші.
Кейіпкеріміз «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 10 жыл», «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 15 жыл», «ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда үздік шыққаны үшін, «Гарнизонның үздік командирі» медальдарының иегері. Сондай-ақ ерен еңбегі үшін 2013 жылы Министрлік тарапынан алғыс хатта алған болатын.
Еңбек жолын 2005 жылы Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші қызметінен бастаған. Одан кейін түрлі лауазымда өзін жауапкершілігі жоғары қызметкер екенін көрсетіп, өз міндетін адал, абыроймен атқарды. Талай рет тілсіз жаумен күресте адамдардың өмірі мен материалдық құндылықтарын құтқаруда алдыңғы шептерде көріне білді. Өзінің кәсіби тәжірибесі мен білімін жас қызметкерлерге үйретті.
Досым Сейдуалиев үлгілі әке,адал жар бола білген жан. Қазіргі таңда 6 баланың әкесі,1 немеренің ардақты атасы.
Осындай үлгілі қызметі үшін әріптестері азаматтық қорғау старшинасы Досым Тойшыұлына әлі күнге дейін ерекше құрмет көрсетіп тұрады.
Қызыл жалынмен арпалысқан өрт сөндірушілердің еңбегі ерен. Бұл салада қызмет ету үшін үлкен жүрек керек. Оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту маңызды. Нағыз өрт сөндіруші шаршауды әрі «қолымнан келмейді» деген сөзді білмейді. Тәуліктің кез-келген уақытында, тіпті, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірінен саналады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Иә, өрт сөндіру сынды жауапты да қатерлі жұмыстарында жүрген ұжым мүшелерінің еңбегі қай жақтан болса да құрметке лайық.