2025 — Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – қоғамның ұзақ жылдан бері ескерусіз қалған саласына жаңа серпін берудің бастамасы. Бұл – тек өндіріс пен қызмет көрсету салаларын ғана емес, тұтас еңбек мәдениетін қайта жаңғыртуға бағытталған шешім. Өйткені заманауи әлемде жоғары технология мен нақты шеберлікті меңгерген жұмысшы — ел дамуының негізгі тірегіне айналды. Бүгінгі күні электрик, дәнекерлеуші, құрылысшы, механик, оператор сияқты мамандықтар тек “жұмысшы” мәртебесімен шектелмейді, олар — экономиканың алғы шебінде тұрған кәсіби стратегтер.
Мұнай-газ саласы бүгінде ел экономикасының тірегі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мереке қарсаңында сала мамандарының еңбегін ерекше атап өтіп, олардың еліміздің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Отандық өндірістің қуат-күші болып жүрген еңбек адамдарының қатарында Мұхтар Мырхайдаров та бар.
1964 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген Мұхтар Бахадүрұлы еңбекке 18 жасында араласты. 1982 жылдан бастап өндіріс саласында шыңдалып, 1985 жылы ҚазТИ-ге механик мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуымен қатар еңбекті де қатар алып жүрген ол 1991 жылы сырттай оқуды тәмамдап, қолына дипломын алады.
1990 жылдан бері Шымкент мұнай өңдеу зауытында табан аудармай қызмет етіп келе жатқан ол шеберлігін шыңдап, цех шеберінен механикке дейінгі еңбек жолынан өтті. Қазіргі таңда «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС №1 технологиялық цехының механигі ретінде зауыттағы өндіріс процесінің іркіліссіз жүруіне жауапты маман.
Мұхтар Бахадүрұлы үшін еңбек - өмірінің мәні. Оның арқасында зауыттағы әрбір механизм үздіксіз жұмыс істеп, өндірістің жүрегі соғып тұр. Саладағы ұзақ жылғы адал еңбегі - жас мамандар үшін өнеге, өндірістегі сенімді тірек.
Ал, үйінде жан-жары екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірген әке. Ал «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі орденін иеленуі – көп жылғы маңдай терінің, адал еңбегінің жемісі. Бұл марапат – оның жеке еңбегіне ғана емес, бүкіл еңбек адамына берілген баға.
«Басшылық Астанаға барып, марапат алатынымызды айтқан сәтте қатты қуандым. Қарапайым жұмысшы мамандардың еңбегінің елеп-ескерілгендігіне қуандық. Бұл әсіресе зауытымызда жұмыс істейтін, еңбек жолын енді ғана бастап жатқан жас мамандарымызға үлкен мотивация, үлгі болды. Жұмыста жастарға әрдайым білгенімізді үйретіп жүреміз. Міне, осылай аянбай тер төгіп, адал қызмет жасасаңдар, марапатты да аласыңдар, алғысты да арқалайсыңдар деп айтып отырамын. Қазір зауытымызда жастар өте көп. Кәсіпорынның ендігі жұмысын алып кететін, жандандыратын, басқаратын осы жас мамандар емес пе? »,- дейді кейіпкеріміз.
Зауыттың жұмысын ілгерілетіп, дамуына үлесін қосып келе жатқан Мұхтар ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.