Жетпісті алқымдаса да саласынан қол үзбеді

image.png

Мұнай өңдеу зауыты – жүздеген мамандардың басын бір арнаға тоғыстырған алып кәсіпорын. Қара алтынды ел игілігі үшін игеру ісі бір ғана маманның қолынан өтетін шаруа емес.  Бұл бірнеше маманның, жұмысшылардың  төккен тері мен еңбегінің нәтижесі. Шымкент мұнай өңдеу зауытында өнімді еңбек етіп келе жатқан маманның бірі  - Жақсылық  Мыңжасаров. 1953 жылы Шымкент қаласында өмірге келген.   Алматы энергетика және байланыс институтын тәмамдаған жас маман 1979 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылданады. Ол кезде зауыт енді ғана салынып жатқан, айнала бос жатқан далада ара-тұра резервуарлар мен аяқталмаған құрылыстар ғана көзге түсетін. Жас инженер еңбегін қарапайым электрмонтерліктен бастап, талмай ізденудің, еңбексүйгіштіктің арқасында цех басшысы, учаске бастығы, электроцех басшысы, бас энергетикке дейін өсті. Әрбір сатыда ол өндірісті дамытуға бар күші мен білімін, біліктілігін салды. 

    Жақсылық Емидұлы мұнай саласын дамытуда тыңнан түрен салды. Ол өндірісте еңбек қауіпсіздігін күшейтетін 150-ден астам рационализаторлық ұсыныс енгізді. 1999 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауыты үшін аса маңызды жобалардың бірі – ТЭЦ-3-тен 110 киловольттық электр желісін тарту бастамасын көтеріп, жылына шамамен 50 млн теңге үнемдеуге жол ашты. Зауыттың энергетикалық қызметі әрдайым жоғары тиімділікпен жұмыс істеуі де Жақсылық Мыңжасаровтың еңбегінің жемісі десек қателеспейміз. 

    Оның еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. 2007 жылы «Күміс Президенттік сыйлыққа» ие болды, сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібінің 100 жылдығына арналған «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Құрмет» орденімен марапатталды. 

«Зауыттың алғашқы кезеңінде біз жас едік, амбициямыз күшті болды. Жалақы мардымсыз болғанымен, бес-он жылда өз үйіміз болатынына сендік. Құрылыс кезінде еңбекақысыз артық жұмыс істеу біз үшін үйреншікті жағдай еді. Сол кездің жастары осылай шыңдалды. 90-жылдардағы қиын шақта да зауыт халықты жұмыспен қамтып, ел экономикасына үлесін қосты. Сол жылдары кәсіпорын қысқа уақытта нарықтық экономикаға бейімделіп, кейін шетелдік менеджмент келген соң жаңа технологиялар мен басқару тәжірибесін игерді. Қазіргі жастарға айтарым, қандай жағдайда да, қандай қызметте жүрсең де, ең әуелі адам болып қалу керек. Біз бүгін істеген жұмыстың нәтижесі ертеңгі балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына әсер етеді. Олар қандай әлемде өмір сүретіні - біздің қолымызда", - дейді кейіпкеріміз. 

    Жақсылық аға бүгінде зейнетке шықтым деп бос жатқан жоқ. Зейнетке шыққаннан кейін де ол сала тағдырынан шет қалмай, мұнай-газ өндірісінің дамуына тәжірибесімен үлес қосып келеді. «Жасым 72-де. Бірақ әлі де мен көп нәрсені енді үйреніп жатырмын. Қай салада жұмыс істесең де өмір бойы іздену керек, оқу керек. Мен де әлі күнге дейін іздену үстіндемін. Жастарға да айтарым сол: ешқашан толдым, тойдым демеңіздер. Оқыңыздар, еңбек етіңіздер»,- дейді еңбек ардагері.

     Тоқырау жылдарды да өз мамандығына адалдық танытқан Жақсылық Емидұлының еңбек жолы жастарға жарқын үлгі. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық өнімдерді сыртқы нарықта кеңінен таныстыру – елді әлемге танытудың бір жолы
  • Өскелең ұрпақтың бақыты мен берекелі өмірі – ортақ мақсат
  • Қомақты инвестициясыз өркендеу жоқ
  • Сұраныстан түспеген маман
  • Шымкентте мемлекет басшысының жолдауын талқылау жөніндегі кеңес өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер