Саналы ғұмырын ел экономикасының тірегіне айналған стратегиялық салаға арнаған Сейілхан Жүсіпбеков жетпістен асса да әлі жұмыста. Тәжірибелі химик-технолог әрдайым жаңа жобалардың басында жүріп, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы тың істердің жүзеге асуына тікелей атсалысып келеді.
Сейілхан Жүсіпбеков 1954 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Мектепте зеректігімен дараланып, асқақ арманының жетегінде өскен бала Сейілхан білім жолын қуып, Ресейдің Иркутск қаласынан бір-ақ шықты. 1976 жылы Иркутск политехникалық институтын тәмамдап, кәсіби жолын Мәскеуде бастаған. Он үш жыл бойы ауқымды тәжірибе жинақтап, елге оралған соң, еліміздің мұнай өңдеу саласының өркендеуіне бар күш-жігерімен кіріседі. Ардагер әрдайым жаңа жобалардың басында жүріп, өндірістегі тың істердің жүзеге асуына тікелей атсалысты. Әсіресе, Шымкент мұнай өңдеу зауытының іске қосылуы мен дамуына қосқан үлесі айрықша.
Бірнеше жобаларға басшылық жасап, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында да басшылық қызметте болады. 2017 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытынан зейнетке шыққанымен, сұранысқа ие маман бүгінде жасы жетпістен асқан шағында да мұнай саласында қызметін жалғастырып келеді.
50 жылға жуықтаған еңбек жолында Сейілхан аға үнемі алдыңғы шепте жүрді. Ол мұнай саласының болашағына сенеді, жас мамандарға үлкен үміт артады.
Жеке өмірінде де отбасының тірегі. Жұбайы екеуі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ардагер үшін отбасының амандығы мен елдің өркендеуі – басты құндылық.
«Қазақстан мұнайға бай ел. Осы қара алтынызды өзіміз бағлай білсек деймін. Мұнайды шикізат күйінде сырқта сатпай өзіміз соны тереңірек өңдеп, жанар-жағар май, химия өнімдерін өндірсек еліміздің экономикасы одан әрі дамиды. Шүкір, қазір қаламызда да, жалпы елімізде мұндай кәсіпорындар салынып жатыр. Үшінші мегаполисте мұнай өңдейтін зауыттың тағы бір қосымша жобасы жасалған. Ол жүзеге асса жүздеген мамандарға жұмыс табылар еді, әрі мұнай саласының дамуына септігін тигізетін болады»,- дейді Сейілхан ағамыз.
Қарапайым цех басшылығынан бастап, вице-президенттікке дейін көтерілген еңбек жолы – табандылық пен біліктіліктің айғағы іспетті. Мереке қарсаңында мұнай-газ саласының ардагері, тәжірибелі химик-технолог III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Бұл саналы ғұмырын ел игілігі жолына арнаған, маңдай терін бір салаға төккен жанның еңбегінің бағаланғаны деп білеміз.