Елге еңбегімен сыйлы Ертай

image.png

    Қоғамның берік іргетасы тек жаңа технология мен ірі өндірісте қана емес.   Оның артында күнделікті өмірдің тынысын сақтап, әр отбасының ошақ отын өшірмей тұрған қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегін де. Адал еңбектің дәмін татып, маңдай терімен өмір сүрген осындай адамдардың арқасында қоғам тұрақтылыққа қол жеткізеді. Солардың қатарында елге еңбегімен сыйлы, адал әрі қарапайым болмысы бар Ертай Төлебаев та бар.

     Ертай Қаратайұлы 1984 жылдың 25 желтоқсанында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Қарабау ауылдық округінің Үшбұлақ ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасында өсіп, еңбектің мәнін бала кезінен бойына сіңірді. Әкесі Қаратай Төлебаев адал еңбегімен ауылға сыйлы, ұстанымы мықты жан болса, анасы бала тәрбиесіне бар ықыласын арнаған асыл ана еді. Өкінішке қарай, Ертай жастайынан үлкен сынға тап болып, 2005 жылы анасынан, 2007 жылы әкесінен айырылды. Бірақ тағдырдың бұл сынағы оның жігерін жасыта алмады, қайта қайратын шыңдады. 

      Мектепті тәмамдаған соң, яғни 2002 жылы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептен түлеп ұшқан Ертай бірден еңбекке араласты. Жастық жігерін жұмыспен ұштастыра білген ол алғашқы еңбек жолын «АРТ ХОЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бастады. Мұнда өзін еңбекқорлығымен танытып, тәртібі мен ұқыптылығының арқасында әріптестерінің сенімін ақтады. 2007–2011 жылдары жиһаз құрастырушы болып қызмет атқарып, қолының ептілігі мен ісіне мұқияттығымен ерекшеленді. Әр бұйымның мүлтіксіз жиналуы, дәлдігі мен сапасы оның шеберлігінің айғағы болды. Уақыт өте келе ол құрылыс саласына бет бұрып, өз ісін жетілдіре түсті.

       Ертайдың еңбек жолы әрқашан жаңа ізденіс пен тәжірибеге толы болды. 2022–2023 жылдары «Алматы Су» мекемесінде слесарь қызметін атқарып, техникалық жұмыстарды жетік меңгергенін көрсетті. Ал 2024 жылдың 1 тамызынан бастап Шымкент қаласындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында оператор-машинист болып еңбек етіп келеді. Қала тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету, тұрмыстық қажеттіліктерді үздіксіз жеткізу, аса үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Ертай бұл міндетті адал атқарып, әр күніңді ел игілігіне қызмет етуге арнауға болатынын дәлелдеп жүр.

      Еңбекқор азаматтың өміріндегі басты тірегі – отбасы. 2011 жылы Арыс қаласының тумасы Нұрбану Әліпбековамен шаңырақ көтеріп, бүгінде екі қыз бен бір ұлдың ардақты әкесі атанып отыр. Жарына сүйеніш, балаларына қамқор әке болып, отбасына шынайы жылу сыйлап келеді. Ертайдың айтуынша, шаңырақтың шаттығы мен берекесі, бір-біріне деген сыйластық пен еңбектен басталады. Ол балаларына да «адал еңбектің дәмі әрқашан тәтті» деген өмірлік ұстанымды ісімен көрсетіп, үлгі болып жүр.

     Ертай Төлебаевтың тағылымды жолы  қарапайым еңбектің қадірін терең түсінетін жанның тарихы. Қай салада қызмет етсе де, сенім мен жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Оның сабырлы мінезі мен еңбекке деген құрметі – жас ұрпаққа нағыз үлгі. Осындай азаматтардың еңбегімен ел іргесі бекіп, қоғам алға басады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ биінің жанашыры
  • 35 жылдық адал еңбектің иесі
  • Жасанды интеллект – жаңа дәуірдің құралы
  • Әуенмен өрілген тағдыр
  • Елге еңбегімен сыйлы Ертай
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер