Әуенмен өрілген тағдыр

 image.png       

Байкен Құрманалиевтің өнер әлеміндегі үні Шымкенттің кешкі самалындай жүрекке жайлы тиеді. Көктен төгілген әуенге ұқсаған қоңыр сазы бірде ауылдың тынысын жеткізсе, бірде жүректің үнін, жылуын сездіреді. Әнші-композитордың әр шығармасы туған жердің топырақ иісімен, балалық шақтың балғын естелігімен, ананың мейірім-шапағатымен астасып, тыңдарманын өзімен бірге терең сезімге жетелейді.

       Байкен 1983 жылдың 4 мамырында Төлеби ауданына қарасты Алатау ауылында дүниеге келген. Тау бөктері мен өзен аңғары қатар өрілген осы мекен оның жүрегіне өшпес із қалдырды. «Тау самалы мен өзен сылдыры – менің алғашқы ұстазым», – дейді өзі. Бала күнінен-ақ ауылдың той-думанында, мектеп кештерінде домбыраға қосылып айтылған халық әндері оның қиялын қалықтатып, жүрегіне ұя салды.

         Өнерге деген шынайы құштарлық жас жігітті Шымкенттегі Саз колледжіне жетеледі. Мұнда ол үрмелі-соқпалы оркестрдің жетекшісі әрі флейта мамандығын меңгерді. Дәл осы оқу ордасында сахнаға алғашқы қадамын жасап, кәсіби білімін ұштады. Музыка біртіндеп әуес пен ермек шеңберінен шығып, өмірінің өзегіне айналды.

        Бүгінде Байкен Құрманалиев «Шымкент концерт» концерттік ұйымының тәжірибелі әншісі ғана емес, тыңдарманға композитор ретінде де танылған өнер иесі. Оның «Ауылым», «Ұшқан бағым», «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бұлт», «Арыс жағасында» сияқты әндерді орындауы  талай жанның жүрегін тербеді. 

        Ал «Қазақ елі», «Ана», «Аңсаймын сені», «Сағындырған балалық» атты авторлық әндері – Байкеннің жан дүниесінің айнасы. «Қазақ елі» – Отанға деген сүйіспеншіліктің, азаматтық үннің айғағы болса, «Ана» – шексіз мейірім мен құрметтің әуені. «Сағындырған балалық» тыңдарманды тәтті естеліктерге жетелеп, әр жүрекпен сырласады.

        Байкен үшін өнер табыс табудың жолы емес, елмен тілдесудің, жүректерді тоғыстырудың ең шынайы амалы. «Ән жазу – естелікті қағазға түсіру сияқты. Әр әуен өзімнен бір үзік сыр алып шығады», – дейді ол. Сондықтан болар, оның әуені әр тыңдарманның көңілінен өз әуезін табады.

        Байкен Құрманалиевтің өнер жолы  жас таланттарға үлкен сабақ. Табандылық пен талпыныс қана өнерде өз орныңды айқындайтынын, ол өз өмірімен дәлелдеп келеді. Оның әр жаңа әні туған жерге тағзым, адамдыққа шақыру, сағыныш пен сүйіспеншіліктің үні.

      Қарапайым ауылдан түлеп ұшып, қазақ эстрадасының сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Байкеннің тағдыры әуенмен өрілген тағдыр. Сол әуен әлі талай жүректі тербеп, талай естелікті тірілтпек. Шынайы өнердің мәңгілік ғұмыры да  осында.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ биінің жанашыры
  • 35 жылдық адал еңбектің иесі
  • Жасанды интеллект – жаңа дәуірдің құралы
  • Әуенмен өрілген тағдыр
  • Елге еңбегімен сыйлы Ертай
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер