35 жылдан астам уақыт бойы денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келе жатқан Зумрад Хайдарова – қоғам үшін нағыз баға жетпес адам. Оның еңбегі тек кәсіби шеберліктен тұрмайды, ол науқастың жан дүниесін сезіне білетін, жүрегі жылы, сабырлы маман ретінде танылды. Әрбір күнін адамдардың амандығы үшін арнаған ол науқастарға сенім мен үміт сыйлап, қиын сәттерде демеу болды. Мұндай жанашырлық пен адалдық кез келген дәрігер үшін ең биік мәртебе..
Зумрад Худайбергенқызы 1966 жылдың 31 шілдесінде Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келді. Бала кезінен зеректігімен ерекшеленген ол 1973–1983 жылдары Тельман атындағы №15 мектепте білім алып, мектепті алтын медальмен тәмамдады. Бұл жетістік оның білімге деген құштарлығы мен алға ұмтылған қайсар мінезінің дәлелі. Сол кезден-ақ Зумрад өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, кез келген қиындыққа төтеп беруді үйренді.
Мектепті бітірген соң Зумрад Хайдарованың таңдауы медицина саласы болды. 1983 жылы ол Ташкент мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1989 жылы қызыл дипломмен тәмамдады. Кейін Алматы медициналық институтында интернатурадан өтіп, кәсіби дәрігер ретінде алғашқы қадамдарын нық басты.
35 жылдан астам уақыт бойы Зумрад ханым әр науқастың денсаулығы үшін аянбай еңбек етті. 1990 жылдан 2022 жылға дейін ол Шымкент қаласындағы №12 қалалық емханада терапевт-дәрігер болып қызмет етті. Уақыт өте келе тәжірибесі мол, сенімді маман ретінде күндізгі стационардың жауапты қызметкеріне айналды.
2023 жылдың қаңтарынан бастап Зумрад ханым «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы құрамындағы «Дария Медикус» ЖШС мекемесінде күндізгі стационар дәрігері болып қызмет атқарып келеді. Мұнда да ол бұрынғыдай әр науқастың жанынан табылып, сапалы медициналық көмек көрсетуді басты парызы санайды.
Ұзақ жылдар бойғы табанды еңбегі, кәсібіне адалдығы және адамдарға деген шынайы қамқорлығы үшін Зумрад Хайдарованың әріптестері де, емделушілер де ерекше құрмет тұтады. Ол үшін ең үлкен марапат науқастың алғысы мен қоғамдағы сенім.
Зумрад Хайдарованың өмір жолы жас мамандарға үлгі, ұлт мақтанышы. Оның қажырлы еңбегі мен адамгершілігінің арқасында қоғамның денсаулығы нығайып, адамдардың жүрегінде сенім мен үміт сәулесі орнайды. Осындай жанашыр, тәжірибелі дәрігерлердің арқасында елімізде нағыз еңбек адамының абыройы асқақтайды.