Адал еңбек адам бойындағы табандылық пен төзімділіктің көрінісі. Ал, отбасы мен кәсіпті қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Шымкент қаласының тұрғыны Жанат Утепова бірнеше жұмысты қатар алып жүретін нағыз еңбек адамы.
Жанат Рысбекқызы бүгінде өзінің кәсібімен табыс тауып отырған іскер әйел. Ол алғашында шағын сауда-саттықтан бастаған кәсібін бүгінгі күні үлкен тойханаға дейін жеткізіп, отбасылық табыстың да, тұрақтылықтың да берік негізін қалаған жан. Алайда, кәсіпкермін деп қарап отырмай, аспаздық өнерді де қатар алып жүруі нағыз еңбекқорлықтың үлгісі болса керек.
Жанаттың әр күні таң шапағымен басталады. Жұрт ұйқыдан енді ғана оянып жатқан шақта, ол тағам дайындап, тапсырыстарды қабылдап, тойханаға керек-жарақтарды реттеп жүреді. Аспаз ретінде түрлі ас мәзірін шеберлікпен дайындап, тапсырыс берушілердің алғысына бөленіп жүрген еңбек адамына айналған. Үйде тамақ әзірлеу бір бөлек, ал үлкен көлемде ас дайындап, той-томалақтың сәнін келтіру үлкен жауапкершілік пен тәжірибені талап етеді.
«Бала күнімнен еңбекке араластым. Анам саудамен айналысатын. Ол кісіге көмектесіп жүріп, еңбек етудің не екенін, маңдай тердің қадірін түсіндім. Кейін өзім де сол жолды таңдадым. Саудадан тойхана кәсібіне өттім. Бірақ аспаздықты ешқашан тастаған емеспін», – дейді Жанат.
Жанат үшін еңбек ету тек табыс табудың жолы емес, өмір сүру салтына айналған. Ол адал еңбек арқылы балаларына да үлгі бола білді. Жақында ғана қырыққа толған кейіпкеріміз бес баланың анасы және бір немеренің асыл әжесі. Жанұясында мейірімді ана, асыл жар бола білген Жанат жұбайы Қанат екеуі отбасылық құндылықтарды берік ұстап, бір-біріне тірек болып келеді. Ол өз ісін барынша сүйіспеншілікпен атқарады. Бұл қасиеті оның кәсіби табысының басты сыры.
Жанат отбасында балаларын еңбекке баули отырып, оларға «еңбектің наны тәтті» екенін үйреткен. Оның айтуынша, қыз-келіншек болсын, ер адам болсын адам баласы ешқашан жалқаулыққа бой алдырмауы керек. Еңбек еткеннің еңсесі биік, табысы да, абыройы да тұрақты болады.
Қай қоғамда да еңбек адамына деген құрмет арта түсуі тиіс. Себебі елдің дамуы осындай қарапайым, бірақ тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың иығына сүйеніп тұр. Жанат сияқты көпбалалы ана, кәсіпкер, аспаз, отбасының тірегі болған әйел жастарға ғана емес, жалпы қоғамға үлгі. Ол ешқандай атақсыз-ақ, мадақсыз-ақ елге қызмет етіп жүрген шын еңбек адамы. Оның өмір жолы «еңбектің наны тәтті» екенін дәлелдейтін нақты мысал болса керек.