Көпшілігіміз аурухана туралы ойласақ, ең алдымен көз алдымызға ақ халат киген дәрігерлер мен мейірімге толы мейірбикелер елестейді. Шынында да, науқастың дер кезінде ем қабылдап, аман-есен сауығып шығуы үшін олардың кәсіби білімі мен жүрек жылуы орасан маңызды. Дегенмен, денсаулық сақтау саласындағы табыстың сыры тек дәрігер мен мейірбике еңбегіне ғана тірелмейді. Әрбір бөлменің мұнтаздай тазалығы, төсек-орынның уақытылы ауыстырылуы, құрал-жабдықтың дер кезінде жуылып, ретке келтірілуі , ем-домның нәтижесін еселей түсетін, мәні айрықша үлкен жауапкершілік. Шымкент қаласындағы №3 қалалық аурухананың кір жуу бөлімінде қызмет етіп жүрген Нодира Эргешова солардың бірі.
Нодира Эргешова 1976 жылдың 10 қаңтарында Түркісан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келді. Еңбекқор отбасында өсіп, бала кезінен үлкендердің адал еңбегін көріп өскен ол жауапкершілік пен ұқыптылықты жастайынан серік етті. 1993 жылы мектепті тәмамдаған соң, құрбылары жоғары оқу орнына асыққанда, Нодира өмір жолын өзгеше таңдады: білім іздеп емес, еңбекке араласуды жөн санады.
Алғашқы еңбек жолын 1995 жылы Калинин атындағы орта мектепте қарапайым техникалық қызметкер болып бастады. Жас қыз үшін бұл өздігінен шыңдалудың алғашқы баспалдағы болатын. Бірақ уақыт өте келе тағдыр оны медицина саласына жетеледі. Сайрам аймақтық ауруханасына жұмысқа орналасқан сәттен бастап, Нодираның өмірі денсаулық сақтау мекемесінің тыныс-тіршілігімен біте қайнасты.
Алғашқы жылдары ол жұқпалы аурулар бөлімінде еңбек етіп, кейін терапия бөліміне ауысты. Мұнда шаруа бикесі қызметін атқарып, дәрігер мен мейірбикенің күнделікті жұмысын жеңілдететін міндетті атқарды. Таза төсек-орын дайындау, бөлімшені тәртіпте ұстау, әрбір бөлменің санитарлық қауіпсіздігін сақтау, осылардың бәрі оның күнделікті еңбегінің бөлінбес бөлігіне айналды. Нодира Джураевна бұл қызметте 22 жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, өз ісінің нағыз шебері атанды.
Ал 2022 жылдан бастап ол аурухананың кір жуу бөлімінде еңбек етуде. Әр сала өз құндылығы мен маңыздылығына ие, бұл бөлімнің де жауапкершілігі ешкімнен кем емес. Уақытында жуылмаған мата, дезинфекциядан өтпеген киім нағыз қауіптің бастауы. Мұндай кемшіліктер аурухананың ең әлсіз тұсына айналып, пациенттердің денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
2020-2021 жылдары әлемді алаңдатқан COVID-19 індеті кезінде Нодираның еңбегі тіпті күрделене түсті. Қорғаныс киімін шешпестен, күні-түні жұмыс істеу, әр сәті қауіп пен белгісіздікке толы күндерде ол да майдан шебінде жүрді. Жұмыс орнындағы мінсіз тазалық індеттің таралуын тежеудің басты кепілі болды. Нодира әріптестерімен бірге мыңдаған адамның амандығы үшін аянбай тер төкті. Бұл көзге көрінбегенімен, нағыз ерлікке пара-пар іс еді. Оның жанқияр еңбегі елеусіз қалған жоқ. Нодира Джураевна бірнеше мәрте алғыс хаттармен, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Нодира Эргешованың өмір жолына қарап, науқастың сауығуы тек дәрігердің білікті емінен немесе мейірбикенің жанашырлығынан ғана емес, осындай өлшеусіз еңбектің арқасында жүзеге асатынына көз жеткіземіз.