«Еңбек адамы» — бұл ұғым ең алдымен адал еңбекпен ел дамуына үлес қосатын қарапайым азаматтарды білдіреді. Еңбек адамы — күнделікті маңдай терімен түрлі салада жұмыс істейтін, қоғамның негізін құрайтын еңбекші адам. Олар — құрылысшы, мұғалім, дәрігер, механизатор, шахтер, жүргізуші, зауыт жұмысшысы, фермер сияқты түрлі мамандық иелері.
ҚР Ұлттық Статистика бюросының 2025 жылғы есеп-қисабына көз жүгіртсек, елімізде 539 мыңның үстінде кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, оның 6,8 мыңы орта, 2,4 мыңы ірі кәсіпкерлік субьектілері саналады. Соның ішінде мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпкерлік субьектілеріне тоқталсақ, елімізде бүгінге таңда 1,2 мың мемлекеттік, 1,01 мың жеке, 35 ортақ кәсіпкерлік субьектісі тіркеулі һәм жұмыс істеп тұр екен. Міне, осыншама зауыт, фабрикаларда миллиондаған жұмысшы мамандар еңбек етіп, еліміздің экономикасының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Солардың бірі – Нұрұлас Сайдуллаев. Ол Шымкенттегі «Dala-construction.kz» кәсіпорнында цех басшысы болып қызмет атқарады. Шырайлы Шымқаламыздың құрылыс саласына өлшеусіз үлес қосып жүрген маман зауыттағы жұмыстың ауыр әрі қызықты екенін айтады.
«Біздің цех 9 қабатты үйдің құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарын өндіреді. Айталық баспалдақ, лифт шахтасы, балкон қабырғалары, үйдің қабырғалары секілді көптеген қажетті материалдарды шығарамыз. Өнімдерімізге сұраныс жылдан-жылға артуда. Былтыр 21 үйдің құрылысына қажетті бұйымдарды шығарсақ, биыл жыл басынан бері 22 тұрғын үйдің құрылыс заттарын әзірледік. Қаладағы жаңа «Тұран», «Бозарық» секілді шағын аудандардағы көп қабатты үйлердің құрылысы осы біздің зауыттың өнімдерімен тұрғызылуда. Қазіргі таңда мен басқаратын цехта 80-ге жуық маман жұмыс істейді. Зауытта жұмысшылардың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына жақсы қарайды. Бір мезгіл ыстық тамағы беріледі, жалақыларын уақытылы алады. Уақытша деп келген жастар осында тұрақты жұмысқа қалып жатыр. Жастарға тіс қаққан мамандарымыз жұмысты алып кеткенше барлығын өздері үйретеді»,- дейді ол.
Кейіпкеріміздің бұл салада еңбек етіп жүргеніне талай жылдың жүзі болған. Өз ісіне жауапты маманның еңбегін басшылары да бағалап келеді.
Айта кетейік, «Dala-construction.kz» ЖШС «ДАЛА-ҚҰРЫЛЫС» инертті материалдарды өндіруден бастап және дайын өнімді құрылыс нысанына жеткізумен, өндіріс тізбегін толықтай қамтамасыз етіп, құрылысқа арналған материалдар мен бұйымдарды өндіруде заманауи тәсілді қолданатын кәсіпорындардың бірі әрі бірегейі саналады.