2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Шымкенттегі сапалы жұмысшы мамандарды даярлап отырған Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі «Шымкенттің стилі мен жайлылығын жасаймыз» тақырыбында пресс-тур өткізді.
Колледж еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлайды. Мұнда студенттер тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тоқу өндірісі, жаңа ашылған киім дизайны мен аяқ киім ісі мамандықтарын меңгеріп жүр. 1100 білім алушының 55 пайызы дуалды жүйемен оқиды. Оның тиімділігі теорияны тәжірибемен ұштастырып, өндіріске ерте араласуы.
«Жалпы колледжде студенттер 2 жыл 10 ай оқиды. Одан бөлек ерекше білімді қажет ететін, құлағы естімейтін балаларымыз білім алады. Одан бөлек түзеу мекемесінде бөлімшеміз бар. Соңғы жылдары мектепте оқи тұра бізде 2 жылға жуық оқып, диплом алып жатқан жастар да бар. Біздің колледждің негізгі ерекшелігі ол студенттеріміздің 55 пайызы дуалды жүйемен білім алуы. Яғни 60 пайыз практика, 40 пайыз теория үйренеді. Сондықтан колледж түлектерінің жұмысқа жайғасу көрсеткіші өте жоғары»,- дейді Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры Гүлмира Тағаева.
Жеңіл өнеркәсіп саласына қажетті, бүгінде сұранысы жоғары мамандарды даярлап отырған колледж қаладағы 41 тігін фабрикасының 25-імен колледж тығыз байланыс орнатқан. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп қана қоймай, түрлі сайыстардан жүлде алып жүр.
Оқыту базамызда, өндірістік оқу орталығымызда шәкірттерді сайысқа дайындаймын. Қалалық біріншілікке қатысып екі оқушы бірінші орын алды. Енді республикаға жолдама алып, соған дайындалып жатырмыз. Қазір қыздар киімдерді құрастырып жатыр. Модельдеу тағы оны пішу, тігу деген секілді. Жоғары нәтиже көрсетеміз деген ойдаймын»,- дейді өндірістік оқыту шебері Алтынай Өмірбаева.
Оңтүстік индустриялық аймағындағы құзыреттік орталық – заманауи базаға ие. Осындағы жабдықтармен жұмыс істеу үшін колледждің 30 маманы арнайы курстан өтіп, сертификат алған. Мұнда жаңа мамандықтар бойынша білім беріледі.
«Қазіргі таңда бізде 30 жуық адам істейді. Жартысы тігіншілер, қалғаны басқа да жұмысшылар. Қазір бізде маман тапшы, әсіресе тігіншілер. Соныдқтан колледжбен ынтымақтастық орнаттық. Оқу орнының студенттері осында тәжірибе жинап, өндіріске араласа алады. Түлектерді де жұмысқа алып жатырмыз»,- дейді өндіріс басшысы Мақсат Қабылов.
Колледж түлектері жүз пайыз жұмыспен қамтылады дейді басшылар. Биылдың өзінде 150 түлек жұмысқа орналасып, 85-і жоғары оқу орындарына түсіпті.