«Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» мекемесінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында танымдық іс-шара өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы аясында архивтің қоғамдағы ролі, адамзат үшін архивтің және архивист маманының маңыздылығы, жас ұрпаққа Шымкент өңірінің тарихын кеңінен таныстырып, оларды патриоттық сезімге баулу мақсатында архивтік құжаттар негізінде көрме, іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған болатын.
Бүгінгі танымдық іс-шараға колледж және жоғары оқу орнының студенттері қатысып, архивтік құнды құжаттар бойынша жасалынған «Тарихыңды тани біл» атты көрмені тамашалады. Онда Ресей, Өзбекстан елдерінен алдырылған өңірімізге қатысты құнды құжаттар бар. Елімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлерінің жеке құжаттары сақталған.
Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің тыныс-тіршілігіне шолу, архивтік қоймаларға экскурсия өткізілді. Сонымен қоса, цифрландыру жұмыстарының қалай жүзеге асып жатқаны көрсетілді. «Көрмені тамашалай отырып, мен қалаға еңбегі сіңген көптеген тұлғалардың өмірбаяндары мен маңызды құжаттарымен таныстым. Мұрағат ісі өте қызықты сала екен. Бұрынғыдай шаң басқан қағаздар емес, барлығы жаңа цифрланған жүйеге көшкен»,- дейді студент Аяла Сайынбек.
Мекеме басшысының орынбасары Алтын Кеңесқызының айтуынша, жыл сайын қыркүйек айында ашық есік күні ұйымдастырылады. Шетелдің мемлекеттік архивтерінен әкелінген Шымкент туралы тарихи құнды құжаттар көпшілік назарына ұсынылады.
Сондай-ақ, бүгін сәулет өнерінің үздігі Асқар Әзімбаев шақырылып, оның өмірбаяны, туындылары, жобалары, еңбек жолы жас ұрпаққа кеңінен насихатталды. Одан бөлек, белгілі сәулетшімен кездесу өтті. Асқар Кебешұлы жас ұрпаққа өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, жастарды адал еңбек етуге шақырды. Ол 44 жыл бұрын Мемлекеттік жобалау институтына жас маман болып келіп қаладағы көптеген ірі нысандардың жобасын сызған. Соңғы жұмыстары Мега сауда орталығы, Терминал жаңа әуежай, Ақмешіт проектісін сызған.
«Мен Шымкент қаласынан бөлек облыс, республика көлемінде көптеген жұмыстары, жобаларды атқардым. Қазір қарап отырсам 40-қа жуық ірі жобаларды жасаппын. Кішілері 100-ден асады. Мұның бәрі әрине еліміздің, қаламыздың гүлденуі үшін жасалған еңбек»,- дейді сәулетші «Архитектура дизайн-Ш» ЖШС басшысы Асқар Кебешұлы.
Ашық есік күнінің мақсаты құнды құжаттарды шаң бастырмай жарыққа шығару. Ерен тұлғалардың еңбегін елге таныстыру.