Шымкент қаласының мақтанышы, кәсібіне де, еліне де адал қызмет етіп жүрген Ильгиз Исхаков жас буынға үлгі болатын еңбек адамы. 1989 жылдың 25 сәуірінде дүниеге келген ол бүгінде 14 жылдық тәжірибесі бар білікті инженер ғана емес, өз мамандығын терең меңгерген, азаматтық болмысы айқын тұлға.
Ильгиз бала кезінен ғылым мен есеп-қисапқа бейім болып өсті. «Мектепте жүргенімде химия мен физика пәндерін ерекше сүйетінмін. Зертханалық тәжірибелерге қызығып, әр формуланың артында тұтас бір заңдылық жатқанын түсінгім келетін. Сол ізденіс мені химиялық технология саласына алып келді», – деп еске алады ол. Білімге деген осы құштарлығы оны М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің « Жарылғыш заттар мен пиротехникалық құралдардың химиялық технологиясы » мамандығын таңдауға жетеледі. «Бұл мамандық күрделі әрі жауапкершілікті талап етеді. Бірақ қиындықтан қашпай, керісінше, соны игеру арқылы шыңдалуға ұмтылдым», – дейді кейіпкеріміз.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, 2011 жылы еңбек жолын «ДорСтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженер болып бастады. «Алғашқы жұмыс – әр жас маман үшін үлкен мектеп. Жауапкершілікті сезініп, тәжірибелі әріптестерден көп нәрсе үйрендім. Инженер болу тек сызба сызу емес, ең әуелі ұқыптылық пен дәлдікті талап ететін күрделі жұмыс», – дейді ол алғашқы жылдарын саралап.
2017 жылдан бері Ильгиз «Южный конкурент» компаниясында еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі инженері болып қызмет атқарып келеді. Бұл қырағылық пен ұқыптылықты талап ететін, адам өмірінің амандығын басты орынға қоятын сала. «Қауіпсіздік қағаз жүзіндегі ереже емес, күнделікті тәжірибеде қалыптасқан дағды болуы керек. Біздің міндет әр қызметкердің жұмыс орнында амандығын қамтамасыз ету», – дейді Ильгиз өз ісінің маңыздылығын айқындай отырып.
Еңбектегі адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін ол 2022 жылы Шымкент қалалық Көлік және автомобиль жолдары басқармасынан, 2024 жылы қала әкімі тарапынан Алғыс хаттарға ие болды. «Марапат еңбектің бағаланғаны. Бірақ ең үлкен жетістік әріптестерімнің сенімі мен жұмысымыздың қауіпсіз әрі сапалы болуы», – дейді ол қарапайым қалпын сақтап.
Ильгиз әрі спортшы. Жастайынан баскетболға ынтығып, студенттік жылдары Қазақстан бойынша жастар арасындағы чемпионатта 3-орын иеленді. Универсиада ойындарында да жеңіс тұғырынан көрінді. Бірнеше жыл Шымкенттің кәсіби «Қазгурт» баскетбол командасында ойнап, командалық рух пен төзімділіктің нағыз мектебінен өтті. «Баскетбол маған шыдамдылықты, тәртіпті, бір команда үшін ортақ мақсатқа жұмыла білуді үйретті. Әр жеңіс артында тер төккен еңбек тұратынын спорт арқылы түсіндім», – дейді ол.
Қазір де спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанады. «Спорт денсаулықтың ғана емес, мінездің шынығуы. Жастардың спортқа жақын болғанын қалаймын. Өйткені спорт жігерді ұштап, өмірге деген құлшынысты арттырады», – дейді кейіпкеріміз.
Отбасын ең үлкен тірек санайтын Ильгиз үшін елге қызмет ету басты парыз. «Менің арманым туған елімнің дамуына адал еңбегіммен үлес қосу. Әр адам өз ісін шын ықыласпен атқарса, мемлекетіміздің болашағы да жарқын болады», – дейді ол сеніммен. Бос уақытын білімін тереңдетуге, жаңа технологияларды үйренуге арнайды. «Уақыт тоқтамайды, ғылым мен өндіріс те күн сайын дамып жатыр. Сондықтан әр маман үздіксіз ізденіс үстінде болуы тиіс», – деп түйіндейді ол.
Ильгиз Исхаков кәсібін жүрек қалауымен таңдаған, адал еңбегімен абырой тапқан, спортты өмірінің серігі еткен азамат. Еліне деген сүйіспеншілігі мен тынымсыз ізденісі, өз мамандығына берік адалдығы, жас ұрпаққа үлгі боларлық қасиет.