Халқымыз ежелден-ақ адал еңбекті жоғары бағалап, маңдай терімен ел игілігіне үлес қосқан жандарды ерекше құрметтеп келген. Бүгінгі таңда да «Еңбек адамына құрмет – елге құрмет» деген қағида өз мәнін жоғалтқан жоқ. Әсіресе, адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында тынымсыз қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі қай дәуірде де ел алғысына лайық. Осындай қажырлы мамандардың қатарында өзінің табандылығымен, кәсіби біліктілігімен көптің ризашылығына бөленіп жүрген Гүлсім Егембердиева да бар.
Гүлсім Жорабекқызы 1991 жылдың 21 наурызында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. Бала күнінен-ақ ол адам жанына шипа беруді өмірлік мұрат тұтты. Жас арманы оны 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан медициналық колледжіне алып келді. «Емдеу ісі» мамандығын тәмамдаған соң, сол жылы-ақ еңбек жолын бастап кетті. Еңбек жолын 2010 жылы 22 қазанда Облыстық жүйке аурулар диспансерінде аймақтық медбике болып бастаған ол бұл мекемеде 2019 жылға дейін тынымсыз қызмет етіп, тәжірибесін шыңдады. Осы жылдары кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеріп, білікті маман ретінде танылды. Ал 2019 жылдың 17 желтоқсанынан бері Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №3 қалалық аурухананың госпиталды фармация бөлімшесінде медбике болып жұмыс істейді. Бүгінде сегіз жылдық тәжірибесі бар мейірбике өз ісінің нағыз шебері атанып отыр.
Медицина саласы тек білімді ғана емес, үлкен жүрек пен мейірімге толы жанды талап етеді. Бұл қасиеттер Гүлсімнің бойынан айқын көрінеді. «Әр науқастың көңілін тауып, оған сенім сыйлау біздің ең басты міндетіміз. Медициналық құжатты мұқият жүргізу, дәрі-дәрмекті уақытында беру адамның тағдырына деген жауапкершілікті білдіреді. Сондықтан әр күніміз өте қымбат», – дейді ол.
Ол тек кәсіби міндетін ғана емес, қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарып келеді. Ұжымының сеніміне ие болып, жас мамандарға әрдайым бағыт-бағдар көрсетіп, тәжірибесімен бөліседі. Әріптестері оны еңбекқор, сабырлы әрі мамандығына шексіз берілген жан деп сипаттайды.
«Жұмысшы мамандықтарының жылы әр саладағы қарапайым еңбек иесінің мәртебесін көтеруге мүмкіндік беретін кезең. Медицинадағы әр күн сынаққа толы. Бірақ мен өз мамандығымды ештеңеге айырбастамаймын. Себебі адам өмірін сақтау ең ұлы миссия», – дейді ол сеніммен.
Гүлсім Жорабекқызының қажырлы еңбегі жас буынға үлкен өнеге. Оның қарапайым, бірақ жауапкершілігі зор жұмысы нағыз ерлікке пара-пар. Адам өміріне араша түсіп, денсаулық сақтауға үлес қосқан мейірімді мейірбике ел мақтанышы. Осындай жандардың еңбегі барда қоғамның да, елдің де болашағы берік болары сөзсіз.