Ақ халатқа адалдық

 image.png     

Аурухананың тыныштығы мен тынысы әр сәтте адам өмірінің құндылығын еске салады. Сол тыныстың ортасында науқастың әр деміне жанашырлықпен қарап, жан-тәнімен қызмет ететін адамдар бар. Шымкент қалалық №3 ауруханасының нейроинсульт орталығында 18 жыл бойы қызмет атқарып келе жатқан жоғары санатты медбике Нозила Юнусметова дәл сондай адал жандардың бірі. 

    1985 жылы 6 наурызда Сайрам ауданы, Сайрам ауылында дүниеге келген Нозила бала кезінен-ақ адамдарға көмектесуді, жарасын жазып, көңілін емдеуді армандапты. «Кішкентайымнан ақ халат киген дәрігерлерге қызығып, соларға ұқсағым келетін. Ауруханаға барғанда медбикелердің әр қимылын бақылай беретінмін. », – деп еске алады ол.

     Арман оны 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жанындағы орта кәсіби білімді мамандар даярлау факультетіне алып келді. «Акушерлік іс» мамандығын тәмамдаған соң, Нозила ақ халатын киіп, үлкен жауапкершілікке толы мамандыққа батыл қадам жасады.

    Алғашқы жұмыс орны  облыстық перинаталдық орталық. 2006 жылдан бастап осы жерде акушер болып қызмет етіп, жаңа өмірдің бастауына куә болды. Кейін қарқынды терапия және реанимация бөлімшесінде медбике болып еңбек етті. «Реанимацияда әр секунд қымбат. Ол жерде қателесуге болмайды. Көз алдыңда адамның өмірі үшін күрес жүріп жатады. Сол кезде мейірім мен сабырдың құны қандай екенін ұқтым», – дейді ол.

   2017-2019 жылдары №3 қалалық аурухананың перзентхана бөлімшесінде нәрестелер патологиясы бөлмесінде жұмыс істеді. 2019 жылы терапия бөлімшесіне ауысып, науқастарға сапалы қызметін жалғастырды. Ал 2021 жылдан бері сол аурухананың нейроинсульт орталығында жоғары санатты медбике ретінде абыроймен еңбек етіп келеді. COVID-19 пандемиясы медицина саласындағы ең үлкен сынақтардың бірі болды. Нозила Юнусметова сол ауыр шақта да алдыңғы шептен табылды. 

       Нозила өзінің мамандығына деген көзқарасын былай түйіндейді:«Медбике тек дәрі егуші емес, ең алдымен жанның емшісі. Науқас сенің көзіңнен мейірім мен сенім көрмесе, ешбір дәрі шипа болмайды. Мен үшін әр науқас  бір әлем».

    Оның осы ұстанымы әріптестері мен науқастарына жақсы таныс. Сабырлы мінезі, жауапкершілігі және кәсіби шеберлігі үшін әріптестері ерекше құрметтейді. Ол медициналық құжаттамаларды да мінсіз жүргізіп, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуына белсене қатысып келеді. Медицина саласындағы қажырлы еңбегі үшін бірнеше мәрте алғыс хаттар мен грамоталарға ие болған.

       2025 – Жұмысшы мамандықтарының жылы. Бұл Нозила сияқты адал еңбектің иесін дәріптейтін кезең. Мейірімі мен кәсіби шеберлігі талай жанға шипа болып келеді. Осындай жанкешті мамандардың арқасында ғана елдің денсаулығы жақсарып, медицина саласы алға басуда.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер