Шымкентте түнгі тыныштықты бұзғандарға айыппұл күшейді

 image.png       

     Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында қала тұрғындарының алаңдаушылығын тудырып отырған өзекті мәселеге тоқталды. Соңғы айларда мегаполис аумағында түнгі мезгілде пиротехникалық бұйымдарды қолдану арқылы тыныштықты бұзу фактілері жиілегенін мәлімдеді. Миллионнан астам халқы бар шаһарда түнгі тыныштықты сақтау мәселесі әрдайым маңызды болып келеді. Әсіресе, бейберекет атылған отшашулар мен түрлі салюттер тұрғындардың ұйқысына ғана емес, өрт қауіпсіздігіне де айтарлықтай қауіп төндіреді. Осыған байланысты қала әкімдігі мен Полиция департаменті бірлесіп, заңдылықты нығайтуға бағытталған кешенді алдын алу шараларын қолға алған.

     Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін түнгі рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Әсіресе, пиротехникалық бұйымдарды қолдануы ықтимал ойын-сауық орындары мен ашық алаңдар ерекше бақылауға алынған. Қала орталығындағы Бәйдібек би ескерткіші маңайы, адам көп жиналатын демалыс аймақтары мен саябақтарға патрульдік полиция жасақтары жиі жұмылдырылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Учаскелік инспекторлар да кешкі уақытта түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізуде. Бұл бағыттағы қатаң шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Жыл басынан бері белгіленбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны ушін 123 жеке тұлғаға хаттама толтырылып, істер сотқа жолданған. Нәтижесінде, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, жалпы сомасы 9 миллион 672 мың 720 теңгеге жеткен.

     Бұдан бөлек, тұрғындардың түнгі тыныштығын сағат 22:00-ден кейін бұзу деректері де азаймай тұр. Биылғы есеп бойынша дәл осы себеппен 4 675 тұлғаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, жалпы көлемі 66 миллион 973 мың 820 теңге айыппұл салынған. Бұл деректер қала тұрғындарының заң талаптарын сақтаудың маңызын айқын көрсетеді және қоғамдық мәдениеттің деңгейін бағамдауға мүмкіндік береді.

 Пиротехникалық бұйымдарды қолдануға толық тыйым салынбағанымен, оларды тек арнайы лицензиясы бар кәсіпкерлер ғана сата алады. Сондай-ақ салюттер мен отшашуларды пайдалану үшін өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келетін арнайы бөлінген қоғамдық алаңдар белгіленген. Мұндай алаңдар негізінен мерекелік іс-шаралар мен мемлекеттік деңгейдегі той-думандарға арналған. Ал белгіленбеген аумақтарда салют ату заңмен қатаң шектелген және әрбір азаматтың жауапкершілігін талап етеді.

   Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын қорғау қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Рейдтік тексерулер одан әрі жалғасады. Тәртіп сақшылары тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, өзара сыйластық пен мәдениеттілікті ұстануға үндейді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер