Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің мән-маңызын кеңінен түсіндіріп, бұл шараның еңбек нарығын дамытудағы ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, еңбек – мемлекеттің басты тірегі, елдің өркендеуінің қозғаушы күші. Әр азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылуы қоғамның экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығының негізгі кепілі екеніне ол айрықша назар аударды.
Қыркүйектің соңғы жексенбісі елімізде Еңбек күні ретінде тойланатын айтулы мереке. Осы мереке аясында Шымкенттің көрікті орындарының бірі «Арбат» демалыс аймағында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Сағат 10:00-де басталған «Еңбек – елдің мұраты» атты ауқымды шара қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырып, еңбек мерекесінің шынайы рухын сездірді. Жәрмеңке жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір алаңда тоғыстырып, олардың тікелей қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді.
Сәрсен Абайұлының мәліметінше, биылғы жәрмеңкеге Шымкент қаласынан 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, түрлі сала бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың қатарында өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету, сауда және заманауи технология бағытында көш бастап тұрған ірі кәсіпорындар бар. Мәселен, «Бал Текстиль», «PetroKazakhstan», «Asia Trafo», «NURTAU distribution company», «KARLSKRONA» секілді алпауыт компаниялардан бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін өздерінің нақты ұсыныстарымен келіп, үміткерлерге ашық талаптарын жариялады. Әрбір жұмыс беруші қатысушыларға толыққанды ақпарат беріп, мамандық ерекшеліктерін түсіндіріп, еңбек шарттары мен жалақы көлеміне дейін егжей-тегжейлі баяндап, үміткерлермен бетпе-бет тілдесті.
Жәрмеңкенің тағы бір маңызды қыры, еліміздің солтүстік өңірлерінен келген делегаттардың белсенді қатысуы болды. Олар ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша кеңес беріп, басқа облыстардағы еңбек нарығының ахуалы мен әлеуметтік жеңілдіктері туралы толық мәлімет ұсынды. Бұл бастама жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, аймақтар арасындағы экономикалық теңгерімді сақтауға және елдің демографиялық дамуына оң ықпал ететін маңызды қадам саналады.
Іс-шара барысында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, өз саласында қажырлы еңбегімен дараланған азаматтар да назардан тыс қалмады. «Еңбек жолы – 2025» және «Парыз – 2025» республикалық конкурстарының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталып, көпшілік алдында құрметке бөленді. Олар жас буынға шынайы үлгі боларлық табандылығымен, кәсіби шеберлігімен және отаншылдық рухымен ерекшеленіп, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін айқындай түсті.
Осындай кең ауқымды жәрмеңке еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың үйлесуіне, жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіпорындардың кадр тапшылығын жоюға елеулі серпін береді. Мұндай бастамалар тек жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, елдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Еңбектің қадірін ұлықтаған бұл шара қаладағы әрбір тұрғынға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, еңбек адамын құрметтеу дәстүрін нығайтты.