Жаңарған теміржол өткелі ашылды

image.png

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында Еңбекші ауданы, Қойкелді Батыр – Ақназархан көшелерін жалғайтын теміржол өткелінің толық жөндеуден өтіп, қайта ашылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл нысан қала тұрғындары үшін көлік қозғалысын жеңілдетіп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық өткелдің бірі болып табылады. Жылдар бойы қала өмірінің күретамыры саналатын бұл өткелдің қайта жаңаруы Шымкенттің инфрақұрылымдық дамуы жолындағы үлкен қадам саналады.

    Теміржол өткелінің құрылыс жұмыстары өткен жылдың көктемінде басталған. Бастапқыда мерзім жеті ай деп жоспарланған. Сонымен қатар, «ҚТЖ» Ұлттық компаниясымен жасалған келісімге сай жұмысшыларға күн сайын тек екі сағат қана жұмыс істеуге рұқсат берілген. Соған қарамастан мердігер мекеме жөндеу ісін бес айдың ішінде толық аяқтаған. Бұл құрылысшылардың кәсібилігі көрсетті.

     Күрделі жөндеу кезінде көпірдің барлық негізгі құрылымдық элементтері жаңартылған. Ұзындығы 15–18 метрлік 57 дана арқа орнатылған. Аралық тіреуіштері мен жүріс бөлігі толық ауыстырылып, тірек бөлігі мен дөңестік жаңа материалдармен жаңартылып, өтпелі плита мен еңіс бөлігі қайта жасақталған. Деформациялық жіктерде назардан тыс қалмапты. Ал,  қоршаулар мен бөгеттік қоршаулар жаңадан салынған. Су бұру жүйесі мен дренаж толық жаңартылып, тірек ростверкі мен іргетас құйылған. Нәтижесінде, жаяу жүргіншілердің еркін және қауіпсіз қозғалысына жағдай жасалған.

    Айта кетерлігі, Қойкелді Батыр – Ақназархан көшелерін байланыстыратын бұл өткелдің тарихы тереңде жатыр. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған, жарты ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз қызмет көрсеткен өткел біртіндеп тозып, апатты жағдайға жеткен. Тіпті,  көлік қозғалысын да, тұрғындардың күнделікті қатынасын да айтарлықтай қиындата бастаған болатын.

    Енді, міне, күрделі жөндеуден кейін көпір қаланың басты артерияларының біріне айналып, заманауи талаптарға толық сай келетін деңгейде қайта жаңғырды. Жол төсемінің беріктігі артты. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қозғалыс жолақтары қайта белгіленді. Көлік кептелісі азайды. Жүргізушілердің уақыты үнемделді. Жаяу жүргіншілер үшін кең тротуар салынды.

  Сәрсен Абайұлы өткелдің маңызын тағы да атап өтті. Ол Шымкенттің әрбір тұрғыны жол қатынасының қаншалықты маңызды екенін жақсы білетінін айтты. Қаладағы әрбір инфрақұрылымдық жоба сапалы және уақытылы аяқталуы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қойкелді Батыр – Ақназархан өткелі – тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін маңызды нысан. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер