Қала тұрғындарының күнделікті тіршілігін ыңғайлы қоғамдық көлік жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Таңертеңгі жұмысқа асыққан жұрт пен кешкісін үйіне оралған халық үшін қоғамдық көлік ең қажетті қызметтің бірі екені сөзсіз. Соңғы жылдары мегаполис мәртебесін иеленген Шымкент бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету қала әкімдігі назарындағы басым бағыттардың бірі болып қала беруде. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы жиында баяндап, соңғы атқарылған шаралар жайында кеңінен тоқталды. Сөзіне сенсек, жол қозғалысын реттеу, инфрақұрылымды жетілдіру, автобустар паркінің тозығын алмастыру сияқты кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, жыл сайын жаңа қарқын алып келеді.
Осы игі істердің айғағы ретінде қала көшелеріне тағы 30 жаңа автобустың қосылғанын айтуға болады. Бұл жолы шаһар даңғылына халықаралық стандарттарға толық сай келетін, заманауи үлгіде жасалған Yutong маркалы автобустар шықты. Ұзындығы 10 метрге жететін, 85 жолаушыны еркін сыйдыра алатын бұл техникалар қала тұрғындары үшін нағыз қолайлылықтың үлгісі болып отыр. Жанармай ретінде дизель отынын қолданатын көліктер экологиялық талаптарға сай, ауаға бөлінетін зиянды қалдық мөлшері аз, әрі ұзақ мерзімге қызмет етуге бейімделген. Тағы бір маңызды жайт бұл автобустар елімізде құрастырылған отандық өнім. Қарағанды қаласындағы «Qaz Tehna» ЖШС зауыты 2025 жылы өндіріске енгізген жаңа үлгілер бүгінде Шымкент көшелерінің көркін келтіріп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуде. Отандық өндіріс есебінен көлік паркін жаңарту ел экономикасына да, жергілікті кәсіпорындардың дамуына да тың серпін беретіні анық.
Жаңа автобустар №150 және №146 бағытында қатынайды. Жолаушыларды тасымалдауды жаңадан құрылған «Bozjorga Bus» ЖШС жүзеге асырады. Бұл компанияның нарыққа қосылуы қаладағы қоғамдық көлік жүйесінің бәсекелестік қабілетін арттыруға жасалған маңызды қадам саналады. Жаңадан келген тасымалдаушы мекеме өз жұмысын жоғары стандарттарға негіздеп, сапалы қызмет көрсетуге баса назар аударып отыр. Қала тұрғындары енді жайлы орындықтары бар, кең салонды, салқындатқыш жүйесімен және заманауи қауіпсіздік құрылғыларымен жабдықталған автобустардың қызметін еркін пайдалана алады.
Бұған қоса, алдағы жылдары тағы да бірқатар бағыттарға жаңа автобустар алу қарастырылған. Қала әкімдігі қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек. Жаңарған автобустар осы үлкен істің алғашқы қадамы ғана.
Шымкенттіктер енді күнделікті сапарларында жаңа деңгейдегі қызметті көріп, заманауи автобустарда жайлы да қауіпсіз жол жүру мүмкіндігіне ие болып отыр. Қаланың көлік жүйесін жетілдіру арқылы әкімдік тұрғындардың өмір сапасын арттыруды, мегаполистің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуды мақсат етеді. Бұл бастамалар қалаға келетін қонақтардың да ыңғайлы қозғалуына жағдай жасап, Шымкенттің заманауи мегаполис ретіндегі беделін бекемдей түсетіні анық.