Шымкент қарияларына бір реттік қолдау көрсетіледі

image.png

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы қаладағы зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары туралы өткен брифингте кеңінен баяндады. Оның айтуынша, қарттарға қамқорлық қоғамның адамгершілік өлшемі ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Сондықтан  жауаптылар егде жастағы азаматтардың денсаулығын жақсартуға, тұрмысын жеңілдетуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды тұрақты жалғастырып келеді.

         1 қазан – Қарттар күні қарсаңында Шымкент қаласында ерекше мейірім мен қамқорлыққа толы бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Әкім орынбасары атап өткендей, мереке аясында 70 жасқа толған және одан асқан зейнеткерлерге 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 11 796 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Ал 80 жастан асқан жалғызілікті қарияларға ай сайынғы негізде 2 АЕК – шамамен 7 864 теңге көлемінде тұрақты ақшалай төлем тағайындалған. Бұл жасы ұлғайған, қамқорлыққа зәру жандар үшін үлкен демеу әрі күнделікті тұрмысын жеңілдетуге елеулі көмек.

         Қаладағы қарттарға жасалған тағы бір маңызды жеңілдік қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі. 70 жастан асқан барлық зейнеткерлер бұл игілікті еркін пайдалана алады. Сонымен қатар, рухани және ақпараттық қолдау ретінде зейнеткерлерге баспасөз басылымдарына тегін жазылу дәстүрі де бар. Бұл көмек жылына екі рет, яғни әр жартыжылдықта төмендегі санаттағы аға буынға ұсынылады:

- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

- Жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

- Еңбек ардагерлеріне.

     Бүгінде Шымкент қаласында 99 216 зейнеткер тұрады. Олардың ішінде біреуі Ұлы Отан соғысының тікелей қатысушысы, 2 135 соғысқа теңестірілген ардагер, сондай-ақ 1 482 тыл еңбеккері бар. 

         Зейнет жасындағы азаматтардың денсаулығын нығайту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Жергілікті бюджет есебінен жыл сайын 7 мыңнан астам қарияға санаторлық-курорттық ем қабылдауға жолдама беріледі. Бұл бағытта «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мемлекеттік мекемесі маңызды рөл атқарады. 2023 жылдың қаулысына сәйкес құрылған бұл мекеме бүгінде зейнеткерлерді сауықтырудың негізгі орталығына айналған.

      Сәрсен Абайұлының айтуынша, аталған мекемеде әр келімде бір мезгілде 120 адамды қабылдауға толық мүмкіндік бар. Қысқа мерзімдік емдеу курстары үшін барлық жағдай жасалған: заманауи құрал-жабдықтар, кәсіби дәрігерлер мен жайлы бөлмелер зейнеткерлердің көңіліне қуат сыйлайды.  

     Брифинг соңында Сәрсен Абайұлы Шымкенттің әлеуметтік саясаты алдағы уақытта да осы бағытта жүйелі түрде жалғасатынын, қарттарға қамқорлық көрсету  басты міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер