Шымкенттің шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Еңбекші ауданы бүгінде қаланың аумағы кең, халқы тығыз шоғырланған аймақтарының қатарында. Жалпы көлемі 22,8 мың гектарды қамтитын бұл өңірде 228 мыңнан астам тұрғын тұрады. 18 тұрғын алап пен 11 шағынауданнан тұратын аудан соңғы жылдары қарқынды дамып, инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Осыған орай Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлы журналистерге арналған брифинг өткізді. Кездесуде ол ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын, инженерлік инфрақұрылымның жаңартылуын және алдағы жоспарларды кеңінен баяндап берді.
Аудан әкімдігі тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, мәселелерді дер кезінде шешуге айрықша көңіл бөледі. Әсіресе инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа әлеуметтік нысандар салу және қолайлы қалалық орта қалыптастыру басты міндеттердің қатарында. 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы осы мақсатта жасалып, нақты нәтижелерін беруде. Бағдарлама аясында ауыз су, электр желісі, табиғи газ, кәріз жүйесі және жол құрылысы бойынша маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан халқының 97 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, денсаулық пен экологиялық ахуалға да оң әсерін тигізетін маңызды жетістік. 2025 жылы Жастар көшесі мен Қазығұрт станциясы маңындағы бірнеше аумақты қамтитын жаңа су желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өттіпті. Қаржы бөлу алдағы жоспарға енгізіліп, іске асырылуы көзделуде.
Электрмен жабдықтау деңгейі де жоғары, 99,8 пайызға жеткен. Өткен жылы 16,7 шақырымдық электр желісі жаңартылып, 9 трансформатор ауыстырылған. Биыл тағы 4,7 шақырым желі жөндеуден өтіп, 3 жаңа трансформатор орнатылыпты. Сонымен қатар «Сайрам» жобасы бойынша Исфиджаб пен Достық тұрғын алаптарында жеке меншік желілерді мемлекеттік жүйеге көшіру басталып, 2026 жылдың үшінші тоқсанында толық аяқтау жоспарлануда. Бұл жұмыс электр қуатының үздіксіз берілуін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Аудан тұрғындарының 97 пайызы табиғи газға қосылғаны да айтарлықтай жетістік. Қарабастау, Жұлдыз, Жалын және Қаратөбе елді мекендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары сәтті аяқталып, қазір абоненттеу кезеңі жүріп жатыр. Бұл қысқы маусымда тұрмыстық жайлылықты арттыруға, экологиялық тазалықты сақтауға ықпал ететін маңызды қадам.
Кәріз жүйесін тарту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Бүгінде қамту деңгейі 41 пайызға жеткен. «Ұлағат» шағынауданында құрылыс аяқталып, Жұлдыз бен Базарқақпа тұрғын алаптарында көпқабатты үйлерге кәріз желісі тартылуда. Қосымша 11 көшеге инженерлік жобалар дайындалып, алдағы кезеңде іске асырылмақ. Бұл жұмыстар аяқталған соң, тұрғындардың санитарлық жағдайы едәуір жақсарып, экологиялық қауіп-қатер де азаяды.
Көшелердің атауы мен нөмірін жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылы 192 көшеге 7 мыңнан астам тақтайша орнатылған. Биыл бұл жұмыс 207 көшеде жалғасып, жылдың соңына дейін толық аяқталмақ. Бұл өзгерістер қала картасының дәлдігін арттырып, тұрғындар мен қонақтар үшін навигацияны жеңілдетеді.
Жалпы алғанда, Еңбекші ауданының соңғы жылдардағы дамуы қала халқы үшін маңызды әрі қуанышты көрсеткіш. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу, көше жолдарын ретке келтіру сияқты игі істер тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартып қана қоймай, ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашуда. Қаланың қарқынды өсімімен бірге Еңбекші ауданы да жаңарып, тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи орталыққа айналып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің әлеуетін еселей түсетіні сөзсіз.