Әл-Фараби ауданы сегіз айда айтарлықтай өзгерді

image.png

Сегіз айдың ішінде Шымкент қаласының жүрегі саналатын Әл-Фараби ауданында қыруар жұмыс атқарылып, халық тұрмысына тікелей әсер ететін игі істер толассыз жалғасуда. Бүгінде аудан аумағында 17 шағынаудан мен 1 елді мекен бар. Мұнда 931 көппәтерлі және 16 663 жеке тұрғын үй бой көтерген. Халық саны 266 мыңнан асып, инфрақұрылым толығымен жаңғыртылған: ауыз су, электр қуаты, табиғи газ әр шаңыраққа жеткізілген. 390 көшенің бәрінде қозғалыс қызу, 257 әлеуметтік нысан да толыққанды қызмет етіп тұр.

        «Халық қатысатын бюджет» жобасы  елді мекеннің ажарын айшықтаған бастамалардың бірі. Бұл арқылы тұрғындар өз ауласын өз қолымен көркейтуге мүмкіндік алды. Биылдың өзінде 33 балалар ойын алаңы мен 2 заманауи спорт алаңы жасақталып, балалар мен жастардың шаттық мекеніне айналды. Бұған қоса, тағы бес аулаға жөндеу жүргізіліп, келесі жылдары 56 аула кезең-кезеңімен жаңарып, 2027–2028 жылдары қосымша 52 аула абаттандырылмақ. «Әл-Фараби» КММ мен демеушілердің демеуімен 9 ашық спорт алаңы да жаңарған, бұл  тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына кең жол ашқан игі іс.

       Көшелердің жарықтандырылуы да ерекше қарқын алған. 2025 жылға дейін 133 көшеге жарық шамдары орнату көзделсе, соның 42-сі бүгінде жарқырап тұр. 112 көппәтерлі үй ауласының 63-інде шамдар орнатылып, қалған 49 ауладағы жұмыс жыл соңына дейін тәмамдалмақ. Жарығы мол, жарығы нұрлы көшелер қала келбетінің айнасы екені анық.

       Жол құрылысы да алға озған. 390 көшенің 365-і сапалы асфальтпен көмкеріліп, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. 2025 жылға жоспарланған 25 көшенің 18-і толық жаңарған, қалған 7 көшеде құрылыс жалғасуда. Ескі жабындыны жаңарту бағытында да ілгерілеу бар: 85 көшенің 23-і толықтай жаңғыртылып, жыл соңына дейін тағы 62 көше жаңа кейіпке енбек. Аулаларды ретке келтіруде «Әл-Фараби» КММ айрықша еңбек еткен: 59 аулаға асфальт төсеу жоспарланып, оның 40-ында 1500 тонна асфальт жайылған. Қалған 19 аула қазан айында толық жаңармақ.

       Көпқабатты үйлердің сыртқы бейнесі де жаңаша түрге енді. 2025 жылға межеленген 21 көпқабатты үйдің қасбеті жарықтандырылып, бұл іске 33 миллион теңге бөлінген. Бұған қоса, 11 үйдің қабырғасына сән беретін көркем муралдар салынып, шаһардың көркін айшықтап тұр. Бұл жобаларға 7,1 миллион теңге жұмсалған.

          Қысқы маусымға дайындық та жоспарлы түрде жүргізілді. 931 көппәтерлі үйдің 861-і орталық жылу жүйесіне қосылған. Сығымдау жұмыстарының нәтижесінде 832 үй немесе 97 пайызы жылыту маусымына сақадай сай.

        Сауда орындарын жаңғырту ауданның экономикалық тынысын арттырған бағыттың бірі. «Орталық Қырғы» базарында ішкі әрлеу, шатыр орнату және заңсыз сауда нүктелерін реттеу жұмыстарының жартысы аяқталған. «Назым апа» мен «Көктем» базарларында да демонтаж және жаңа павильондар салу қарқын алған.

       Тазалық та басты назарда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 41 сенбілік өткізіліп, 8000 адам мен 190 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 504 тонна қоқыс шығарылып, қала көшелері тазара түсті. Қала келбетін ұдайы ұқыпты ұстау үшін 13 негізгі көшеге 275 қоқыс жәшігі орнатылған.

       Осылайша, сегіз ай ішінде Әл-Фараби ауданы көркейіп, инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік нысандар жаңғырған. Жолдар сапалы жасалып, көшелер жарықтанып, тұрғындар үшін жайлы өмір сүрудің барлық мүмкіндігі жасалған. Бұл – атқарылған ауқымды еңбектің айқын айғағы.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер